Жамбыл жаңалықтары

Журналистерге ерекше құрмет

Written by Aray2005

Әлемді ақпарат билеген бүгінгі алмағайып заманда бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі орасан. Биліктің тыныс-тіршілігінен бастап бұқараның тағдырына алаңдап, көрген-білгенін көпшілікке кіршіксіз жеткізіп, шындықтың шырақшысына, қоғамның айнасына айналған журналистер қауымының қашанда қазақтың қазыналы қаранар қаламгері Шерхан Мұртаза айтып кеткендей «жегені жантақ» болғанымен, «арқалағаны алтын».
Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Arai Plaza» бизнес орталығының салтанат сарайында облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған жиында ар алдында адал болуға серт беріп, қаламды жанына серік еткен жамбылдық журналистер қауымын, осы сала қызметкерлері арасында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздарын марапаттап, қуанышты еселей түсті. Салтанатты басқосу шымылдығы өңір басшысының өзекжарды лебіз-тілегімен ашылды.
– Елдегі атқарылып жатқан саясат, Елбасының халыққа Жолдауларын, қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, басқа да саяси-экономикалық маңызы бар құжаттарды, осылардың мазмұны мен халыққа берер пайдасын халыққа жеткізіп жүрген облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы орасан зор деп айтуға болады.
Тек қана Жолдауға, Елбасының идеологиялық маңызы бар мақалаларына, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді саяси құжаттарға қатысты 1 500-ден астам әртүрлі мақала мен телехабар берілген болса, облыстағы әлеуметтік-экономикалық саясатқа, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты 2 мыңнан астам мақала жарияланыпты. Осының өзі сіздердің атқарған жұмыстарыңыздың ауқымының қаншалықты көп әрі маңызды екенін көрсетсе керек. Сондықтан атқарған жұмыстарыңызға үлкен алғысымызды білдіремін. Осылай бұқара мен биліктің арасында көпір қызметінде жүрген сіздермен алдағы уақытта да, келе жатқан жаңа жылда да бірлесіп мол жұмыс атқарамыз деген сенімдемін. Алғысымызды айта отырып, Жаңа жыл мерекесімен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Жұмыстарыңыз тек қана табыс пен жетістіктерге жетелеуіне шын жүректен тілектеспін. Әрбір отбасыға береке мен бірлік, ынтымақ пен бақыт қонсын! – деді Асқар Исабекұлы.
Мерекелік шара барысында облыс басшысы Асқар Исабекұлы республикалық «Qazaqstan-Zamanу» газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбаеваға, облыстық «Знамя труда» газетінің директор-Бас редакторы Бекет Момынқұлға, республикалық «Экспресс К» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Галина Выборноваға, облыстық «77 TV» телеарнасының шеф редакторы Күләш Өмірзақоваға, оңтүстік аймақтық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабайға, халықаралық «Kazıіnform» ақпараттық агенттігінің меншікті тілшісі Галина Скрипникке, облыстық «Aq jol» газетінің директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлына және еңбек ардагері, журналист Владимир Касаренкоға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тағып, сала майталмандарының мерейін асқақтатып тастады. Бұдан кейін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен рухани өмірі туралы сала саңлақтарының арасында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздарына марапаттарын облыс басшысының өзі табыстады. Дарындылар додасының қорытындысы бойынша «Үздік журналистік материал» жазып 1-орынды республикалық «Казахстанская правда» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Михаил Те, 2-орынды республикалық «Экспресс К» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Галина Выборнова, жүлделі 3-орынды республикалық «Караван» газетінің меншікті тілшісі Шухрат Хашимов иеленсе, осы аталым бойынша белгілі журналист, республикалық «Құқықтық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Қалыбек Атжан, облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің тілшісі Марат Диханбаев, Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің тілшісі Динара Батырхаирова ынталандыру марапаттарына лайық деп танылды. «Үздік талдамалық мақала» аталымы бойынша әріптесіміз, облыстық «ARAI» газетінің бөлім меңгерушісі Саятхан Сатылғанов 1-орынды, облыстық «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі Амангелді Әбіл 2-орынды, облыстық «Знамя труда» газетінің бөлім басшысы Көкен Оршабеков 3-орынды қанжығаға басты. Осы аталым бойынша «Әулиеата» газетінің директор-Бас редакторы Олжас Иемберген, қалалық «Jambyl-Taraz» газеті бас редакторының орынбасары Бекнұр Сатыбалдиев, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Камила Борашова, «Салық тәртібі» газетінің тілшісі Ернар Әбдіразақ ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Ал «Үздік теледидарлық сюжет» аталымы бойынша республикалық «Хабар 24» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Руслан Әбдуәлиев 1-орынды, «Qazaqstan» ұлттық арнасының меншікті тілшісі Сәбит Әлдебай 2-орынды, республикалық «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Қырмызы Молдабекова 3-орынды тақымға басса, «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Анастасия Сулейманова, облыстық «Jambyl» телеарнасының редакторы Қымбат Нұрманалиева, аталмыш арнаның шеф-редакторы Наимбек Багбанов, облыстық «77 TV» телеарнасының шеф-редакторы Мерей Бает пен аталмыш арнаның редакторы Мадияр Уақбаев ынталандыру марапатын алды. Ал «Үздік фотосурет» номинациясы бойынша облыстық «Aq jol» газетінің фототілшісі Ақәділ Рысмахан 1-орыннан, ал облыстық «ARAI» газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай 2-орыннан, облыстық «Знамя труда» газетінің фототілшісі Виктор Барбаш 3-орыннан көрінсе, «Үздік интернет материал» аталымы бойынша «turaninfo.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Исламбек Дастан 1-орынға, халықаралық «Kazıіnform» ақпараттық агенттігінің меншікті тілшісі Галина Скрипник 2-орынға, «Zhambyl news» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Гүлбаршын Құланбаева 3-орынға ие болды. Бұл аталым бойынша ақпараттық аналитикалық «ec-sport.kz» порталының журналисі Елена Ефимова ынталандыру сыйлығына лайық деп танылды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге облыс әкімі диплом мен ақшалай сыйлықтар тарту етті.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР