Жалын

Журналист болу – арманым

Written by Aray2005

Мына жалған дүниеде «Бойыңда ыстық қан барда, Болмысты да, болмасты да, болады деп арманда», деп ақын Мұқағали атамыз жырлағандай, бәрі де армандаудан басталады. Бұрындары бала кезімде арманымда шек болмаушы еді, барлық нәрсені армандаушы едім. Өсе келе өмірді шынайы бейнесіне қабылдай бастағандықтан арманымның не екеніне көз жеткіздім. Менің арманым – журналист болу. Қарапайым журналист емес, жаһандық ақпараттық аренада танымал журналист болу. Журналистиканың ылғи ізденісте жүретін адамды тәрбиелейтін мамандық екенін білемін, әрі қарай ізденісімді жалғастыра түсемін. Бұл мамандық әдеби тілді, сауаттылықты қажет етеді деп түсінемін. Әрдайым газет-журналдарды оқи отырып, әр тақырыптағы мәселелерді зерделеп, ой елегінен өткізіп отырамын. Іздене отырып журналистикаға деген құлшынысым одан әрі арта түсуде. Журналистика мамандығының жақсы және жаман қырларын өзімше салыстырдым. Әрине, жақсы жағы басым болды. Сондықтан да таңдауым журналистика саласы болып отыр. Журналистер халыққа жақын болуы үшін әрқашан шындықты айтуы қажет. Шындық айтылған жерде халық пен журналистің арасында берік байланыс болады. Мен әрдайым шындықты айтып, халықтың мұң-қайғысын билік басындағыларға жеткіземін деп уәде беремін. Менің мақсатым тек қана журналист болу емес, қоғамға керекті, елімізге еңбегі сіңер, атқарған жұмысымен үлгі болар нағыз кәсіби маман атану. Бүгінгі күнде журналистиканың қыр-сырын толық білмесем де бұл жолда аянбай қызмет етіп, өз ізімді қалдыру, білікті де білімді мамандардың қатарында болу үлкен арманыма айналды. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, талмай еңбектеніп, қажырлы жұмыс жасап, бойымдағы шығармашылық қабілеттерімді дамытып жатырмын. Қазіргі таңда арманым мен алға қойған мақсатым бар. Мақсатымды желкен, арманымды ескек етіп, өмір атты теңізді жүзіп өтуге дайынмын.

Мөлдір Аманқұл,
Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының түлегі

ПІКІР