«Жыл өткен сайын жаңарған, Жамбылым қандай тамаша!..»

0 1

Қандайда болмасын бастамаға уақыт төреші екені белгілі. Кейбір тұста уақыт сыншы да болып жатады. Алайда өткен жылға өкпе жоқ. Ит жылында игі жобалар қолға алынып, облысымыз дамудың даңғыл жолына түсті. Тарихы тереңнен тамыр тартқан көне шаһарымыз жаңа кейіпке еніп, Тараз тотыдай таранды. Бір кездері болашағы бұлыңғыр көрінген нысандардың келбеті ажарланып, ұмыт қалған құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Әрине, бұл ең бірінші жыл басында облыс тізгінін қолға алған аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің ерен еңбегінің арқасы. Жаны жаңашылдыққа құмар азамат аз уақыттың ішінде облыс орталығын адам танымастай өзгертті. Оны мен айтпасам да қалың бұқара көзбен көріп, тындырымды тірлікке тәнті болуда. «Ел үшін туған ер» деген теңеуді халық осындайда айтса керек.

Түрленген «Жеңіс» саябағы

Өңір басшысы ең алдымен облыс айнасы Тараз қаласының кескін-келбетіне баса назар аударды. Әуелгі жұмыстар қала құрылысы кеңесін құрудан басталып, кейіннен нақты жобалар жанданды. Асқар Исабекұлы игі істі Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын жаңғыртудан бастады. Айта кетерлігі, ондағы жұмыстар біржақты көзқараспен жасалған жоқ. Құрылысты бастамас бұрын шаһар тұрғындарының да пікірлері назарға алынып, ұтымды ұсыныстары ескерілді. «Жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген» осынау ілкімді істің арқасында саябақ жаңаша кейіпке енді. Небәрі екі айдың ішінде «Жеңіс» саябағы еңсесін тіктеп, жасара, жаңара түсті. Бұқаралық ақпарат құралдарынан қаныққанымыз, құрылыс жұмыстарына 300 жұмысшы мен 50 техника жұмылдырылған екен. Нәтижесінде ә дегеннен саябақ алдындағы Ілияс Жансүгіров атындағы көшенің аумағы мен көлемі есептеліп, тасжолға тағы бір жолақ қосылған. Ал кіреберіске ені – 13 метр, биіктігі 8 метр болатын «Ерлік-Подвиг» қақпасы орнатылып, оны қорғап тұрған екі жауынгердің тұлғасы бейнеленді. Саябақтың ортасына бұған дейін қаланың әр тұсында орналасқан «Мәңгілік алау» ескерткіш белгісі және батыр Бауыржанның сом мүсіні қойылды. «Даңқ аллеясындағы» тасқа майдан даласына аттанған 105 мың жамбылдық жауынгердің есімі қашап жазылды. Майданда да, тылда да көзсіз ерлік көрсеткен 48 батырдың кеудесіне тағылған «Алтын жұлдыздар» «Ерлік» мемориалының төрінен орын тапты.
9 мамыр – Жеңіс күніне салтанатты түрде ашылған «Ерлік» мемориалды кешенінен кейін көп күттірмей құрылыстың екінші кезеңі басталды. Бұл кезде тыл еңбеккерлеріне, «Чернобыль» атом электростанциясының зардабын жоюға қатысушыларға және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштердің лентасы қиылды. Тараз қаласы күніне орай ұйымдастырылған шараға Халық қаһарманы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев пен мәжілісмен, Ауған соғысының ардагері, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың арнайы қатысып, өткен күннің өшпес іздерін көппен бірге еске алғаны көңілді толқытты.
«Жеңіс» саябағындағы осындай ауқымды жұмыстарды немерелеріммен аралап көріп, таңдай қаққаным рас. Және перзенттеріме бабалар рухына тағзым, өткенге құрмет деген осы екенін айтып, саналарына сіңірдім.

Жыр алыбы өз орнын енді тапты

Қасиетті Әулиеата топырағы талай дүлдүлдерді тудырғаны белгілі. Олардың бірі де бірегейі – жыр алыбы Жамбыл Жабаев. Облыстың есімін еншілеген жыр жампозының ескерткіші осы таңға дейін ескі көк базар маңында тұрды. Әрине, кезінде көкке көтеріп, баба рухына жасалған тағзым тұғырына қатысты айтар еш уәжім жоқ. Бәлкім, сол заманда Жамбылдың еңселі ескерткіші сол маңға қойылуы қажет болған шығар. Алайда уақыт бір орында тұрмайтыны белгілі. Сондықтан сынаптай сырғыған сағат тілімен біз де жаңашылдыққа, заман талабына сай өзгешелікке ұмтылғанымыз жөн. Осы орайда, аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің Жамбыл Жабаевтың ескерткішін облыс әкімдігі ғимаратының алдына ауыстыру туралы ұсынысы саяси және патриоттық тұрғыдан жасалған ең сәтті шешім деп ойлаймын. Қазір облыс орталығының ең көрнекті жерінде қасқайып тұрған жыр алыбының еңселі ескерткіші қала тұрғындарымен қоса, туристердің назарын өзіне еріксіз аударуда. Сондай-ақ исі қазаққа ортақ алып ақынның ескеркіші өңірдің әдебиеті мен өнегелі өткенінен сыр шертіп тұрғаны тағы ақиқат.
Ескерткіштің ашылу салтанатына барғанымда Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айрықша айтып өткен «Туған жер» жобасы мен «Рухани қазына» бағдарламасының сабақтастығы сыр аңғартқандай болды. Және жиылғандардың жанарынан ескерткішті көшіру туралы ұсыныстың сәтті шешім болғаны анық сезілді. Ал жыр алыбы Жамбылдың болмысы болса, «енді орнымды таптым» дегендей, айналаны ерекше күйге бөлеп, әкімдік ғимараты алдында биіктей түскендей көрінді. Сазды субұрқақ та бұл маңның ажарын аша түсті.

Халық қаһармандарына құрмет

Өтіп бара жатқан ит жылындағы тағы бір игілікті іс – ол Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтың қайта жаңғыртудан өткені болды. Мұндағы бір-бірімен үйлесім тапқан композициялар мен сұлулықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. БАҚ беттеріндегі ақпараттан білгенім, жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайтын саябақтың эскиздік жобасын «Табыс Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген екен. Жобаның жалпы сметалық құны 403,9 миллион теңгені құрапты. Қазір саябаққа бара қалсаң, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткіші қарсы алады. Одан әрі «Желтоқсан, 86» орталығына бас сұқсаң Қ.Рысқұлбековтің жеке заттары мен Желтоқсан оқиғасына облыстан қатысқан жастар туралы деректер, белгілі тұлғалардың жазбалары мен БАҚ-та жарияланған материалдарға қаныға аласың. Сондай-ақ Елбасы мен өзге де ұлы тұлғалардың тәуелсіздік туралы толғаулы сөздері де осы орталықтан орын тауып, өскелең ұрпақты патриоттық сезімге үндеп тұр.
Ал «Тәуелсіздік ұшқыны» стеласындағы алаулаған от желтоқсаншыл жастардың қылышынан қан тамған қызыл империядан қаймықпаған қайсарлығын, егемендікке деген ерік-жігерін аңғартып тұрғандай. Мұнда орын тепкен «Ғибрат» орталығына кіретін болсаңыз, ұлттық сусындарымызға сусындап қайтасыз. Қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық дәстүрмен қызмет көрсететін орталық бүгінде ақсақалдар кеңестерін өткізетін орынға айналуда. Өйткені дәл қасында орналасқан облыстық ардагерлер кеңесінің қариялары қазір осы орталықта бас қосып, келелі мәселелерді кеңесіп шешуде.
Тағы бір айта кетерлігі, саябақта футбол, шахмат, баскетбол, балалар ойын алаңшалары, сауда дүңгіршектері, ролик тебетін орын жасақталып, ұзындығы 633 метрді құрайтын веложол көптің қуанышын еселеп отыр. Екі жүзге жуық қойылған жарықшам саябақты түнде күндізгідей жарық ете түссе, көк шыршалар мен бозарша ағаштары демалыс орнын жасыл желекке бөлеуде.
«Желтоқсан толқыны» субұрқағы болса, бірден келушілердің назарын өзіне аударады. Елімізде баламасы жоқ субұрқақтың ұзындығы 220 метрді құрайды, оның алғашқы толқыны «86» деген қастерлі саннан басталып тұрғанының өзі ғажап. Ал екі жағында пырақ, барыс және самұрық құстың бейнеленіп тұрғаны керемет композициялық үйлесім тапқан. Толқындардың субұрқақтың соңына жетіп, кері қайтқанда тәуелсіздігімізді айқындайтын күн мен бүркіттің көрінісін көрсетуі айрықша әсер сыйлайды. Бұл бастамалардың барлығына облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі тікелей мұрындық болып, эскиздік жобасына идея қосқандығын естіп, тіпті тәнті болдым. Осы орайда, «Желтоқсан толқыны» субұрқағын Гиннес рекордтар кітабына кіргізу туралы ұсыныс жасау қажет деген ойымды айтқым келеді.

«Жас натуралистер» орталығы салынса…

Аймақ басшысы Асқар Исабекұлы Таразды жағажайлы қалаға айналдырды. Бұрнағы кезі тал-дарақтары тарбайып, қоқыс пен қамысқа толған «Ұшбұлақ» каналы қазір адам танымастай өзгерген. Ұзындығы 72 метрлік жаңартылған көпірдің үстінде тұрып, айналаны тамашаласаң көңіл қуанады. 60 метрге дейін кеңейтілген су айдынында аққу жүзіп, үйрек ұшқанын көріп, таңдай қақпаған адам жоқ шығар, сірә. Ал жағалаудағы каналға шығатын 3 пирстан тұрғындар катамарандарға отырып, су бетінде серуен құрып жүргені өз алдына керемет көрініс. Демалыс орындықтарында тыныққан халық, ойын алаңдарында жүгірген балалар, спорттық алаңшаларға жиналған жастар бәрі-бәрі үндесіп тұр. Арагідік су бетінен ақ амур және карп балықтарын көріп қалып, мұндағы жұмыстарда еш нәрсе назардан тыс қалмағанын түйсінесің, әрі сүйсінесің. Шындығын айту керек, мұндай керемет Таразда бұрын-соңды болып па еді?
Алайда бір өкініштісі, үлкен ізденіспен жасалған осынау игі дүниелердің біразы бүгінде бүлінуде. Кейінгі ұрпаққа ұлағат болар бұл жағажайды жас-кәрі демей, тұтас тараздықтар көздің қарашығындай қорғауға тиіс. Өткен жұмада жағалаудағы жаяу жүргіншілер жолағымен келе жатып, бір топ балалардың орындықтардың үстімен жүгіріп, ағаштарын қиратып кетіп жатқанын көзім шалып қалды. «Бұларың не?» десем, олар төбелесуден тайынар емес. Әрине, халықтың бәрін бірдей мәдениеттілікке шақыра алмайсың. Бірақ осы маңға бір полиция бекетін қойса, аталмыш олқылықтар орын алмас па еді деп ойлаймын. Сондай-ақ құқық саласының қызметкерлерінен бөлек, ерікті жастар жасақтарын да бір мезгіл бұл маңды бақылауға алуға жұмылдыру керек сияқты. Тағы бір айта кетерлігі, өзім 20 жыл «Андасай» қаумалын басқарып жүріп, жастарды тәрбиеге шақырудың бірден-бір жолы Табиғат-Анамен етене жақын қылу екенін түсіндім. Ал осы таңға дейін қолға түскен жаралы аңдарды қаумалдың қорықшылары Алматы немесе Шымкент қалаларындағы зообақтарға жөнелтіп жүрді. Зообақ болмаса да бір «Жас натуралистер» орталығы жағажай маңынан ашылса, оған өзіміз бас-көз боларымыз анық. Және жастарды осы орталыққа тартып, Табиғат-Ананың байлығын аялауға тәрбиелеп, бір жағынан жағажайды қамқорлыққа алуға үйретер едік. Сондықтан бұл мәселені облыс әкімі назарға алып, тиісті тапсырмалар береді деп сенемін. Және қала тұрғындары мен қонақтарын қолда бар құндылығымызды бүлдірмей, аялап ұстауға шақырамын.

Тарихтан сыр шерткен Теміржол сквері

Тоғыз жолдың торабын тоғыстырған Тараз қаласында теміржолдың да орны ерек. Ал тарихтан сыр шертіп тұрған «Теміржол вокзалы» аллеясы шағын да болса, сән-салтанатымен айрықша. Қалаға кіреберіс қақпаның бірі теміржол болғандықтан, көне шаһарға келген кез келген қонақ ең алдымен Тараздың тарихи тынысын сезінуі керек. Осы мақсатта облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен жаңғыртудан өткен сквер қандай мақтауға да лайық.
Тарих беттеріне үңілсек, ертеде көне шаһарымыз Талас және Тараз қаласы деп аталған. Ал 1856 жылы Әулиеата болып өзгертілді. Бертін келе 1938 жылы қалаға жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. 1997 жылы болса, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен шаһарға өзінің тарихи Тараз атауы қайтарылып, жаңа дәуірін бастады. Осыған орай жаңғыртудан өткен скверге «Көне Тараз» стеласы қойылып, төрт жағына шаһардың бұрынғы төрт атауы таңбаланды. Сондай-ақ сол тарихи кезеңдегі ұлттық құндылықтарымыз ою-өрнектермен безендірілді.
Стеланың ашылу салтанатында құрылысты «Айя сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 30 миллион теңгеге «Туған жерге тағзым» жобасы аясында жүргізгенін естіп, жаным жадырай түсті. Себебі жеке демеуші есебінен мұндай құнды дүние жасау, Асқар Исабекұлының кәсіпкерлермен мәмілеге келе алатын іскерлік қасиетін көрсетуде.
«Теміржол вокзалы» аллеясына қазір бара қалсаң, жайлы жасалған жолаяқ төсеніштерімен еркін серуендеп, қойылған орындықтарда тыныға аласың. Айналасына қойылған жарықшамдар кез келген уақытта келушілерді құшақ жая қарсы алуға ыңғайластырылған. Бұл сөз жоқ, ел игілігі үшін жасалған дүние.

«Қаралма» – Жамбыл туризмінің жаңа тынысы

Жуалы ауданы «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысы да қазір көпшіліктің жіті назарында. Аймақта бұрын-соңды қолға алынбаған жобаның бойына облыс әкімі Асқар Мырзахметов жан бітіріп, сметалық құны 4 миллиард теңге тұратын алып кешенді келер жылы жамбылдықтарға тарту етпек.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынып жатқан кешен күніне 4 мың адамды қабылдауға қауқарлы. Қазір мұнда Алатаудың шыңынан бастап, баурайымен 2 500 шақырым сырғанау жолақтары және 3 шақырым аспалы жол жүргізілуде. Сондай-ақ кешенде 50 адамға арналған қонақүй және ең кереметі жыл он екі ай туристерге қымыз бен саумал ұсынатын орындар бой көтермек. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінен жеті шақырым қашықтықта орналасқан демалыс аймағы Алматының «Шымбұлағынан» кем түспейді деп күтілуде. Сондықтан бұл кешен әулиеаталықтардың асыға күтіп отырған жобасы. Және «Қаралма» демалыс орны Жамбыл туризмінің жаңа белесі екені даусыз.
Медициналық мекеме салудан көш ілгеріміз Ит жылындағы игілікті тірліктен елді мекендер де шет қалмауда. Мәселен, ҚР Тұңғыш Президенті күні 41 нысан ашылса, соның 32-сі медициналық мекеме болды. Жолдау жүктеген міндет аясында қолға алынған шаруалардың шарапатын ең алдымен Байзақ ауданындағы Шахан, Көкөзен, Жаңатұрмыс, Жібек жолы, Сарыбарақ, Тегістік, Қордай ауданындағы Көкадыр, Меркі ауданындағы Екпінді, Сарысу ауданындағы Шағалалы, Қамқалы, Т.Рысқұлов ауданындағы Шолаққайыңды, Талас ауданындағы Сейілбек, Тұрымқұл ауылдары көрді. Мұндағы нысандар 5 келушіге арналған медициналық пункттер. Сондай-ақ мереке күндері Байзақ ауданындағы Ынтымақ, Жамбыл ауданындағы Бектөбе, Бесағаш, Гродеково, Пригородное, Ақбұлым, Түрксіб, Жуалы ауданындағы Шақпақата,Меркі ауданындағы Мыхан, Сарысу ауданындағы Игілік және Шу ауданындағы Шоқпар ауылдарындағы 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар халыққа есігін айқара ашты. Ал ауысымына 10 келушіге арналған 7 фельдшерлік-акушерлік пункт Байзақ ауданындағы Аймантөбе, Жамбыл ауданындағы Ерназар, Меркі ауданындағы Екпінді, Мойынқұм ауданындағы Ұланбел, Көкжелек, Сарысу ауданындағы Ұйым, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақат және Шу ауданындағы Тасөткел ауылдарында пайдалануға берілді. Ең қуанарлығы, бұл күні ашылған 32 медициналық мекеменің 29-ы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтеріп отыр. Бұдан бөлек Тәуелсіздік күні Байзақ, Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында тағы 7 медициналық нысан ашылып, ел қуанышын еселей түсті. Нәтижесінде ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық көмек көрсету қажеттілігі 84 пайызға өтелуде. Енді сала мамандары келер жылы 40, ал 2020 жылы 25 медициналық мекемелердің құрылысы жүретінін айтуда. Сол сәтте өңірдегі медициналық мекемелерге деген қажеттілік 100 пайызға өтелмек.
Мұндай жағымды жаңалықты жуырда өңірімізге іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновтың да аузынан естіп қалдым. Мәжілісмен Жамбыл облысы халықты медициналық мекемелермен қамту жағынан өзгелерден көш ілгері келе жатқанын баса айтты. Әрине, бұл жүйелі жұмыс пен тындырымды тірлікке берілген баға екені даусыз. Ең бастысы, енді бірер жылда балтыры сыздап, белі ауырғандар алысқа шабылмай-ақ, өз елді мекенінен заманауи ем алуға мүмкіндік туатыны қуантады.

Халықтың алғысынан артық ешнәрсе жоқ

«Су – тіршілік көзі» десек, биыл бірқатар ауылдар көптен күткен ауызсуға қол жеткізді. Атап айтсақ, Тәуелсіздік күні Жамбыл ауданының Тоғызтарау және Пригородное ауылдарындағы сумен қамту жүйесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде бір ғана Тоғызтарау ауылындағы 85 үйдің 45-і орталықтандырылған ауыз суға қосылып, қалған 40 үй жыл соңына дейін таза су тұтынады деп күтілуде. Сонымен қатар алдағы уақытта тоғызтараулықтар көгілдір отынға да қол жеткізеді.
Мұндай қуанышқа Қордай ауданы, Ауқатты ауылының тұрғындары да кенеліп отыр. Жалпы ұзындығы 67,2 шақырымды құраған құбыр арқылы енді ауыл тұрғындары таза ауызсу тұтынбақ. Осы орайда айта кетерлігі, Ауқатты ауылының халқы осыдан жарты ғасыр бұрын орнатылған су кернеуіш мұнараның тозығы жеткенін айтып, сан мәрте шырыл қаққан болатын. Енді міне, олардың су мәселесі толығымен шешімін тауып отыр.
Жыл соңында Таластағы Қызыләуіт ауылына да таза су берілді. Бұған дейін құдық суын пайдаланып келген халықтың қуанышын теледидардан көріп, облыс әкімдігі тарапынан жасалған мұндай баянды бастамаға дән риза болдым. Себебі халықтың алғысынан артық ешнәрсе жоқ.

Ұсыныс пен ұмтылыс

Міне, бұл ит жылында жанданған игі жобалардың бір парасы ғана. Бұдан бөлек облыста жүйесін тауып, тіктеліп жатқан тірліктер аз емес. Және келер жылдан да кемелді бастамалар күтеміз. Бұл жайында аймақ басшысы Асқар Исабекұлы жуырда өткен «Әкім сағаты» бағдарламасында да кеңінен айтып, алда тұрған мақсатты жұмыстарды айқындады. Енді осы орайда, облыс орталығына бір «Ұлы достық символы» атты стела салу туралы ұсынысымды айтқым келеді. Себебі ел тұтастығын ұстап тұрған бірден-бір қасиетіміз – ол бірлік. Осы құндылығымызды кейінгі ұрпаққа ұлықтау үшін облыс орталығынан бір белгі қажет. Мен зейнетке шыққаннан кейін денсаулығыма байланысты Тараз қаласына келіп, республика бойынша алғашқылардың бірі болып «Ұлы шаңырақ» атты ұлт пен ұлыстар татулығын насихаттаған газет аштым. Егер «Ұлы достық символы» стеласын бой көтерте алсақ, бұл да өңірлер арасындағы орнымызды айшықтар еді.
Қалай дегенде де, ең бастысы өңіріміз өрістеп, әлеуметтің әлеуеті арта берсін! Ел үшін ерінбей еңбек еткен, әр ісі көпке қуаныш сыйлаған облыс басшысына тек алғыс жаусын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.