Doda

Жұмыс неден басталуы керек?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілегені көп жастың көкейіне үміт ұялатқаны жасырын емес. Әрине, бұған дейін де жастар саясаты төңірегінде жарқын жобалар жүзеге асып, өскелең буынға жасалып жатқан жақсылықты жоққа шығаруға болмайды. Тіпті, кейінгі жылдары жастар кәсіпкерлігіне де көп көңіл бөлініп келеді. «Болашақ» бағдарламасының өзі талай жастың бағын ашып, білім нәрімен сусындатты. «Жастар практикасы» да жұмыс іздеген жасты жақсылығымен жарылқап келеді. Айта берсек, мұндай мысал көп. Дегенмен, жастардың өмірінде әлі де әлеуметтік мәселелер баршылық. Бар болған соң да Мемлекет басшысы келесі жылды жастарға арнап, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігін жүктеді. Ал, сол жастар жылында не істеліну керек, қандай бағдарламалар қабылдап, қай мәселеге көп көңіл бұру керек деген сияқты сұрақтар туатыны заңдылық. Осы ретте облыстық «ARAI» жастар газетінің «DODA» ой-пікір ордасында кезекті кездесу өтіп, онда жоғарыдағы сұрақтар талқыға түсті. Мемлекеттік жастар саясаты мәселесінде айтар ойы, өзіндік көзқарасы бар мамандарды жинадық. Студенттерді де тыңдадық. Бұған дейін не тындырдық, бұдан былай не істеу керек деген сауалдар бойынша өткен басқосуда қонақтарымыз сүбелі ой айтып, қоғамдық мәселенің шешу жолдарын ұсынды.

Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ, облыстық «ARAI» газетінің директор-Бас редакторы:
– Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір ай бұрын ғана халыққа арнаған кезекті Жолдауында жастардың жай-күйіне айрықша басымдық берді. Тіпті, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялайық деген ұсынысы ешкімнің таласын тудырған жоқ. Өйткені, қашанда жастарды еліміздің баянды болашағына балап, қамқорлығын аямай жүретін Мемлекет басшысының бұл бастамасы дер кезінде көтеріліп отыр. Олай болса «Жастар жылында» не істеуіміз керек? Жастардың талап-тілегі қандай? Біз не беруіміз қажет?» деген сұрақтарға осы бастан жауап іздегеніміз дұрыс шығар. Сондықтан, жиынымыздың алғашқы сөзін аймақтағы жастардың көшбасшысы, жастармен тікелей жұмыс істеп отырған басқарманың басшысы ретінде Мәди Мәтенге берсек.
Мәди Мейірбекұлы, басқарма келесі жылға қандай жоспар қойып отыр? Жастармен жұмыс қай бағытта өрбімек?
Мәди МӘТЕН, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
– Жастар саясаты – бұл өте үлкен, жауапкершілігі мол, ауқымды мәселе. Елбасы Н.Ә.Назарбаев келесі жыл жастардың жылы болсын деген бастамасымен кезекті рет өзінің жастардың жанашыры, қамқоршысы екенін танытты. Дегенмен бізге үлкен жауапкершілік, зор сенім артылып отыр. Жуырда ғана облыс әкімдігінде күн тәртібінде жастар мәселесі көтерілген үлкен жиын өтті. Сонда бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдар өкілдерінің басы қосылып, біраз ұсыныстар жинақтадық. Жалпы, бұдан түйгеніміз, жастар саясаты мәселесі тек басқарманың ғана айналысатын жұмысы емес. Басқарма жұмысты жүйелеп, үйлестіруші ғана. Біз сол жан-жақтан алған ұсыныстар негізінде өз бағытымызды айқындап, келер жылдың жоспарын, бюджетін бекіту үшін облыс әкімінің алдында болдық. Аймақ басшысы жоспардағы барлық ұсыныстарымыздың әрқайсысын егжей-тегжейлі қарап, «бұлар жастарға не береді?» деген сұрақты төтесінен қойды. Қойған бірінші талабы – бір тұрпатты, бір-бірінен айнымайтын, бұған дейін жауыр болған, берері аз жобалардан түбегейлі бас тарту. Одан гөрі оларға кететін қаржыны топтастырып, жастарға анағұрлым пайдалы дүниеге жаратуды тапсырды. Мәселен, биыл іс-шаралардың өзіне – 33 миллион, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа 56 миллион теңге қаралған. Ал, енді келесі жылдың іс-шараларына бөлінетін қаржыны 86 миллион теңгеге көтердік. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қаржысының көлемі сол күйінде қалды. Бұл тапсырыстың тақырыптары да еш өзгеріссіз қайта бекітілді. Қысқасы, облыс әкімі басқарманың өз алдына қойып отырған негізгі басымдықтарын белгілеп, әлі де толықтыра түсу үшін тағы да біршама уақытқа мұрсат беріп отыр. Бұған дейін де тың ойлар, пайымды пікірлер жинақтау мақсатында зиялы қауым өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен де бас қостық. Сол себепті, біз үшін бүгінгі отырыстың өзі үлкен олжа болғалы тұр. Өйткені, мұнда да ұтымды ұсыныстар, тың идеялар айтылады деп сенемін. Асқар Мырзахметов ең алдымен бала, әсіресе қыздар тәрбиесіне әсер ететін, ұлттық код тұрғысынан сананы жаңғыртатын, дәстүр-салтымызды дәріптейтін, яғни, алаулатып-жалаулатып құмға сіңген судай емес, артында ізі қалатын, жастарға өнеге беретін құнды шараларды, жобаларды қолға алуды жүктеп отыр.
Жалпы, жастармен жұмыс негізінен бұрынғы басымдықтарымен қала береді. Оның ішінде, осал топтағы, пробациядағы, мүмкіндігі шектеулі және Отанына оралған қандас бауырларымыз бар. Міне, осы жастарды әлеуметтендіру ісі күшеймесе, кемімейді. Одан бөлек, жастар арасындағы жұмыссыздық та басты назарда. Жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға да көңіл бөлінуде. Біле білсек, жастарға арнайы бағытталған жеңілдетілген несиелендіру жүйесі жоқ екен. Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыруға арналған облыстық актив жиынында да аймақ басшысы «Jas Рroject» жобасының тиімді тұстарына сараптама жасай отырып, оның облыстық баламасын әзірлеуді тапсырған. Сол үшін қазір облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен, «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ-мен бірлесе жоба дайындау үстіндеміз. Қысқасы, облыс әкімінің тапсырмасымен жастар саясатының мәселелері жан-жақты қамтылған жол картасының жобасы әзірленді. Бұл да жақын арада облыс әкімімен бірге талқыланатын болады. Сонымен қатар, келесі жылға жұмысымызды жүйелендіруге бағытталған 300-ден астам шараның желілік кестесін бекіттік. Онда қаладан бастап, әр аудан, әр ауылдық округ қамтылған.
Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Мәди Мейірбекұлы, бәрімізге белгілі, сонау 2000 жылдардан бері әр жыл елімізде мәдениетті қолдау, ауылды дамыту, денсаулық жылы болып бекітіліп, нақты бір бағдарламасы жасалды ғой. Осы «Жастар жылының» да тұжырымдамалық бағдарламасы керек сияқты. Іс-шаралар өз жолымен өте береді ғой. Бірақ, нақты бір бағдарлама жасауға неге күш салмасқа?
Мәди МӘТЕН:
– Әрине, үлкен мәселені айтып отырсыз. Жуырда ҚР Қоғамдық даму министрлігі ішінен тұңғыш рет Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет құрылды. Айтайын дегенім, жалпы бұл салада үлкен бетбұрыс, қозғалыс бар. Сіздің, «Дипломмен ауылға», «Серпін» сияқты тағы да үлкен жобаларды неге жүзеге асырмасқа деп айтқыңыз келіп отырғанын түсіндім. Жалпы, біз министрлікке Елбасы Жолдауы аясында түрлі ұсыныс беріп жатырмыз. Бірақ, ол анау айтқандай үлкен жобаны қамтымайды. Солардың бірі не оқуға, не жұмыс істеуге ниеті жоқ NEET жастармен жұмысты күшейтуге басымдық берілуде. Одан бөлек, жастармен тікелей жұмыс істейтін 357 қызметкері бар жастар ресурстық орталықтарының аясын кеңейтіп, статусын нақтылап алғанымыз дұрыс. Өйткені, облыстағы 357 маманның 153-і ауылдық округтерде өз әкімінің тапсырмасымен қыста қар күреп, жазда көшенің қоқысын тазалап жүр. Еңбек кодексіне сәйкес, ауылдағы әлеуметтік сала мамандарының жалақысына 25 пайыз үстемеақы қосылады. Ал, жастар ісімен айналысатын қызметкерлерде ол жоқ. Содан кейін Елбасы тапсырмасына сәйкес, ең аз жалақыға да, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысына да үстемеақы қосылғалы отыр. Еліміздегі 2 200-ден астам жастар ісіне жүктелген мамандар бұл жақсылықтардан да қалып кетейін деп тұр. Келесі бір мәселе, оларды жұмысқа қабылдайтын нақты бір біліктілік талаптары да бекітілмеген. Біз қазір ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бұйрығымен бекітілген жалпылама ереже бойынша жұмысқа қабылдап жүрміз. Онда ешқандай біліктілік талабы жоқ. Тек, педагогикалық, гуманитарлық бағыттағы дипломы болса жеткілікті.
Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Нәтижесін тест тапсырғанда көрдік қой…
Мәди МӘТЕН:
– Иә, біліктіліктерінің нәтижесі көңіл көншітпеді. Орташа бағалары «3» болды, «екілік» алғандары қаншама. Енді облыс әкімі мен аудан әкімі арасында жасалған индикаторлық көрсеткішке жастар мәселелерін де кіргізіп қойдық. Осы индикатор кәдімгідей қамшы болып тұр.
Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
Редакциямызға келіп тұратын хаттардың ішінде ҚР «Жастар саясаты туралы» Заңның 1-бабының, 3-тармағы бойынша жастар санатының шектік жасын 29-дан 35-ке дейін ұзартса деген ұсыныстар жиі айтылады. Осыған қандай ой қосасыздар?
Жасұлан ӘБДІХАЛЫҚ, облыстық «JAMBYL» телеарнасының директоры:
– Негізі менің пікірім бұған кереғар. Керек болса 29-жастан 25-ке түсіргенін қолдар едім. Өйткені, 29-дағы жігіт кәдімгі өз-өзіне жауап бере білетін, отбасын асырай алатын зіңгіттей азамат қой. Егер 35-ке көтеретін болсақ, ол санатқа «шалдар» да кіріп кетеді. Осы жиырма тоғызының өзінде мен әлі жаспын деп, түк бітірмей жүргендер де бар. Егер 35-ке көтеретін болсақ, онда жұмыссыздар статистикасы да, осал топтағы жастар саны да, қысқасын айтқанда жұмыс ауқымы, проблема шаш етектен болып кетеді. Одан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар арқылы көп мәселе шешіліп жатқаны рас. Бірақ, оның екінші жағына баса мән беру керекпіз. Яғни, жастар мемлекетке масыл болып бара жатқан сияқты. Үкімет бізге бәрін тегін беру керек деген психология қалыптасып келеді оларда. Қазіргі жастар бірден миллион теңге тапқысы келеді, ал бір теңгелік табысқа басын қатырмайды. Қолдарында ұстаған телефондарының құны әжептәуір басшының айлығымен бірдей. Темекіге, кафеде көңіл көтеруге, қымбат телефон ұстауға ақша табады, неге пайдалы мақсатқа, үй болып, отбасы құруға ақша таппайды. Мемлекет жастарды жарылқай беруін тоқтатып, кәсіпке, бизнеске баулуға басымдық беруіміз керек.
Төленді КӨПБЕРГЕН, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалының консультанты:
– Осы жерде мен бір ой қоса кетсем. Біздегі идеологияны өзгерту керек. Яғни, біз қашанғы жастарды жетектеп жүреміз? «Мынандай мемлекеттік бағдарлама бар, қазір мынандай жоба жүзеге асырылып жатыр. Сен соған қатыс» деп қашанғы артынан қуамыз? Мәселен, 2012 жылы Жамбыл ауданында «Жас Отанда» істеп жүргенімде оншақты жасты жетелеп жүріп, біраз мәселесінің шешілуіне араластым. Ақпараттандыру жағы әлсіз деп айтайын десең, нағыз керекті жиындарға келмейді жастар. Мойны жар бермей тұрған соң өзіне керекті ақпаратынан қағылады. Сөйтеді де, басын тауға да, тасқа да соғады. Артынан Үкіметті кінәлайды. Абай атамыз айтпақшы, әркім кінәні біреуден емес, өзінен іздеу керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің жастарда енжарлық, жалтақтық басым. Жаңа Жасұлан Әбдіхалық мырза айтпақшы, мүмкін жастарды миллиондармен жаппай жарылқай беруді доғару керек шығар. Олардың өздерінің әрекет етуіне күш салған дұрыс. Сосын, қарапайым қызмет этикасын да, басшының алдына барғанда өзін қалай ұстап, қалай сөйлеу керектігін де көпшілігі қаперіне ала бермейді. Мәселен, «Jas Рrojeсt» бойынша грант ұтып алғандардың көбісі алғашқыда «миллионды бізге қайдан бере салсын» деген оймен шындап кіріскен жоқ. Кейін компьютерге екі сағат қана уақытын жұмсап, жобасын өткізіп, грант ұтып алғанда ғана өздеріне таңғалып жатты. Шындап әрекет етсе, алынбайтын асу жоқ екеніне көздері жетті. Сосын бізде бір жобаға қатысайын десең, бірнеше кезеңнен өту керек. Неге онлайн-тестілеу, онлайн құжат өткізу жүйелерін жандандырмасқа. Сонда жастар сол жобаларға жақындай түседі. Нақтысын айтқанда, ақпараттандыру мәселесіне де көп күш салған абзал.
Үміт БИТЕНОВА, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Талас ауданының Құрметті азаматы:
– Келмеске кеткен кеңестік кезеңнің идеологиясында да жақсы нәрселер болған. Біз сіздерге қарағанда екі кезеңді, екі қоғамдық құрылымды көрген адамдармыз. Сондықтан, менің салыстырмалы түрде айтқалы отырғаным сол. Мемлекет басшысының бұған дейінгі Жолдауларында жастар тақырыбы болған. Ал, биылғы Жолдауда қоғамның барлық саласын қамти келе келесі жылды жастарға арнайтынын әдемі нотамен жеткізгенде егде тартқан мына менің көзіме аздап жас үйірілді. Көрегендік қой бұл. Қанша жерден бағдарламалар енгізіліп, жобалар жүзеге асып жатса да, жастар саясатында әлі де «әттеген-айлар» бар. Сондықтан, 2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы арқылы бұл саладағы түйткілдерді кешенді, концептуалды түрде шешудің жолдары қарастырылатынына сенімдімін. Жаңа Төленді Көпберген айтып отыр, бізге дұрыс идеология керек деп. Келісемін. Мәселен, мен де өздерің сияқты жас, албырт, адуынды болдым. Жалындап, жанып тұрған, бой бермейтіндердің бірі мен едім. Қазақтың «Он үш жас – отау иесі» деген сөзі құлаққа әбден сіңіп қалған мен сол он үштен асқан шағымда өзімнің бала емес екенімді сезініп, өзімді қамшылай бастадым. Менің замандастарымның ішінде де ешнәрсемен ісі жоқ, жас тұрмақ бала күйінде қалып кеткендер болды. Солардың еті тірі болсыншы деп, бүлдірген нәрсесінің айыбын түсінсін деп галстугын, комсомолдық билетін алып қоямыз деп қорқытса, ана бала кәдімгідей жылайтын. Көрдіңіз бе, идеология деген сол. Мен ол келмеске кеткір кеңестік дәуірді аңсап отырған жоқпын. Бірақ, осы сияқты сенімге әбден байлап алған идеология керек қазіргі жастарға. Ол идеология қоғамдық сананы жаңғыртумен ұштасу керек. Енді біз қазір ол шақтан өттік те, түтіндеп жанатын киелі шөп – адыраспанға айналдық. Әрине, бейнелеп айтқанда бықсып жанбаймыз, бірақ біздің түтінімізден ең құрығанда қоғамның жамандықтары аласталады. Біз қазір не істесек те, алдыңғы буын салып кеткен жолдан алшақтамауға, бірақ жасаған қателіктерін қайталамауға тырысып, әрекетке барғанымыз жөн.
Қазір бір-бірімізді тоқтатып қойып, айтқымыз келіп отырған нәрсе көп. Идея жетерлік. Айталық, Кеңес үкіметі өзінің жалауын тіккен кезден қаншама күресті басынан өткерді. Өздері жау санаған іштегі отар елдердің белсенділерімен, көшбасшыларымен алысты. Ұлы Отан соғысына дейін де Германиямен шекара мәселесінде біраз қырқысты. Екінші дүниежүзілік соғыстан да өтті. Айтқым келгені, қанша жерден жауымен алысып өтсе де, коммунистік, комсомолдық идеологиясын нықтап алды. Соған жұмыс істете білді. Осының бәрін бір ғана Мәскеу өзі-ақ иіріп әкетті дегенге сенбеймін. Мұның бәрін бір арнаға тоқайластырған ол – сана. Біз де кезінде талай жасқа осы идеология тұрғысынан тоқтамай ақыл айтқанбыз. Оны мына өздеріңіз сияқты құймақұлақтар ғана тыңдайды, қалғандары аспанға қарап отырады. Яғни, ауыз көпіртіп ақыл айтқан бір бөлек те, айтқаныңды істете білу бір бөлек. «Алма піс, аузыма түс» деген түсінікті санадан сызып тастау керек. Ал, оған әкелетін тәрбие отбасыдан бастау алады. Яғни, отбасыдан кеткен қателікті ешбір орта түзеп, қалпына келтіре алмайды. Тіпті, балабақша, орта мектепті айтпағанның өзінде шетелдің білім ордалары да жөндеп бере алмайды. Сондықтан тәрбие жас отбасылардан, тіпті сол жастардың бозбала, бойжеткен кезінен басталғаны жөн.
Уәлихан БОЛАТБЕК, облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы:
– «Жастар жылы» деп жарияланғаннан-ақ мен посткеңестік елдерде бұл жыл қалай атап өтілгенін қарап шықтым. Байқағаным, бұрынғы одақтас елдердің бәрінде бір деңгейде, бір сипаттағы шаралар қолға алынған. Өзімізді саралай келе мен мынандай ой түйдім. Біздегі бір проблема – өткізіп жатқан іс-шараларымыздың бағытталған нақты аудиториясына мән бермей, талдау жасамағанымыз. Мәселен, оқушы жасқа не керек, студент жас неге мұқтаж, ал өзім сияқты жұмысшы жастар нені қалап жүр? Міне, осы сұрақтар бізде жауапсыз қалып кетіп жатыр. Өйткені, өткізілетін жиын, басқосудың бәрі жалпылама жастарға арналған. «Жастар жылында» жұмысты неден бастау керек деген мәселе әрине, бәрімізді толғандырып отырғаны рас. Менің пайымдауымша, көп нәрсе мектептен кетеді. Яғни, мектепте дұрыс білім, бағыт алмаған бала өзіне лайықты мамандық таңдай алмайды. Мамандығын таңдамаған оқушы, жоғары оқу орнын таңдағанда да қателеседі. Әрине, мектепте бала бақылауда көп болады. Ол жақта еркінсиді деп айта алмаймын. Ал, мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына келген соң уақыттың қадірін түсінбейтіндер өзінің ізденуге берілген мүмкіндігін еркіндік деп қабылдап, сабаққа бірде келіп, бірде келмей көп нәрседен құр қалады. Масылдық деген осыдан шығады. Мамандығын жете түсінбегендіктен, оны қызығып оқымағандықтан, көңілі басқада, яғни, қызық-думан қуып жүреді. Толыққанды білім алып, өзінің қоғамға енді сіңісіп келе жатқан жас буын екенін түсінбеген күйі санасы солай қалыптасып кетеді. Енжарлық деген де осыдан шығады.
Өткізіп жатқан іс-шаралардың да дені студент жастарға бағытталған, мектептегі жастарға көңіл бөліп жатқанымыз шамалы. Ендігі жұмысты осы кемшіліктерді түзей отыра қолға алуымыз керек. Және де әр ауылдың, әр өңірдің жастарының өзіндік проблемалары бар. Осыны жете зерттегеніміз абзал. Жастар ресурстық орталықтарының, жастар ұйымдарының материалдық-техникалық базасының көңілден шықпайтыны да ойлантатын нәрсе. Өздері жарымай жатқанда, олар елге қалай кеңес береді? «Жастар жылында» біз бірінші кезекте жастар ісімен айналысатын мекемелердің материалдық-техникалық базасын қанттай қылуымыз керек. Әйтпесе, баяғы жартас сол жартас күйінде қалады. Сонымен қатар, жастар ісімен тек басқарма мен ресурстық орталықтар түбегейлі айналысып, бүкіл проблемамен күресе алмайды. Жастар ұйымдарының көмегі керек бізге.
Тоқ етерін айтқанда, бізге не істесек те, не істейін десек те толыққанды анализі керек. Бір ғана мысал айтайын, біздегі 49 колледж бен үш университеттің мамандықтарына талдау жасалмайды. Яғни, бізден қанша жас қандай мамандықпен бітіріп шығып жатыр және қанша маман сырттан келіп жатыр деген талдау жоқ.
Жақында ғана Өзбекстанға барып келдім. Ол жақта Өзбекстан жастарының одағы деген іргелі ұйым бар екен. Енді сол ұйымның базасы керемет. Тіпті, аудандарға берген жастар орталықтарының өзі әжептәуір бір мәдениет үйі сияқты. Ішінде үйірме, кітапхана, бәрі-бәрі бар. Жас отбасыларды баспанамен қамту жақсы жолға қойылған.
Жасұлан ӘБДІХАЛЫҚ:
– Уәлихан Болатбек айтқан жайттарға сүйеніп, Өзбекстанның жастарының жағдайы жақсарып кетті деуге болмайды. Оларда бәрі жақсы болса сансыз «гастарбайтерлер» қайдан шығып жатыр? Біздің жастардың жұмыссыздар санатынан табылуына да көрші елден келетін арзан жұмыс күші кінәлі.
Бір кездері қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданында жастар ресурстық орталығының мамандары мен прокуротура қызметкерлері сырттан жұмысшы кіргізетіндермен күрес жүргізді. Олар «гастарбайтерлердің» көмегіне жүгінетін кәсіпорындармен келісімшартқа отырды. Осылайша, бір жыл ішінде Созақ ауданында «гастарбайтерлерге» тоқтам салынды.
Мысалы, кейде өз ауылыма барғанда аз-маз ақысын төлеп жастарға жұмыс істете алмай жатамыз. Одан гөрі олар үшін бұрыш-бұрышта темекі шегіп, пәлсапа соғып отырған маңызды. Біздің жастардың психологиясы өзгерген. Олар ә-дегеннен көп табыс табуға құштар.
Ержан ҚАХАНҰЛЫ, Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» бөлім басшысы:
– Меніңше бұл психологиядан емес, менталитеттен сияқты. Қазір Тараз қаласында 77 700 жас бар. Оның басым бөлігін аудандардағы түрлі елді мекендерден келген жастар құрайды. Ал, тараздық жастар керісінше Астана, Алматы секілді үлкен қалаларға кетеді. Осылайша, менталитет өзгереді. Әрине, мен облыс орталығына білім іздеп, жұмыс іздеп келетін жастарға қарсы емеспін. Бірақ, олар өз машығын шыңдауда әлі де болсын енжарлық танытып келеді. Обалы не керек, орталық жастардың бос уақытын мәдени-тынығу жұмыстарына арнаудың түрлі нұсқаларын ұсынып көрді. Бірақ нәтижесі жоқ.
Жастарға арналған бос жұмыс орындары да жетеді. Мәселен, «Жасыл ел» еңбек жасақтары сапында жұмыс істейтіндерге 25 мың теңге еңбекақы төленеді. Біздің жастар осыны да азсынады. Бірақ, тәулігіне 4 сағат қана жасалатын жұмысқа 25 мың төленеді. Менің ойымша, бұл аз емес.
Бізге керегі жастар санатын 29 жастан төмендетуді қолға алу қажет. Сонда жастардың үлесі кемиді. Сәйкесінше, жастар жұмыссыздығының статистикасы да мүлдем басқаша сарын алар еді. Ең бастысы, орталыққа нағыз көзінде оты бар жастармен жұмыс жасауға мүмкіндік берілер еді.
Ихтияр МЫРЗАХМЕТОВ, «Қазақстан ауыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Біз мойындауымыз керек бір жайт бар. Бүгінде елімізде өте дарынды жастар өсіп келе жатыр. Олардың арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаларға көз жүгіртсеңіз, олардың ешқайсысы бұрынғыдай прокурор, экономист болғысы келмейді. Қазіргі жастардың үлгі алатын тұлғалары өзгерген. Жастардың көбі Қайрат Нұртас, Геннадий Головкинге еліктейді. Нәтижесінде, олардың талғамы мүлдем басқа бағыт алған. Бір қуантатыны, саламатты өмір салтын ұстанған жастардың шоғыры қалыптасып келеді. Оларға жақсы жабдықталған спорт залдары қажет. Жастардың бойында білім-ғылымға, сұлулыққа деген ерекше құштарлық байқалады.
Өз жұмысын 2003 жылдан бастаған «Қазақстан ауыл жастары» қоғамдық бірлестігі «Zhas Рroject» жобасына серіктес болып табылады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен және Дүниежүзілік банктің қаржылай қолдауымен қолға алынған жоба жыл аяғына дейін ғана жалғасын табады. Ал, бізге жастарды жұмыспен қамтуда әзірге баламасы жоқ жобаны одан әрмен жалғастыру маңызды. Осы орайда, «Zhas Рroject» жобасын жергілікті бюджеттен қаржыландыруды ұсынамын. Мәселен, 100 миллион теңгені бір мезеттік шараларға жұмсағанша дәл осы жобаға бағыттасақ жетіп жатыр. Жүздеген жамбылдық жас мемлекеттік жастар саясатымен қамтылар еді. Мәселен, биыл жоба аясында облысқа 435 миллион теңге инвестиция келді.
Мәди МӘТЕН:
– Әрине «Zhas Рroject» жобасының тиімділігі ешқандай талас тудырмайды. Бірақ мұнда бір мәселе бар. Жақында аудандарда болып, жоба жеңімпаздарымен жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысып келдім. Қуантарлығы, мемлекеттен жоба жеңімпазына берілген 1 миллион теңгені айналымға жіберіп, оны еселеп арттыруға ниетті жастар баршылық. Сондай-ақ, 12 жас жобадан түбегейлі бас тартты. Олар үшін 1 миллион теңге жай ғана кезекті «олжаға» айналып кетті. Осы қаражатты белгіленген пайыздық мөлшерлеме шеңберінде беріп, мойнына арнайы міндеттеме беруге күш салу керек. Жастар мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаражатты игеру жауапкершілігін сезінбейінше «бизнесті дамытуға барын салады» деу бос әурешілік қана. Әрі оны төмен пайызбен болсын кері қайтару механизмі де қажет.
Ихтияр МЫРЗАХМЕТОВ:
– Бұл мәселені туындатушы адами фактор екендігі көрініп тұр. Жасыратыны жоқ, грант иеленгендердің шәкіртақысынан «үлес» дәметіп жүргендер де бар. Бұл «әрекет» біздің санамызға сіңіп кеткен.
Одан соң біздің қоғамда үлкен бір мәселе туындады. Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде қазақстандық қоғам екіге айырылды. Оның бірі орысша білім алып, дәл осы тілде ойлайтындар болса, екіншісі ана тіліміздің мерейін үстем етіп жүргендер. Алайда, қазақ тілінде берілген біліммен орыс тілінде берілген білімнің стандарты бірдей. Оқу жүйесінде ешқандай айырмашылық жоқ. Осы мәселені мұқият зерделеу қажет.
Біздегі жастар ұйымдары мен салалық басқарма арасындағы байланыстың жайы да аса мәз емес. Нәтижесінде, біз өз жұмысымызға да әріптестеріміздің сын-ескертпелерін қабылдай алмайтын жағдайға жеттік. Мәселен, 2016 жылы ҚР Премьер-Министрінің облысқа сапары кезінде 20 мың «жасылелдіктің» жалақы ала алмай жүргендігін айттым. Содан бері мені облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің мүшелігінен алып тастады. Бұл көзқараспен істің алға жылжуы екіталай. Мен облыстағы мемлекеттік жастар саясаты саласына 2000 жылдардың басында келдім. Осында қазір аталған салаға жетекшілік етіп жүрген жастардың алғашқы қадамдары толығымен менің көз алдымда. Сондықтан да, облыстағы осы бағыттағы жұмыстарды бүге-шүгесіне дейін білемін деп айта аламын.
Жоғарыда айтылған ойларымды қорытындылай келе келер жылға мынадай ұсыныс бергім келеді. Әуелі білім беру стандарттарын толықтай зерделеуіміз керек. Әсіресе, ұрпаққа экологиялық тәрбие беру жайын назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл орайда, біз республикалық бюджет арқылы қаржыландырылатын «Жасыл ел» еңбек жасағының мүмкіндігін толықтай қолдана аламыз.
Жастар мәселесі қай қоғамда да болған әрі оны түбегейлі шешу мүмкін де емес. Алайда, барлық салалық органдардың қатысуымен жұмыс тобын құрып, аталған мәселелердің шешімін табу, алдын алу жолдарын қарастыру сынды мақсаттарға жұмылуды ұсынамын.
Үміт БИТЕНОВА:
– Бір стандарт жайы менің ойымда жүрген мәселе еді. Мәселен өзім қызмет ететін Талас ауданындағы Мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы үлкен жиын өткізеді. Дәл осы іс-шараны өткізуге мәдениет үйі арнаулы зал бергенімен, жиын «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өтеді. Демек, шара туралы есепті тек «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы ғана береді.
Ара-тұра облыс орталығында ұйымдас­тырылатын «Инабатты ару», «Қыз сыны» байқауларына қазылық етемін. Сонда байқайтыным, «Инабатты ару» байқауын «Асыл арман» қоғамдық бірлестігі мен облыстық халық шығармашылығы орталығы бірлесіп ұйымдастырады. Ал, «Қыз сыны» облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мұрындық болуымен өткізіліп жүр. Былай қарасаңыз, екі байқаудың түпкі мақсаты, идеясы бірдей. Алайда, ұйымдастырушылары екі бөлек. Осы екі шараны аталған ұйымдастырушылар бірігіп өткізсе, байқауды ауқымды қылып өткеруге болар еді. Демек, бір стандарт шынында қажет-ақ.
Жасұлан ӘБДІХАЛЫҚ:
– Жастар мәселесі қай мінберде болмасын өз деңгейінде айтылып-ақ жүр. Әңгіменің тоқ етері «Жастар жылына» қамданудың төңірегінде болып тұр ғой. Әрине, жастардың жұмыссыздығын алдын алу бағытындағы жұмыстар өз алдына. Бізге біріншіден мына жайтты ескеру керек. Қазір қоғамның кез келген санатындағы азаматтарды смартфоннан айыру мүмкін болмай қалды. Сондықтан жастар ресустық орталықтары жанынан смартфонмен табыс табу жолдарын үйрететін курс ашу қажет шығар. Әлеуметтік желінің сан түрін пайдалана білсең қыруар табысқа кенелуге болатындығын ешкім жоққа шығара алмайды. Орталықтар жанынан арнаулы білімі бар IT маманын ұстау да артық болмайды. Қажет болса бұндай мамандарды өзге өңірлерден тарту тәжірибесінде қолдана аламыз. Әрі бұл «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың тетігіне айналар еді. Ебін тауып, қолдана алсаң ғаламтор көңіл көтерудің ғана емес, табыстың да құралы бола алады.
Екіншіден, жастардың ішінен тұлға қалыптастыру қажет. Жамбылдық жастар сол замандастарына қарап бой түзесе деген ойым бар. Күнделікті тұрмысқа әлеуметтік желі дендеп енген шақта біз де тұлға қалған жоқ. «100 жаңа есім» жобасы секілді бұл да жастардың өз кумирін анықтауына мүмкіндік берер еді.
Берік БЕГАЛИЕВ, облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:
– Келер жылы облыс әкімдігі жастар саясаты басқармасының жұмысын жүргізуге қажетті қаражат көлемінің ұлғайғандығы көңіл қуантады. Жоспарланып отырған іс-шаралардың 300-ге жуықтауы да бұл салада әлі қыруар шаруа атқарылатындығын айқындай түседі. Меніңше, жұмысты осы шараларды деңгейге жіктеуден бастаған жөн сияқты. Содан соң негізгі күш ауыл жастарына бағытталуы керек. Аудан, қала жастарында мол мүмкіндік бар.
Соған қарамастан ауылда жастардың ерекше шоғыры қалыптасуда. Олар арнаулы білімі жоқ, бірақ қабілетті жастар. Ауыл жастары арасында мемлекеттік жастар саясатын жүргізуде оларға үлгі боларлық тұлғаны анықтаудан бастаған жөн. Мүмкіндік, деңгей тең болған жағдайда ісі мен ойы озық шыққан азаматты ауыл жастары үлгі етіп, оны өнеге тұтары анық. Сондай-ақ, әлгінде мемлекеттік жастар саясатының аудиториясы негізінен оқу орындарының студенттеріне бағытталатындығы айтылды. Алайда, 14-18 жас адамның қалыптасу кезеңіне жатады. Оны ғылым да дәлелдеген. Ал бізде осы кезеңдегі жастармен жұмыс жасауға білім басқармасы жауапты деген көзқарас қалыптасқан.
Демек, «Жастар жылында» мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағытын ауылға және мектептерге бұру керек. Әрине, мектеп бағдарламасы оқушыларда бос уақыт қалдырмасы анық. Бірақ, бұл жұмыстарды үйлестіруге «стандартты емес» көзқараспен қарайтын кез жетті.
Төленді КӨПБЕРГЕН:
– Мәселені шешу үшін жиналып отырып, қайта мәселе туындатуға болмас. Мектеп оқушыларын мемлекеттік жастар саясатына тартуда мынандай мәселе орын алған. Осы күнгі мектеп тәлімгерлері жастар орталықтарының мамандарының үстінен арызданып келді. Өйткені, жастарға жауапты мамандар мектепте өткізілген шараларды өз есебіне кіргізіп, ауданға, облысқа есеп беруде.
Жастардың жасын шектеуге де белгілі бір талап қажет секілді. Мәселен, 28 жастағы 4 балалы отбасыға кезектен тыс баспана, жер беру мәселесі ойластырылуы керек. Сол арқылы демографияға да дүмпу беруге болады.
Тағы бір ескерер жайт, жастарда өзгенің өмірін талқылауға, басқа біреудің табысын санауға уақыт қалмайтындай жағдай жасалғаны жөн.
Дәулет ТӨЛЕНДІұлы:
– «Жастар жылында» жасалынуы тиіс жұмыстың бағыт-бағдары талқыланып отырған жиынымызға студент жастар да қатысып отыр. Осы орайда, жастардың қалауын, олардың «Жастар жылына» қатысты көзқарастарына құлақ түрсек.
Ғалия АБЫЛАЙ, ТарМПУ студенті:
– «Жастар жылында» жамбылдық жастар үшін «Жастар үйі» ашылса деген ұсынысым бар. Бұл жастардың ой-пікір алмасып, ара-тұра бас қосатын орталығына айналар еді.
Одан соң, жастардың азғындалып бара жатқаны, санасының өзгергені жиі айтылады. Демек, оларға үлгі болатын нағыз қазақы тұрпатты тұлғалар аз. Болашақ әдебиетші маман ретінде біздің топтың студенттері де Абайды ақын ретінде ғана таниды. Үшінші курстан бастап бізге «Абайтану» жеке пән ретінде оқытылып жатыр. Дәл осы сабақ басталған алғашқы күннен ұлы ақын жайында біліміміздің әлі де таяздығына көз жеткіздік. Оқытушымыз Рахат Саламатова Абай өлеңдеріне арнайы талдау жасатып, ақынның айтқысы келген ойын анықтауға күш салды. «Қазаққа ес кірген кезде Абай ескіреді» деген даналық сөз бар. Яғни, Абай мұрасы бүгінгі жастарға өнеге бола алады.
Тағы бір айтқым келгені, жамбылдық, жастар Астана мен Алматыға барып түрлі жиындарға қатысады. Олар дәл осы тектес шаралардың Тараз төрінде ұйымдастырылғанын қалайды.
Әлгінде мемлекеттік гранттар жайында сөз болды. Осыған қатысты менің де өз ойым бар. Мен мектепте үздік оқушылардың қатарында болдым. Алайда, Ұлттық бірыңғай тестілеуде жолым болмай, мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмадым. Есесіне грант иеленген замандастарымның кей әрекетіне қарным ашады. Соған қарамастан олар өз гранттарын сақтап отыр. Осы орайда, мемлекеттік грантты бір жылдық етіп беруді ұсынар едім.
Сәт ҚУАНТАЙ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің І курс студенті:
– Оқуды тәмамдаған соң «Серпін» бағдарламасының шарапатын көруге ниет еттім. Алайда, маған бұл бағдарлама бойынша гранттар тек ауыл мектебін тәмамдағандарға ғана берілетіндігін айтты. Нәтижесінде мен өзім қалаған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне түсу мүмкіндігінен айырылдым. Сондықтан жастар үшін жасалған бағдарлама болғандықтан «Серпінмен» оқуға түсу мүмкіндігі жастардың барлық санатын қамтыса екен деген ұсынысымды жеткізгім келеді.
Мәди МӘТЕН:
– Көтеріліп отырған тақырып шынында ауқымды, әрі өзекті. Бұл мәселе бұған дейін әр түрлі ортада көтерілді. Алайда «Жастар жылына» қатысты әлі де нақты ұсыныс ести алмай келемін. Соған қарамастан ойымыздың бір жерден шыққандығы қуантады. Басқарма өз жұмысында осы бағыттың барлығын қамтиды. Әр түрлі басқармалардағы бір типті шараларды біріктіру мәселесі облыс әкімінің төрағалық етуімен өткен жиында айтылды.
Өкінішке қарай, жастардың бойында немкеттілік, бойкүйездік, самарқаулық қасиеттерді көптеп байқап жүрміз. Сондықтан да, әр жасқа жеке бағытталған жұмыстар жүргізілді. Кейде ата-аналардың өзі де бала тәрбиесіне деген оң көзқарас таныта алмай жатады. Мемлекет жастарға барлық мүмкіндік жасады. Қалғаны жастардың өз қолында. Қазір нарық пен бәсекенің заманы. Сол себепті, жастар бәсекелестікке төтеп бере алу қабілетіне ие болуы шарт.
Осында мемлекеттік жастар саясатында айтылған жастар санатына кіретіндердің жас мөлшерін 35 жасқа дейін ұлғайту жайы сөз болды. Біз әзірге ұсыныс берумен шектелдік. Оның өзінде 35 жас мөлшерін ұлғайтуды жас ғалымдар санатына ғана қажет секілді. Оның себебі түсінікті ғой.
«Болар бала он бесінде баспын дер» дейді дана қазақ. Ал бізде 29 жасқа толып, әке-шешенің иығында отырған жастар да баршылық. Қазіргі таңда басқармада жастардың 10 санаты жіктелініп, олармен жұмыс жолға қойылуда. Сол арқылы мемлекеттік жастар саясатының шарапатын оралман жастардан бастап, еңбек шартынсыз көңіл көтеру, қоғамдық тамақтану орындарында жұмысқа тартылған жастарға да сезіну мүмкіндігі беріледі. Жастардың барлық санаты бойынша арнайы база әзірленді. Бұл жұмысқа аудандық жастар орталықтарының күші кеңінен тартылды. Аталған санатқа жататын 12 мың жасқа бағыт-бағдар берілуде. Бос жұмыс орындары да ұсынылады. Алайда, 40-60 мың теңге айлықпен ешкімнің жұмыс істеуге құлқы жоқ. Студенттік құрылыс жасақтарының қатарын толықтырудың өзі оңайға соқпайды. Жастарды жауапкершікке үйретуіміз керек.
«Жастар жылындағы» жұмысты мектептен, отбасыдан бастау қажеттігі айтылып жатыр. Енді бұл жұмысты іске асырудың тетігі не болмақ? Жұмыс қалай басталып, қалай өрбиді? Осыған нақты ұсыныстар қажет.
Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ:
– Облыстағы бірден-бір жастар басылымы ретінде «ARAІ» газетінде «Жастар жылына» қатысты арнайы айдар ашып, оқырмандардың, айтар ойы бар азаматтардың ұтымды ұсыныстарын әр нөмір сайын басып отыруға әзірміз. Газет аудандарға, ауылдарға 10 мыңнан астам таралыммен тарайды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыс жастарына үндеу де жарияласақ деген тоқтамға келіп отырмыз.
Мәди МӘТЕН:
– «ARAІ» газеті бастама көтеріп отыр екен, ендеше бірлесе атсалысайық. «Жастар жылына» қатысты ұсыныстарды алыс ауылдардан күтейік. Оларды басылым бетіне жариялап отырайық. Сан түрлі пікірлер мен нәтижелі ұсыныстарды қолға алып, жұмысты бірге жалғастыруға қарсы емеспіз.
Жасұлан ӘБДІХАЛЫҚ:
– Осы бір әдемі алаңды арнамыздың телестудиясына шақырамын. Тікелей эфирде мыңдаған көрермен алдында талқыға салайық. Қазір облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе «Жамбыл жастары» деген телехабар түсірілімін бастап кеттік. Шығармашылық топ аудандарда болып, аудан әкімдерінен аймақта жастар саясаты бойынша жүргізілген есебін алады. Келер жылдан бастап дәл осындай бағдарламаға аптасына бір рет эфирден уақыт тауып беруге әзірмін. Екіншіден, мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған жастарды көрсетеміз. Оның кәсібін қалай бастағанын, алдымен қайда барғанын, құжат рәсімдеуде нендей қиындық болғанын боямасыз көрсетеміз. Бір сөзбен айтқанда, оларды жастарға үлгі етеміз.
Мәди МӘТЕН:
– Шынында сіздерден осыны күткенбіз. Жалпы, жастар тәрбиесі тым нәзік дүние. Онда жастардың тәрбиесіне әсер ете алатын құралды мұқият зерделеу қажет. Өткізіліп жүрген жоспарлы шаралар жалпылама сипат алады да, бұқаралық сипат ала алмай келеді. Біз көпшіліктен нақты ұсыныстар мен оны іске асыру тетігін күтеміз.

Қорыта айтсақ, жамбылдық жас­тар­дың келер жылдан күтері мол. Ел ертеңі саналатын өрендердің көкейінде жүрген түйткілдердің күрмеуі бір жыл ішінде шешімін таба қоймас. Десе де, ұрпақ санасына серпін берер шаралар мен түрлі мемлекеттік қолдаулардың нәтижелі болатындығына күмән жоқ.

Дайындаған Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР