"Тарих. Таным. Тағылым."

Жұт жалғыз келмеді

Тарихымыздағы аса қасіретті кезеңнің жабық беттері Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ашыла бастады. Бұл орайда, Елбасының бастамасымен 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының қабылдануы халық үшін үлкен серпіліс әкелді. Содан бері нақ 25 жыл өткен екен. Бұл аралықта қайта-қайта тарихқа үңіліп, құжаттарды парақтап, зерделеу, іздестіру жұмыстары жүргізілді. Көптеген кітаптар шығарылып, мақалалар жазылды, ғылыми сараптаулар жасалынды. Нәтижесінде тарихымыздағы ақтаңдақ беттер ел есінде мәңгі сақталуы үшін 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп бекітілді.

Осы орайда, біз өткен тарихымызға көз жүгірту мақсатымен нәубет жылдар туралы архивтерде сақталған деректерге тоқталуды жөн санадық.
Небір нәубетті басынан өткерген қазақ елі қиындық атаулыға төзе білген әрі оның әрбірінен өмірлік тәжірибе жинақтап, сол арқылы түбі жеңіске жетіп отырды. Алайда, бірінен соң бірі жалғасқан жұт қазақтың жанын одан бетер қайыстырды.

Архив құжаттарына үңілсек, ашаршылық сонау 1914 жылдары басталғанын көреміз. Бұл ашаршылық жылдары қазақ тарихында «кіші жылан» атымен аталып, оның зардаптарын жою үшін қазақтың біртуар азаматы Т.Рысқұлов барын салғаны белгілі. Алайда, 1920 жылға дейінгі аралықта ашаршылық салдарынан Әулиеата жеріндегі халық саны екі есеге, яғни шамамен екі жүз мыңға кемігені жайында архив құжаттарында нақты деректер бар. Бір жұттан айыға бастаған халық жаңа реформа салдарынан бірнеше жұтқа жолықты. Әуелі қазақтарды күштеп ұжымдастырмақ болып, онысы жоспарлағандай жүзеге аспады. Кейін қазақтың малын бірінші байынан, кейін орта шаруасынан тартып алды. Зардабы – ашаршылық болды.

Халықта ашаршылық жылдарының бұл кезеңін «үлкен жылан» деп атады. Бұл жайында және қазақтардың ел-жұртын тастап, өзге жаққа қоныс аударып жатқандары туралы сол кездегі РСФСР Халық Комиссариаты кеңесі төрағасының орынбасары болған Тұрар Рысқұлов 1933 жылы 9 наурызда Сталин, Каганович, Молотовтарға жазған хатында сөз етеді. Қоныс аударушылардың арасында діттеген жеріне жете алмай, жол бойы жан тапсырғаны жайлы жазды: «1932 жылдың қараша айында қонысынан ауғандардың хал-жағдайы Қазақстанның өз ішінде де мәз емес. Көптеген қалалар (Әулиеата, Шымкент, Семей, Қызылорда және т.б.) мен темір жол станцияларында өлген қазақтардың мәйітін күн сайын қала сыртына алып кетіп жатады. Шу ауданында, аудан орталығы Ново-Тройцк селосында күн сайын  10-12 қазақ өледі, сондай-ақ, ауданнан коммунистердің 60 проценті кетіп қалған (уәкіл Жандосов жолдастың айтуы бойынша). Сарысу ауданындағы 7 000 қожалықтан тек 500-дей қожалық қалған, өзгелері Әулиеатаға және басқа аудандарға көшіп кеткен, ал, бірсыпырасы тіпті орталық Қазақстанға ауып барған. Қараша айында осы ауданнан әлденеше жүздеген қазақ тайлы-тұяғы қалмай шұбырып ұзақ жолға шыққан. Осы жол үстінде олардың біразы қаза тапқан. Қаңтардың (1933 жыл) екінші бескүндігінде ғана 24 адамның сүйегі табылған. Жолда оларға қарулы қарақшылар шабуыл жасаған. Шарасы қалмаған әйелдер балаларын суға лақтырған. 5-6 қаңтарда Әулиеатаның шайханаларында үсіп өлген 20 баланың сүйектері жинап алынған және сол мерзім аралығында 84 ересек адам аштан өлген».

Осы хатында Тұрар Рысқұлов отырықшыландыру ісін 3 жылда жүзеге асыру мүмкін емес екенін тағы да сөз етеді. Оған жұмсалатын қаржы ресурстарының мөлшері аз екенін және оның өндірістік тиімділігі мардымсыз екенін жазды. Мысалды да орынды келтіреді. 1932 жылы Меркі ауданының қой өсіретін 16 совхозында 12 636 қой өліп, талан-таражға түссе, Талас совхозында 1932 жылы 29 000 қой қырылған. Осы атышулы хатында Тұрар Рысқұлов ұлттық шовинизм туралы ашық жазады. Қазақтарды зәбірлеу, мүлкін тартып алу, жазықсыз қамауға алу, ұрып-соғу, негізсіз топ-тобымен жұмыстан шығару, жалақысын бермеу, тағы да басқа көріністердің жиі кездесетінін ашына жеткізеді. Тіпті, кейбір ауылдарда қазақтардың үйлерін тінтіп, жылқыларын және үй мүліктерін тартып алған. Онымен қоймай сілейте сабайтыны жайлы айта келіп, «шектен шыққан шовинизм және айналасындағы қазақтардың мүдделерін елеп-ескермеушілік етек алған. Бас-көз болып, халыққа жәрдем берудің орнына кейбір совхоздар мейлінше қырсыздық көрсетіп, ұлыдержавалық шовинизмге бой ұрып отыр. Ал, барлық совхоздардың 30 миллион гектардан астам жер көлемінің едәуір бөлігі қазақ аудандарының үлесіне тиеді, ең шұрайлы жерлер осы аудандардағы тұрғылықты қазақтардан тартып алынып, совхоздарға берілген-ді. Қонысынан ауып, үй-жайларынан айырылған кезде шеккен зияндарын қазақтарға осы күнге дейін төлемеген совхоздар бар» дейді ол.

Халық ашаршылықтан құтыла бастағанымен, зардабынан әлі айықпаған тұста тағы да жұт келді. Бұл жолы өкімет халықтың малын емес, «саналы жанын тәркіледі». 1931 жылы басталған сталиндік саяси қуғын-сүргін 1938 жылдары шарықтау шегіне жеткендей болды. Осы аралықта тек Жамбыл облысынан 5 мыңнан аса адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраса, оның 850-і атылған деседі.

Қалдыкүл БАШЕНОВА,
облыстық мемлекеттік
архивтің директоры

ПІКІР