Жастар.kz

Жұмылдырып жастарды, жаңа маусым басталды

Биыл студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары 1 489-дан аса жасты жұмыспен қамтымақ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен елімізде 2005 жылдан бастап Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы жанданып келеді. Бұл, әрине, жалынды жастардың жазғы демалысын тиімді өткізуге бағытталған баянды бастама. Бір ғана мысал, жарқын жоба қолға алынған жылдардың ішінде тек студенттік құрылыс жасағының өзі біздің облысымыздың сегіз мыңға жуық жасын жұмыспен қамтыпты.
Ал, кеше ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябағында кезекті еңбек маусымы салтанатты түрде ашылды.
Айта кету керек, студенттік құрылыс жасақ­тарының жауынгерлері Елбасының бағдар­ла­ма­сынан бастау алған мекемелер мен мек­теп­тер, ауруханалар мен балабақшалардың және басқа да әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне атсалысуда. Биыл да бұл дәстүр өз жалғасын тауып, 14 жасақтан құралған 218 студент жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ықпалымен облыстан 11 мыңнан астам жас жұмылдырылды. Олар аумақты көгалдандыруға, елді мекендер көшелерін, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға, спорттық кешендер мен өзен жаға­лау­ларын қалпына келтіруге атсалысқан.
Осы маусымда облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамында белсенділік танытқан жастарды көтермелеу, еңбекқорлыққа шақыру, экология­лық мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр екен. Жоба аясында жұмыссыз жастарды, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерін маусымдық жұмыспен қамтымақ.
Салтанатты шараның ашылуында сөз алған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрудағы даңғыл жол екендігін тілге тиек етті.
– Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде, «Қазақстан еңбек қоға­мы­на айналуы қажет», – деп айтқан бола­тын. Мем­лекетіміз осы бағытта бола­ша­ғы айқын бастамалар көтеріп, оны іс жүзіне асырып келеді. Осы орайда, еңбексүйгіш жастардың нағыз ордасына айналған Елбасының игі баста­ма­ларының бірі болып табылатын студенттік құрылыс және «Жасыл Ел» еңбек жасақтары ұйымдарының алар орны ерекше. Қазіргі таңда аталған ұйымдардың жұмысы жүйелі. Бүгінгі күні студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары ұйымдары облысымызда 13 жыл қатарынан жүйелі жұмыстар атқарып, 17 мыңнан аса студент жастардың жазғы еңбек демалыстарын тиімді пайдалануына септігін тигізіп келеді, – деді Мәди Мейірбекұлы.
Бұдан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков сөз тізгіндеп, еңбек жасақтарының қатарына оқу орнынан 140 студент алынғанын жеткізді. Сонымен қатар, облыстық ішкі саясат басқар­масының бөлім басшысы Айбек Әжібаев өзінің еңбек маусымындағы естеліктерімен бөлісіп, жасақ жауынгерлеріне сәттілік тіледі.
Жалпы, биыл республикалық трансферт есебінен Тараз қаласы мен аудандарда «Жасыл ел» еңбек жасағындағы жастарды уақытша еңбекпен қамтуға 44,2 миллион теңге, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 28,7 миллион теңге қаржы қаралыпты. Осы қаржының негізінде жыл соңына дейін 1 289 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр екен. Одан бөлек, биыл жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы 200-ден астам жасты студенттік құрылыс жасақтары сапында Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс, күрделі жөндеу нысандарына жұмысқа тарту да жоспарланған.
Еңбек маусымының ашылу салтанатынан соң осы салаға жауапты мамандар өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында бри­финг өткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР