Жамбыл жаңалықтары

Журналистиканы жетілдіру – маңызды міндет

Кеше облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының «БАҚ-тың контент сапасына талдау жүргізетін сараптамалық топтың қызметін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Руханият» ақпараттық талдау және мониторинг орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті. Семинар жұмысына жергілікті басылымдардың редакторлары мен тілшілері және мемлекеттік мекемелердің, аудан әкімдіктерінің баспасөз қызметінің мамандары қатысты.

Журналистер мен баспасөз қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруды мақсат еткен жиында саланың майталман мамандары өз тәжірибелерін ортаға салды. Семинар-тренинг жұмысына арнайы қатысқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы Асылхан Әбдірайым бүгінгі БАҚ-тағы фотожурналистиканың ықпалына ерекше назар аударды. Ал, баспасөз саласының ардагері Мақұлбек Рысдәулет жас тілшілерге газет-журнал ісіндегі жанрлық, стильдік ерекшеліктер турасында дәріс оқыды. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбаева семинар-тренинг қатысушыларын мемлекеттік мекемелердегі баспасөз қызметі жұмысын үйлестіру мәселесіне жан-жақты тоқталды.
Шараның екінші бөлімі шеберлік дәрісі сипатында өрбіді. Сондай-ақ, жергілікті басылымдардағы жарияланымдарға 5 контент бойынша жүргізілген талдаудың қорытындылары жарияланды. Журналистика ардагері Сапарғали Әлібай облыстағы қазақ тілді басылым журналистерінің экономикалық көрсеткіштер мен тарихи мәліметтерді дұрыс қолданбау, сан есімнен кейінгі зат есімге көптік жалғауын жалғау, дефис пен сызықшаны ретімен пайдаланбау сынды қателіктерге жиі жол беретіндігін тілге тиек етті. Өз кезегінде, ардагер-журналист бұл кемшіліктерді жоюда шығармашылық ұжымдардың экономистер мен қаржыгерлердің біліктілігіне сүйенудің нәтижелі болатындығын атап өтті. Ал, орыс тілді басылымдар мен электрондық БАҚ-тағы мәтіндерге талдау жүргізген «Знамя труда» газетінің бөлім редакторы Көкен Оршабеков көп жағдайда редакторлардың материалдың өзектілігі мен орфография заңдылықтарын сақтауға атүсті қарайтындығына назар аударды. Келесі сәтте облыстық «AO JOL», «Знамя труда» «ARAІ» газеттерінің бас редакторлары сөз алып, басылымдардың сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Басқосу соңында семинар-тренинг қатысушыларына арнайы сертификаттар табыс етілді.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР