Қоғам

Журналистер – шындықтың жебесі

Written by Aray2005

Қасиетті қазақ әдебиеті мен сөз құдіретіне төр ұсынған төл баспасөздің тау тұлғасы, шындықтың шырақшысы, ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртазаның осы сөзі қаламды қару еткен әрбір сала сардарының жүрек ұранына айналғаны қашан. Міне, туғаны жоқ тура бидей тар жолмен тайғақ кешіп, өмірдің өзінен ашық сұхбат алып, қоғамды қаламмен бейнелеп, сөзбен суреттеп, тарихпен тілдесіп, болашақпен үндесіп, адалдыққа ант берген елдің елшілері, шындық пен ақиқаттың кеншілері – журналистер мерекесі де келіп жетті.

Бабалар өсиетін ұран еткен журналистер қауымын елдің жоғын жоқтаушы, барын бағамдап, жанайқайын жақтаушы десек, бұл байланыс және ақпарат қызметкерлерінің мерекесі шындық пен әділдіктің, ақиқат пен адалдықтың мейрамы деп ауыз толтырып айтуға болады. Оның себебін талантты ақын Төлеген Айбергеновтің:
Егер түзу өспесе кей бәйтерек,
Қисықты да біз түзу деп
Қабылдар ма ек, қайтер ек?
Егер де сен туралықтар жеңсін десең әлемде,
Өзгелердің қисықтығын тура тұрып дәлелде, – деген бір-ақ шумақ өлеңімен де түсіндіріп беруге болады.
Міне, мұқым елдің мүддесін қорғап, жалпақ жұртқа ақиқатты жеткізген әріптестер ғұмырының әрбір әлқиссасы қоғаммен, халықтың тайқазандай бұрқылдап қайнаған тіршілігімен тығыз байланысты. Шерағамыз өзінің өсиетті сөзінің бірінде «Президент – ел бастаушы, журналист – жол бастаушы» деп айтқаны бар. Жол бастау үшін де зор жауапкершілік қажет екені айтпасақ та түсінікті.
Әрине, журналистика адамзаттың даму тарихындағы ең ежелгі мамандықтардың бірі екені бесенеден белгілі. Оны тіпті алғашқы тіршілік кезеңіндегі тасқа қашалған бейне жазулардан-ақ аңғару қиын емес. «Газет –халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды», деп Ахмет Байтұрсынов таным-түйсігімізге таңбалаған тұжырым әлі де өз тұғырынан түскен жоқ. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысы аралығында қалыптасқан қазақ баспасөзі бұл күнде жарық жылдамдығымен жарысып, уақыттың жалына жармасып жан-жақты жетілуде.
Шындық көзге шұқиды қашаннан да,
Шыбын жаның шындықтан қаша алған ба.
Ар-ақиқат үкімі жасалғанда,
Қолға тұрар ноқтасыз асаулар да, – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, ар туының астында күн сөнгенше сөнбеуге серт берген сайыпқыран журналистер қазіргідей қарбалас заматта халықтың сөзін сөйлеп, «айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша, Жылдам хабар алғызып» һәм таратудың хас шеберіне айналды десек, артық айтқандық емес.
Себебі өмірдің күрес екені әлмисақтан мәлім. Оның ішінде қоғамдық ойды қалыптастыруға қызмет ететін жанның күрескер болмауы мүмкін де емес. Сондықтан саладағы әріптестерді әділдіктің әскері деп әспеттесек те жарасады.
Өтірік жырдың қайдағы,
Болмайсың жетіп шетіне.
Ақиқат – сөздің қаймағы,
Тұрмайды шықпай бетіне, – деп қазақтың Қадір Мырза Әлі атты қабырғалы ақыны айтпақшы, сөздің қаймағын өмірден сүзіп алып, санаға сеуіп, жүрекке құятын қаламгерлер қауымының еңбегі тұғырдай биік, теңіздей тұңғиық.
«Ата алмасам – маған серт, атылмасаң– саған серт» деп аңшының мылтығымен серттескеніндей қазақ журналистика қарашаңырағының табалдырығынан алшаң басып аттаған әрбір қаламгердің басты ұстанымы – халық, Отан, болашақ болғаны көңіл қуантады. Себебі жазудың киесі мен сөз құдіретінде сонау «Түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым» деп балбал тасқа баллада жазған Күлтегін бабалардың рухы, ар-намыс, тектілігі бар.
Ерте есейдім тіршіліктің тезінен,
Кейде өзіме қараймын өзге көзімен.
Ақ қағазды алдыма алған сәттерде,
Ар сотында отырғандай сезінем, – деп Нарша Қашағанұлы жырлағандай, ақпарат заманында адалдықты ту еткен қаламгерлердің де қоғамдағы орны орасан, бейнеті мол. Оның шындықты іздеп бармайтын жері, баспайтын тауы, ашпайтын есігі жоқ. Өмірдің ғажабын да, азабын да, қоғамның жақсылығын да, жамандығын да жазады. Өзіне қажет ақпаратты жер-көкті кезіп, шартарапты шарлап, тірнектеп, тер төгіп, теріп жүріп жинайды. Сол ізденістің барысында таңғажайып сәттерді, адам айтса сенгісіз сұмдық оқиғаларды, қилы-қилы күрделі процестерді бастан кешіреді. Қызмет бабындағы кәсіби бәсеке – өз алдына бөлек дүние.
Қорыта айтқанда, ол – ғалым, жазушы, шаруа, романтик, суретші, ол – халықтың сөзі, бұқараның өзі. Ол– мінездің адамы һәм өз ісінің құлы, шындықтың адал досы. Сондықтан «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп хакім Абай айтпақшы, мереке қарсаңында мылтықсыз майдандағы оқ пен оттың арасында жүріп, ұлт тағдыры мен ұрпақтың болашағы жолында бидей биік ойлап, шешендей шебер сөйлеп, батырдай батыл айтатын әріптестер қауымына толағай табыс, шалқар шабыт, сарқылмас бақыт тілейміз. Қазақ журналистикасын өнер деңгейіне жеткізетін өрелі де өнегелі істеріңіз мол болсын!

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР