Жастар.kz

Журналист болам деген баланың бетін қақпай, белін буайық!

Ол үшін болашақ тілшілерге медиа-мектеп қажет

Ұлы даланың ұстазы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «Айшылық алыс жерлерден, Көзді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызатын» күн де келді. Ақпарат тасқындаған уақытта арандатушылардан да айла артылмай тұр. Сондықтан да ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін бұқараның өзі сана сүзгісінен өткізгені абзал. Ал, бұл тұрғыда журналистер қауымына жүктелер жауапкершілік жоғары.

Алғашқы адамзат баласының от пен суды әжетке жаратып, аңшылықпен және шаруашылықпен айналысқанын тасқа қашалған бейнелер мен көне жазулардан білгеніміз белгілі. Яғни, журналистиканың түп тарихы білгіштер айтып жүргендей Юлий Цезарьдің ғасырында ғана емес, сонау адамзаттың дамуы кезеңдерімен сабақтасып жатыр деп айтуға болады. Одан кейін өткен ғасырдың басында алаш азаматтары қазақ журналистикасының негізін қалады. Халықтың қоғамдық санасы мен саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Осы тұста Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп қазақ баспасөзіне құнды бағасын беріп кетті. Ал, қазіргі журналистика көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Коммуникация желілерінің жылдам өріс алуы, әлеуметтік желілер, блогосфера, видеоарналар, веб-радиолар, мультимедиалық гаджеттер, подкасттар – журналистиканың жаңа моделін дүниеге әкелді. Дейтұрғанмен, бұқаралық ақпарат құралдарында білікті де білімді кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Әсіресе, аймақтық басылымдар кәсіби мамандарға зәру. Шығармашылықтың шыңын бағындырғысы келетін жастар бар. Бірақ, оларды тәрбиелейтін орта жоқтың қасы. Міне, сондықтан да кадрлық қозғалысты қамтамасыз етудің қам-қарекетін қазірден қарастырмаса болмайды. Бұл тұрғыда жас журналистердің клубын құруға кім кедергі? Немесе майталман мамандардың дәрісін тыңдауға негізделген медиа-мектеп ашылса нұр үстіне нұр емес пе? Біз бүгін осы сұрақтарға жауап іздеуге тырысып көрдік.

Медиа-мектеп дегеннен шығады. Жыл сайын М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Журналистика» мамандығының студенттері редакциямызға келіп, өздеріне белгіленген шектеулі уақыт шеңберінде тәжірибеден өтуде. Жастар газеті болғандықтан, «ARAI»-ға ат басын бұратындардың қарасы қалың. Араларында талабы таудай жастар да жетерлік. Бірақ, жазғандарының бір қайнауы кем. Енді ше, теория мен тәжірибенің алшақтығы аңғарылып тұрады емес пе? Алайда, дұрыс бағыт-бағдар бергеннің нәтижесінде қаламы ұшталып, қадамы нықтала бастағаны бірден байқалады. Ең бастысы, болашақ әріптестердің бетін қақпай, белін буғанымыз жөн. Міне, жас журналистердің басын қосатын орта қалыптастыру осындай олқылықтың орнын толтыру үшін қажет екендігі сөзсіз. Әрине, «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды». Сондықтан да, бұл ұсыныс төңірегінде исі қазаққа белгілі республикалық басылым басшыларының, саланың марғасқа майталмандарының, оқытушы ұстаздардың және жастардың пікіріне құлақ түргенді құп көрдік.

Айта кету керек, осыдан біраз уақыт бұрын ел газеті «Егемен Қазақстан» жас журналистерге арнап өз академиясын ашқан болатын. Бүгінде аталмыш оқу алаңы алғашқы қарлығаштарын ұшырып та үлгерді. Осы орайда, бас басылымның бас редакторының орынбасары Қамбар Ахметов мұндай бастаманың жас тілшілерге берері мол екенін айтуда.
– Әр облыста жастар үшін тәжірибе жинақтайтын бір-бір орталық болуы қажет. Қазір оның тиімділігін өз тәжірибемізден көріп отырмыз. Бізге көбіне жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтағандар келеді. Олардың өзі, тіпті, ақпарат жазу­дан қиналып жатады. Мұнда жастардың ешқандай кінәсі жоқ. Себебі, оларға ешкім нені, қалай жазу керектігін іс жүзінде үйретпейді ғой. Студент сол мамандықта оқып жүргендіктен, өз ісін көзбен көріп, қолмен ұстамайынша ешқандай нәтижеге жетпейді. Сондықтан, журналистика мамандығын даярлайтын оқу орындары жергілікті БАҚ-пен меморандумға қол қойса немесе осындай бір редакция жанынан медиа-мектеп құрылса, ұтпасақ ұтылмаймыз. Бұл тұрғыда «ARAI» жастар газетінің бастамасы қос қолдап құптауға тұрарлық қадам. Өйткені, барлық облыста жастар басылымы жоқ. Сондықтан да, медиа-мектепті тездетіп ашуға мүмкіндік те, тәжірибе де толық жеткілікті деп есептеймін, – дейді республикалық «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Қамбар Ахметов.
Осы мәселеге қатысты сала ардагерлерінің де айтары бар.

– Облыстық «ARAI» газеті тікелей жастармен жұмыс істеп, тыныс-тіршілігі өскелең ұрпақпен тығыз байланыста болғандықтан, редакция жанынан жас журналистер клубының құрылғаны өте дұрыс деп санаймын. Жасыратыны жоқ, жалпы қазір қазақ журналистикасының бас ұстаханасы деп бағалайтын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен білім алып келген жастардың да редакция жұмысын игеріп кетуге қауқары жетпей жатыр. Мен талай жерде жұмыс жасап, байқағаным, біз барлығын қайта даярлаймыз. Жастардың басым көпшілігі қарапайым журналистік ұстанымдарды білмейді. Сол үшін бұл мәселеден шығар жолдың ең тиімдісі – теория мен практиканы терең ұштастыратын бір үйірменің болғаны. Бұл редакция үшін де, жастар үшін де оң нәтиже берері сөзсіз. Редакция өзіне мықты кадр даярласа, жастар шеберлігін шыңдап, дайын жұмыс орнына дағдыланады. Сондықтан, аталмыш жоспарларыңыз іске асса, саланың игілігі үшін қайтарымы мол болмақ, – дейді ардагер журналист Қалыбек Айтжан.
Жалпы, бір мүшелді бағындырған редакция тарихында шығармашылық шаңырағынан сөзі сүйекті, қаламы отты бірқатар белгілі журналистер шықты. Олардың кейбірі қазір облыстық белді басылымдарда абыройлы қызмет етіп жүрсе, енді бірі республикаға танымал. Солардың бірі – журналист Өркен Кенжебек.

– Әрине, ондаған, жүздеген жас журналистің арасынан санаулы ғана мықтысы алға суырылып шығады. Олар кейін Астана мен Алматыға кетіп қалады. Бір кеткеннен кейін қайтадан оралуы екіталай. Осылайша, салада қайтадан кадр жетіспеушілігі орын алады. Мәселен, Таразда журналистерге арналған, олардың біліктілігін шыңдайтын шаралар өтпейді. Жастар үшін «ARAI» басылымында медиа-мектептің болғаны әбден дұрыс. Оның жұмысы сапалы болса, қажеттіліктері қарастырылса, жас мамандардың да ісі сәтті болмақ. Түрлі тәжірибелі мамандармен шеберлік сыныптары, практикумдар мен онлайн курстар ұйымдастырылса, жастарға керегі де осы емес пе? Ең бастысы, оларға қажетті орта мен жағдай жасап беруіміз қажет, – дейді ол.

Нақты уақытта редакциямызда тәжірибе жинақтап жүрген студенттердің де ұсынысты қуана қабылдап жатқанын айта кету керек.
– Біз көбіне оқуда журналистиканың тарихымен ғана шектелеміз. Әрине, бүгінгі бағыт-бағдары да қамтылады. Бірақ, ол біз үшін аздық етуде. Оқу орнымызда студенттік телестудия жұмыс жасайды. Дегенмен, ол жерде әр студент өзінің мүмкіндігін көрсете алмайды. Жалпы, бізде тек телеарнада ғана емес, газетте жұмыс жасағысы келетін студенттер көп. Олар үшін шеберлік шыңдауға мүмкіндік шектеулі. «ARAI» газетінде 1 айлық тәжірибемізді аяқтауға жақын қалдық. Жазғандарымыздың өңделіп, жарыққа шыққандығы барлығымызды қуанышқа бөледі. Нәтижесінде 3 жыл бойы естігенімізден, 1 айда көргеніміз көп болды, – дейді М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Журналистика» мамандығының 3-курс студенті Ардақ Сапибулла.

Осы орайда, біз, аталған оқу ордасындағы «Филология және журналистика» кафедрасының ұстаздарын да әңгімеге тарттық.
– Шындығын айтқанда, біз мұндай ұрпақ сабақтастығының ұстаханасына мұқтажбыз. Медиа-мектеп студенттердің теория мен практиканы ұштастыра отырып, университет қабырғасында жүріп-ақ редакцияның қайнаған тіршілігімен емін-еркін араласуы, кәсіби журналистерден тәлім алып, тәжірибе жинақтауы үшін өте қажет. Жалпы, теориямен ғана шектеліп, тәжірибе алмаған адам түпкілікті журналист бола алмайды. Сонымен қатар, бұрыннан келе жатқан қабырғалы басылымдардың тәжірибесін жастар бірден қабылдай алмауы мүмкін. Ал, жастар басылымына студенттердің де жаны жақын. Практика кезінде көкейлерінде жүрген ойлары мен жазғандары жиі жарыққа шығып тұрады. Сондықтан, жастар басылымның базасынан жас журналистер үшін арнайы үйірме немесе клуб ашылса, ол жинаған күнделікті білім мен тәжірибе ұштасатын ұстаханаға айналар еді, – дейді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Балзия Баешова.

Осылайша, өңірдегі журналистика саласының болашағы үшін шығармашылық шеберханасының қажеттілігіне көз жеткіздік. Ақпарат және байланыс қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай көтерген мәселемізге көзі қарақты оқырман да өз ойын қосар деген сенімдеміз.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР