Қоғам

Жұмыссыз қалғандарды жан жүрегімізбен түсініп отырмыз

Written by Aray2005

Мойнына Мемлекет басшысы ретінде халқының амандығы мен қауіпсіздігін жүктеп, жағдай тығырыққа таяған шақта маңызды шешімдер қабылдайтын Президентке біз, қазақстандықтар барынша қолдау білдіргеніміз жөн. Әрине, қайта-қайта Үндеу жариялап, жан-жақты саралап, лайықты, оңтайлы шешім шығару Президентке де оңайға соға қоймас.

Пандемия салған ауыртпалықты, төтенше жағдайды жалғыз біз ғана бастан кешіріп жатқан жоқпыз. Түсіне білсек, бүкіл Әлем халқы осы көрінбейтін «жаумен» арпылысып әлекке түсуде. Қаншама елдің экономикасы, өндірісі, шағын және орта бизнесі, туризмі зардап шегіп жатыр. Ол елдер де еріккенен, я болмаса еліктегеннен карантин енгізіп, төтенше жағдай жариялап, бүкіл тіршілігін тоқтатқан жоқ. Ауадай қажеттілік болған соң амалсыздан осындай қадамға баруда.

Жасыратыны жоқ, қанша жерден шектеу қойылып, оқшаулау режимі орнатылса да кей тұрғындардың жағдайға бейсауат баға беріп, бей-жай қарағаны, бір-біріне қонаққа барып, көшедегі жүріп-тұруды доғармауы қынжылтады. Соның салдарынан бұл вирус адамнан адамға жұғып, өршіп кетті.

Осы Үндеуінде Қасым-Жомарт Кемелұлы бізді тағы да сабырға, ортақ мүдде жолында ұлт болып ұйысуға шақырып отыр. Қаншама дәрігер, полицей, әскери, мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің тәулік бойығы еңбегін зая кетірмейік. Олардың да вирус жұқтырып, кейбірінің өз өмірі үшін арпалысып жатақанын естен шығармайық. Олар біздің амандығымыз үшін жанын пида етіп жұмыста қалғанда, біз олардың амандығы үшін неге үйде отырмасқа.

Жұмыссыз қалған қаншама жанды жан жүрегімізбен түсініп-ақ отырмыз. Президент Қ.Тоқаев 11 мамырдан бастап экономиканы қалпына келтірудің кешенді шараларын жоспарлауды бастаймыз деп отыр. Ол үшін қазына қаржысынан қыруар қаржы бөлінбек. Ендеше Президент айтқандай ұлт болып ұйысып, жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз!

 

Төле СҮГІРБАЙ,

Облыстың Құрметті азаматы.

Қордай ауданы

 

ПІКІР