«Журналистер қауымына берілген әділ баға»

0 0

Бекет Момынқұл,
Қазақстанның Құрметті журналисі: 

– «Журналистердің жегені жантақ, арқалағаны алтын». Бұл Шераға – Шерхан Мұртазаның журналистер қауымына берген әділ бағасы. Тілшілердің күнделікті жұмысы қауіп пен қатерге толы. ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша жылына 100-ден аса журналист қызмет бабында ажал құшады екен.
Бүгінде төрткүл әлем коронавирус пандемиясының зардабын бастан кешіруде. Осынау сындарлы сәтте медицина мамандары, тәртіп сақшылары және журналистер қауымы алдыңғы шептен табылды.
Әрине қазір оңай кез емес. Карантинде жатқан жұртшылықтың жүйкесі сыр беруде. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесінде журналистика саласының мамандарының еңбегін ерекше бағалап, ел басына күн туған сәтте жедел ақпараттың жаршысы болып жүргендері үшін алғысын білдірді. Президенттің бұл ниеті адал еңбекке берілген әділ баға. Алайда журналистер қауымы мадақ пен құрмет үшін жұмыс жасамайтыны анық. Оларды күнделікті қызметке жетелейтін ақпарат саласына деген адалдық.
Оқшаулауда жатқан көпшілік бүгінде мұндай жағдайға үйренісе алмауда. Осы кезде тілшілер қауымы көпшілікке басу айтып, жедел, әрі дәйекті жаңалық жеткізуде.
Қасым-Жомарт Кемелұлы әлі коронавирус індетіне қарсы вакцина табылмағанын айтты. Инфекция жұқтырмаудың бірден-бір амалы – ол өз-өзіңді оқшаулап, үйде болу. Бұл ретте менің әріптестерім тұрғындарды үйден шықпай, барынша сақтақ шараларын ұстануға үндеуде.
Сондай-ақ Президент аграрлық саланы алшаң бастыру мәселесіне де басымдық берді. Көптеген сарапшылар коронавирус пандемиясынан кейін ауыл шаруашылығы саласы үлкен шығынға бататындығын болжауда. Алайда мемлекетіміз бұл бағытқа 200 миллиард теңге бөліп, қазірден қам жасап жатыр. Аталған қаржы асыраушы салаға серпін беріп, жұмысын жүйелейді деп сенеміз. Ал мұндағы жетістіктер мен толайым табыстарды әрине әріптестерім қалт жібермейтіні анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.