Жұмысы жемістінің өмірі келісті

0 3

Нұрлыкенттік Мадияр Мирзаяров атажұртқа көршілес Өзбекстан Республикасынан қоныс аударған азаматтың бірі. Ол 1979 жылы Ташкент облысында дүниеге келген. Піскент ауданының Досбеков ауылындағы бұрынғы Фрунзе атындағы орта мектепті тәмамдаған. Одан кейін Ташкенттегі ирригация және  мелиорация институтын су инженері мамандығы бойынша бітіреді.

 

Әкесі Төлеген Мирзаярұлы ауыл шаруашылығының білгір маманы болған, анасы Гүлжахан бес перзентті дүниеге әкелген асыл ана. Төлеген атаның туған жері – Қызылорда облысының Жаңақорған кенті, ал анасының түбі Сарыағаш ауданынан болса керек.

Мадияр Төлегенұлы Ташкент облысында су қожалығында жұмыс істеп, алғашқы еңбек жолдары өз мамандығының қыр-сырын білумен өтеді. 2003 жылы Динара Өсербайқызымен отау құрады. Ағайын-туыс атажұртқа оралып жатқандықтан Мадияр да отбасымен 2008 жылы тарихи Отанына көшіп келеді. Сол жылдардан бастап құтты мекен Нұрлыкент ауылына қоныс теуіп, осында тіршілігін жасап отырған жайы бар.

Туған жерге оралған соң қандастарға берілетін квотаға ілініп, төрт адамға тиесілі қаражатты алады. Елге оралғанда олардың екі перзенті болатын. Қазіргі таңда жұбайы екеуі үш қыз, бір ұлды тәрбиелеуде. Үлкендері Диляра тарихи Отанында білім алып, биыл мектеп түлегі атануда. Қыздары Дильнура 8-сыныпты, Ақнұр 4-сыныпты және ұлдары Мәулен 1-сыныпты бітірді.

– Туған жердің қасиетті топырағы мен саф таза ауасын, мөлдір суын ата-бабамыз аңсап өтті. Енді міне, еліміз еңсесін тіктеген шақта біз Отанымызға оралып, осынау бақытқа ие болып отырмыз. Шүкір, ел қатарлы еңбек етіп, өсіп-өнудеміз. Елімізге оралғанда бізді көпшілік жатсынбай қарсы алды. Бүгінде көрші-қолаңмен жақсы араласамыз. Бір-бірімізге көмектесіп, қарайласамыз.

Мен алғаш келген жылдары Нұр-Сұлтан қаласында «Найза құрылыс» фирмасында жұмыс істедім. Астанамыздың көшелерінің жолы жөнделіп, көркеюіне үлесімізді қостық. Су шаруашылығымен қоса, жол құрылысы саласында да өзіме біршама тәжірибе жинақтадым. Бұл саланың қыр-сырын меңгергеннен кейін Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, жол құрылысы мамандығын алдым. Отбасым және балаларым ауылда. Ал өзім өзге қалаларда жұмыс істедім. Балалар өсіп қалған соң жанұямның жанында қалуды ұйғардым. Егер де ауданнан мамандығым бойынша жұмыс табылса, еңбек етуге даярмын.

Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмысымды қойғалы бері көктем басталысымен көшеттер егіп, төрт жыл бойы осы іспен айналыстым. Егін және мал шаруашылығымен шұғылданайын десем, жер мәселесі алдымнан шығады. Содан көп ойлана келе, кәсіпкерлікке бет бұруға бел будым.

Негізінен мен алғашында полистиролбетон өндіруді қолға алу үшін көп ізденіп, оның пайдасы мен сапасын зерттедім. Құрылыс саласына жаным жақын болғандықтан ауданымызға керекті нәрсе жасауды ойладым. Полистиролбетон ауыр соққыға сынбайтын сапалылығымен көптің сұранысына ие. Алматы және Тараз қаласында полистиролбетон шығаратын цехтар бар. Оны мұнда жеткізу үшін де біршама қаржы кетеді әрі бағасы да жоғары. Оның құрамында пенопласт, құм, цемент және түрлі қоспалар, желім болғандықтан үйдің ішін жазда салқын, қыста жылы ұстайды. Қабырғаға қалағанда сызат түсірмейді. Сыртынан бірнеше рет сылаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар мұны қыстың күндері де шығара беруге болады. Бұл менің әзірге ойым ғана. Дегенмен көмек-қолдау көрсетілсе, шағын цех ашсам деп едім. Ісімді бастауға қаражат жағы қиындық туғызып отыр. Егер де жоспарым жүзеге асып жатса, ауылдағы үш азаматты жұмыспен қамтуға болады, – дейді Мадияр Төлегенұлы.

Адамды адам ететін – еңбек. Мадияр өте еңбекқор азамат. Өзінің ісіне кіріспес бұрын қазіргі таңда үйінің 3,5 сотық жерінде құмдыблок шығаруда. Ол үшін арнайы орын әзірлеген. Үй алдында цемент құйылып, оларды тегіс жерде кептіруде. Ол өз қаражатына Ресей мемлекетінен құмдыблок құятын арнайы станок және Тараз қаласынан бетонқарығыш сатып алған. Күніне 150-200 шақты құмдыблок шығаруда. Мұның барлығын Мадияр аға полистиролбетон шығаратын шағын цех ашуға арнайы орын әзірлеу үшін дайындауда. Өйткені құмдыблок мерзімді жұмыс. Ал полистиролбетонды қыстың күндері де жасай беруге болады екен.

Міне, қолынан іс келетін азамат отбасының қамы үшін барынша еңбек етуде. Аудандық жұмыспен қамту орталығының ассистенті Роза Қартбаева: «Ауылдағы осындай ағайынға көмек көрсетілсе, демеп жіберсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мадияр жұмыс талғамайтын, ізденімпаз азаматтың бірі. Оған қазіргі таңда кәсіпкерлік саласынан қолдау қажет. Егер ол өз ісін бастаса, ауылымыздың дамуына үлесін қосар еді. Бір жағынан жаңа жобаны қолға алмақшы. Мұндай азаматтарды қолдап, мемлекет тарапынан берілетін гранттарға қатыстыру қажет деп есептеймін. Өйткені ол өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Әрдайым істің көзін тауып алып кететіне сенемін», дейді.

Ауылдағы Мадиярдай ағайынға кәсібін бастауға жан-жақты көмек көрсетіледі деп біз де сенеміз. Себебі оның тынымсыз тіршілігінің басы-қасында жүріп, еңбекқорлығына куә болдық. Атажұртқа елім деп келген қандастарға осындай сәтте көмек көрсетілмесе, біздің азаматтығымызға сын болар.

 

Айгүл Қалымханқызы,

Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.