Жыл басын жақсы көңіл күймен қарсы алды

0 3

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз Наурыз ежелден ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы– Ұлыстың ұлы күнінің орны да, жөні де бөлек.

Тараз қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументі орналасқан арбатта облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Ырыс пен ынтымақтың мерекесі – әз Наурыз» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты шараға ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, олардың шығармашылық топтары, тілдерді дамыту басқармасының мамандары, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері қатысты.
Мерекенің ең шарықтау шегі – сән-салтанаты жарасқан, қарасаң көзтартар ұлттық киімдерін киген этномәдени бірлестіктердің шығармашылық топтарының концерттік бағдарламасы болды. Ерекше әдемі, ашық түстерден ұлттық киімдер үлгісімен өнер көрсеткен этнос өкілдері жиналған жұртшылыққа ұмытылмас көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Аллеяға қарсы бетте арнайы жабдықталып тігілген киіз үйден көпшілік қазақтың ұлттық тағамдары мен наурыз көжеден дәм татты. Сонымен бірге жиынға келген жұрт назарына киіз үй ішінде қазақ халқының ұлттық көрмесі де ұйымдастырылды.
Мерекелік думанды көруге келген қала тұрғындарына облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік тілді оқыту орталығының ұйытқы болуымен ана тілді жетік меңгеруге бағытталған викториналық сұрақтар қойылып, оған дұрыс жауап берген белсенді қатысушыларға түрлі сыйлықтар табыс етілді.
Аталған іс-шара соңы күні кеше ғана өзге этнос өкілдері арасында өткен «Қазақ тілі – ғажап тіл» фестивалінің жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.