Жұмыс істемейтін жұмысшы топтан не пайда?

0 18

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапараевтың төрағалық етуімен өткен штаб отырысында Тараз қаласының ирригациялық жүйелерін қалпына келтіру мәселесі талқыланды. Жиынды ашқан өңір басшысы мәселенің өзектілігіне назар аударды.
– Өткен жылы Тараз қаласының су жүйелерін реттеу мақсатында арнайы жұмысшы тобын құрған болатынбыз. Облыс әкімінің орынбасары Берік Болатұлы жетекшілік ететін топтың мүшелігіне құқық қорғау, жергілікті атқарушы орган басшыларымен бірге қоғамдық ұйымның өкілдері де кірген. Одан бері де біраз уақыт өтті. Өкінішке қарай әлі де болса жұмысшы топтан нақты ұсыныс жоқ. Енді бірнеше аптадан кейін көктем келеді. Сонда арық-каналдарда кедергісіз су ағып жатуы керек.
Кезінде облыс орталықтарының ішіндегі ирригациялық жүйелерінің ең жақсы жасалғаны Тараз қаласы болатын. Барлық каналдар бір-бірімен байланысады. Арықтармен еркін су ағады. Сондықтан барлық мүмкіндікті пайдаланып, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруіміз қажет, –деді Б. Машбекұлы.
Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары Берік Болатұлы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін баяндады.
– Тараз қаласының аумағында жалпы ұзындығы 82,5 шақырымды құрайтын 8 канал және 12,7 шақырымды құрайтын 2 дренаж канал орналасқан. Оның ішінде 6 канал және 2 дренаж каналы қала әкімдігінің коммуналдық меншігінде және «Базарбай» каналы ҚазСуШар РМК теңгерімінде. Сонымен қатар «Түйте» каналы «Түйте суы» серіктестігінің меншігінде. Бұдан бөлек Тараз қаласының аумағында «ҚазСуШар» РМК теңгеріміндегі Талас су торабындағы 1 гидротехникалық құрылыс жұмыс істеуде.
Ирригациялық арық жүйелерінің жалпы ұзындығы 164 шақырымды құрайды. 2020 жылы қаланың ирригация жүйелерін тазалау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 150 миллион теңге бөлініп, «Тараз-Ирригация» серіктестігі мен канал арналары мен арық жүйелері тазаланған.
Жерасты суларының деңгейін төмендету мақсатында Байзақ батыр көшесінен Саңырақ батыр көшесіне дейін ұзындығы 1,4 шақырым «Тайвань алқабын құрғату» дренаж каналы және «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабындағы «Үшбұлақ» каналының 800 метр арнасы, Шостакович көшесі мен Тәуке хан көшесі аралығындағы «Қарасу-2» каналы механикалық тазалаудан өткізілді. Бұдан бөлек, бюджет қаражаты есебінен 58,2 миллион теңгеге Айша бибі және Тәуке хан көшелерінің бойындағы дренаж каналдарына және 77,6 миллион теңгеге «Үшбұлақ» каналы мен «Әулие-Ата» халықаралық әуежайының маңындағы дренаж каналының арналарына тазарту жұмыстары жүргізілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 19 көшедегі арық жүйелерінің 21,3 шақырым лоток жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізілген.
Ағымдағы жылы ирригация жүйелерін тазалау жұмыстарына жалпы 90,0 миллион теңге қарастырылып, оның ішінде 10 миллион теңгесі Қант зауыты мен Тектұрмас алқаптарындағы ирригация жүйелерін тазалау жұмыстарына көзделсе, қалған 80 миллион теңгеге «Үшбұлақ» канал арнасын механикалық тазалау жұмыстарына бағытталады.
Сонымен қатар Тараз қаласының көшелерінде лотоктарға арналған тарату шлюздерін орнатуға қажеттілік зерделеніп, оған қажетті қаржы көлемі есептелді, сметалық құны 93 миллион теңгені құрады. Қазіргі уақытта қала әкімдігімен аталған жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алуға хабарлама берілді, – деді Б.Болатұлы.
Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы жұмысшы топтың жұмысын ширату керек айтып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.
–Сіздерге бір жылда барлық каналды, арық-атызды тазалап тастаңыздар деп жатқан ешкім жоқ. Әр жылға кезең-кезеңімен бөліңіздер. Биыл 20 шақырымын, келесі жылы тағы 20 шақырымын қалпына келтіріңіздер. Жұмыстарыңыз өте нашар. Егер дәл осылай жұмыс жасаңыздар ешбіріңізге кешірім болмайды,–деді Б.Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.