Жұртшылықтың мұңы – жайылымның жыры

0 21

Жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, алдымен Тереңөзек ауылының тұрғындарымен кездесті.

Тереңөзек ауылының тұрғындарын толғандырған жайылым тапшылығы мәселесінің мән-жайымен танысқан Бердібек Машбекұлы жұртшылықтың талап-тілегі ескерусіз қалмайтынын, заң аясында шешілетінін атап өтті. Ал аудан әкімі Ерболат Садырқұлов мәнді мәселені шешу жолдарын ұсынды. Жалпы аталған ауылдық округтің жер көлемі 60 175 гектарды құраса, жайылымдық жер көлемі 757 гектар екен. Ауылда жыл сайын мал саны да артып келеді.
– Тиісті заңнама бойынша мал жайылымы әрбір ірі қараға 3 гектарға дейін, әр ұсақ малға 1,5 гектар көлемінде болуы тиіс. Дегенмен заңнама сақталмаған. Малды бірдейлендіру базасы негізінде 46 шаруа қожалықтан мал тіркелмегені анықталып отыр. Игерілмеген жайылым жердің жалпы жер көлемі 7 360 гектарды құрайды. Ауылдағы шаруа қожалықтарда 42 056 гектар жайылым болса, осы қожалықтардың еншісінде 781 мүйізді ірі қара, 20 988 ұсақ мал, 635 жылқы бар. Демек, әлгінде айтылған нормативке сай осынау көлемдегі төрт түліктің жайылуы үшін 29 437 гектар жайылым қажет. Енді ауыл маңындағы жерге сыймаған малды сырттағы артық 12 622 гектар жайылымға шығару қажет, – деді аудан әкімі Е.Садырқұлов.
Яғни ауыл тұрғындары қолдарына күнделікті сойыс малдары мен сауылатын түліктерін алып қалып, қалған малды қыстау мен жайлауға шығаруы керек.

– Ауылда жайылым мәселесі былтырдан бері көтеріліп келе жатыр. Дегенмен шешілетін емес. Заң бойынша ауылға 5 шақырымға дейін егістік жер болмауы тиіс. Бірақ бұл да сақталмаған. Ауылда шабындық та мүлде қарастырылмаған. Біздегі жайылымдық алқаптан барлығы шаруа қожалықтарға өтіп кеткен,– дейді ауыл тұрғыны Қаныш Тышқанов.
Тағы бір ауыл тұрғыны Алпыс Дүрменов ауылдықтарға үлестіріліп берілген жерді қайта қарау қажеттігін жеткізді. Себебі ондай жер иелерінің бірқатары қайтыс болса, арасында ауылдан көшіп кеткендері де баршылық екен.
– Жер ауыл тұрғындарына дұрыс үлестіріліп берілмегендіктен осындай жағдайға жетіп отырмыз. Рас, ауылда «Береке» және «Жүнісқадыр» секілді ірі шаруа қожалықтары бар. Олардан зиян көріп отырған жоқпыз. Мұндағы мәселе – үлестіріліп берген жерді сырттан келгендерге жалға беріп отырған азаматтардың әрекеті. Жерді жалға алушы шаруа қожалықтар мал айдап өтетін аумақ қарастырмайды, – дейді тұрғын А.Дүрменов.
Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдаған аймақ басшысы талаптары орынды екенін тілге тиек етіп, жерді тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
– Ауыл маңындағы жерді халық дұрыс пайдалануы тиіс. Пайдаланылмай жатқан жердің барлығы қайтарылады. Жер халыққа қызмет етуі қажет. Оған тұрғындар малын бағып, егінін егу керек. Жалпы айтқанда, мәселе ашық шешіледі. Алдағы уақытта ауыл маңындағы жер иелері анықталып, олармен жұмыс жүргізіледі. Пайдаланылмайтын болса, жер бірден ауылдық округтің меншігіне өтеді. Шынында да кейбір шаруа қожалықтардың жері көп, бірақ малы аз. Олардың артық жері халықтың пайдасына берілуі тиіс. Сонымен қатар тұрғындар үй іргесіндегі жерді тиімді қолданғаны абзал. Ауылдағы шаруа қожалықтарды біріктіру де маңызды. Себебі олар бірігетін болса, несие арқылы техника алуға болады. Бұдан кейін жер де тиімді пайдаланылады, – деді Бердібек Машбекұлы.
Өз кезегінде облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов шаруа қожалықтарға ауыл сыртындағы жерінен таудағы жайылымға тікелей шығып кететін арнайы орын қарастыратынын мәлім етті. Бұл жөнінде қожалық басшыларымен келіссөздер жүргізіліпті. Сондай-ақ басқарма басшысы алдағы уақытта пайдаланылмай жатқан жерді ауыл меншігіне қайтару жұмысы белсенді жүргізілетінін де атап өтті. Осылайша аймақ басшысының араласуымен түйінді мәселе оңтайлы шешілетін болды.
Келесі кезекте облыс әкімі Өрнек ауылдық округіне қарасты Сұмқайты ауылындағы «Шәушен» шаруа қожалығының малды бордақылап сою, етті тоңазытып сақтау кешенінде болды. 1997 жылы құрылған шаруашылықты Балжан Қодасова басқарады. Жүйелі жұмысы, тындырымды тірлігі арқылы елімізге танылған қожалық қазіргі таңда 25 000 қой мен 2 000 жылқы бағып отыр. Кезінде негізін Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев қалап кеткен қожалық бүгінде 1 050 қой, 130 жылқы бордақылап, ауданнан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласына да ет жөнелтуде. Ол үшін заманауи мал сою алаңы да қарастырылған. Қожалық басшысының сөзінше, ол алаңда тәулігіне 200 қой, 50 ірі мал союға болады екен. Қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі ондағы жұмысқа жоғары бағасын берді. Өз кезегінде Б.Қодасова алдағы уақытта ет комбинатын үлкейтуді жоспарлап отырғандарын, алайда ол үшін жол мен көгілдір отын мәселесі шешілсе деген ұсынысын жеткізді.
Мұнан соң өңір басшысы Малдыбай ауылындағы «Луговой жылқы зауыты» серіктестігінің жұмысшыларымен кездесті. Мал азығын дайындаумен айналысып отырған серіктестіктің өткен жылдың қыркүйегі мен 2021 жылдың қаңтар айлары аралығында 261 жұмысшыға жалақы берешегі 100,6 миллион теңгені құрапты. Серіктестік басшысы Александр Линниктің сөзінше, бүгінгі таңда жұмысшылар алдындағы берешектің 82 миллион теңгесі төленген. Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановқа серіктестікке берілетін субсидияны 20 наурызға дейін беруді тапсырды. Осылайша, серіктестік жұмысшылар алдындағы берешегінен толық құтылатын болады.
Серіктестіктің алдағы жоспары ауқымды. Облыс басшылығынан қолдау болса, зауыт аумағындағы көкөніс сақтауға арналған ескі қойманы кәдеге жаратуды жоспарлап отырған көрінеді. Қоймаға теміржол тұйығы келіп тұр. Өнімді көлікпен кіргізу мүмкіндігі де қарастырылған. Сондай-ақ өнімді артуға арналған конвейер қанағаттанарлық жағдайда. Ауа тазарту құрылғылары да жұмыс істейді. Аймақ басшысы қойманы аралап көріп, жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін сала мамандарына тапсырмалар берді. Енді олар алдағы уақытта зерделеу жұмыстарын жүргізбек.
Бердібек Сапарбаев ауданға жұмыс сапары барысында «Ақтоған» шаруа қожалығының да жай-күйін көзбен көрді. Сейт-Хасан Ахаев басқаратын қожалық жылына 2 300 тонна ұн, 750 тонна макарон өндіреді екен. Бүгінде 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында орташа жалақы 90 мың теңгені құрайды. Әрі өнім бағасы нарық бағасынан арзан. Кәсіпорын жұмысымен танысқан өңір басшысы мұндағы жұмысқа да көңілі толатынын білдірді.
Жалпы аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – егін шаруашылығы. Бүгінгі таңда ауданда егін шаруашылығы тың серпінпен дамып, соңғы жылдардағы нәтижесі көпке үлгі болып отыр. Өз кезегінде аудан басшылығы тиісті шараларды қабылдап, тиімді жағдай жасап отыр. Айта кетерлігі, биылға дейін шаруалар техникаға қажетті жанар-жағармайды Жамбыл және Меркі аудандарынан тасымалдап келген болатын. Бұл шаруаларға тиімсіз екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан аудан басшылығы өткен жылы мұнай өнімдерін сақтайтын «WeDo Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған болатын. Ауданға сапары барысында облыс әкімі аталған мекемеге арнайы ат басын бұрды. Бүгінде 2 500 тонна мұнай сақтай алатын мекеме қосымша тыңайтқыш сақтайтын қойма да қарастырып қойыпты. Бұл өз кезегінде шаруалар үшін өте қолайлы бола түспек.
Облыс әкімі ауданға жұмыс сапарын «Ботпай-Сихым» каналының жұмысымен танысумен тәмамдады. «ҚазСуШар» мекеме­сіне қарасты канал күрделі жөндеуді талап етеді екен. Осы уақытқа дейін сала мамандары талай рет жамап-жасқағанымен канал бетондарын түбегейлі қалпына келтіре алмапты. Канал жұмысымен танысқан облыс әкімі аудандағы су ұңғымаларын да қалпына келтіру мәселесін көтерді. Өз кезегінде аудандағы ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары аймақ басшысына механикалық жасаққа су ұңғымаларын тазарту техникаларын алу туралы ұсынысын білдірді. Облыс әкімі ұсыныстары орынды екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта қаралатынын жеткізді.

Шынболат Сейдуалиев,

Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.