Рухани жаңғыру

Жусаны жұпар туған жердегі жүздесу

Written by Aray2005

Топырағы текті, даласы дастан, талай баһадүрлер мен сөз сүлейлерінің, өмірі өнегеге, тағдыры тағылымға айналған би-шешендердің, өнер иелерінің туған жері Талас өңірінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына арқау болған «Туған жер» бағдарламасы аясында «Ән-жырымыз саған арналады, туған жер!» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Ұлт көшбасшысы өзінің мағыналы мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер» деп терең ой тастаған еді.
Расымен, тұғырлы туған жердің төрін кеңейткен әрбір перзент өз талантымен алтын бесігіне еңселі ескерткіш орнатуды парыз санайды. Батыр елін жаудан, би даудан қорғаса, ақын жыр, сазгер ән арнайды. Міне, талай талант түлеп ұшқан Талас ауданында осындай өнер иелерімен өнегелі кездесу өтті. Шарапаты мол шараны Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.
Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында өткен игі басқосуға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Әуезхан Салабеков, республикалық «Үкілі үміт» сазгерлер байқауының лауреаты Сәрсенбек Бәкір, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова, республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, сатирик-ақын Сабырғали Рысбаев, бірталай жыр мүшәйралары мен ақындар айтысының жеңімпазы, облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі Есет Досалы, республикалық Серік Томанов, Жұматай Жақыпбаев атындағы мүшәйралардың бас жүлдегері, облыстық «ARAI» жастар газетінің бөлім меңгерушісі Нұржан Қадірәлі және республикалық «Жас қанат» байқауының дипломанты Асқар Жылқыбаев қатысып, туған жерге арнаған толғауларын, ән мен жырын төгіп салды. Ә.Салабеков «Бауырларыма» және белгілі таластық ақын Нарша Қашағанұлының сөзіне жазылған «Хат жазып тұр» әнін шырқаса, Ү.Битенова «Ақ қанат көбелек – әппақ қар» һәм Н.Қашағанұлының «Ұмыта алмайсың мені» атты лирикалық жырына жазылған әнін орындады. Жас ақын Н.Қадірәлі өзінің туып-өскен ауданға қарасты Қызыләуіт ауылына арнаған «Ауыл» және «Қазақи рух» өлеңдерін оқып, көпшіліктің көңілін тебірентсе, Ә.Тінәлінің әсерлі ән толғаулары өнерсүйер тыңдарманның жүрегін елжіретті. Ақын Е.Досалы композитор Ә.Тінәліге арнаған «Несіпбайдың ыңылы» жыры мен «Көктөбеге сағыныш» өлеңін оқып, ел қошеметіне бөленсе, С.Бәкір белгілі таластық ақын Серік Томановтың сөзіне жазылған «Соғады сен деп жүрегім» әнін шырқап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Мұнан соң ақын Ү.Битенова «Музаны жоқтау» жырымен қатар:
Бірдей көрген көсемін де, шешенін,
Маған ыстық жоқты-барды осы елім.
«Осы еліммен өссем бірге өсемін,
Осы еліммен өшсем бірге өшемін!»
Жан-тәніммен сүйген оңы-терісін,
Осы елімнен артық ел жоқ мен үшін.
Елім осы – еркелеткен мені шын,
Мен де өлгенше қызмет етем ел үшін! – деп төгілген «Елім осы» өлеңін жүрекпен оқып, халықты рухтандырып тастады. Ал, А.Жылқыбаев «құлақтан кіріп, бойды алар» «Ақкөлім», «Аққуым– асыл еркем» атты әсем әндерін паш етті.
Сән-салтанаты жарасқан кеште сөз тізгіндеген Талас ауданы әкімінің орынбасары Қадірбек Сәдубаев ақын-сазгерлердің өміршең өнер туындыларының әсерлілігіне, мағынасының тереңдігіне мән беріп, шығармашылықтарына шалқар шабыт, телегей табыс тілеп, алғысын жеткізді. Кешті ұйымдастырып, басы-қасында жүрген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспановтың айтуынша, бұл шара алдағы уақытта дәстүрге айналып, «Таластың Таразға тартуы» атты игі шараға ұласпақ.

Елдар БОРАНБЕК
Талас ауданы

ПІКІР