Жыл сайын – жаңа мектеп

0 0

Сапалы білім – мемлекеттің жан-жақты дамуын анықтайтын көрсеткіш әрі экономикалық дамудың кепілі. Осы мақсатты іске асыруда ауданда білім саласын қаржыландыру көлемі жылдан-жылға артып келеді. 2019 жылы білім саласына 10,5 миллиард теңге, 2020 жылы осы мақсатқа 15 миллиард теңге бөлінді.

Биыл өңірде іске асырылатын 173 жобаның 15-і аудандық білім бөліміне бағытталған. Осы жобалардың алтауы «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша, төрт жоба «Ауыл – ел бесігі» аясында, ал бес жоба «Аумақты дамыту» бағдарламасы арқылы жүргізіліп, оған жалпы құны 2 миллиард 690 миллион 312 мың теңге республикалық және облыстық бюджеттен бөлініп отыр.
Атап өтетін бір жайт, жоғарыда аталған жобалар аясында биыл 9 мектеп және бір балабақша күрделі және ағымды жөндеуден өтеді. Мәселен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде төрт мектепке 369,9 миллион теңге (республикалық бюджеттен 332,9 мың, облыстық бюджеттен 37 миллион теңге) қарастырылып, Н.Киікбаев, №1, С.Абланов, Қосақ орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Қостөбе ауылындағы Қостөбе орта мектебіне қосымша ғимарат құрылысын салу жұмыстарын мердігер «Тараз-Ирригация» ЖШС жүргізуде. Үстіміздегі жылдың маусым айында ғимарат іске қосылады деп күтілуде.
Сондай-ақ үш ауысымда оқитын Бурыл ауылындағы Бурыл орта мектебінің мәселесі де оң шешімін тауып, 300 орындық мектептің іргетасы қаланып, құрылыс қарқынды жүруде. Биылғы жылдың наурыз айынан басталған мектеп құрылысы 2021 жылы аяқталып, пайдалануға берілетін болады.
2015 жылы 145,5 миллион теңгеге 1 мектеп (Берікқара орта мектебі), 2019 жылы 1 балабақша («Теремок») күрделі жөндеуден өткен. 2020 жылы облыстық бюджеттен 443,4 миллион теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда Абай орта мектебі мен Түймекент ауылындағы «Қарлығаш» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2015 жылы «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бойынша «Қалаларды және ауылдық елді мекендерді дамыту шеңберінде объектілерді жөндеу» бағдарламасымен 1 балабақша, 4 мектеп ағымдағы жөндеуден өткен болатын. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттің ішкі көздерінің (ДКЗ) қаражаты есебінен 790,8 миллион теңге қаралып, Гоголь, Ш.Уәлиханов, Түймекент, Бурыл мектептері күрделі жөндеуден өтетін болды. Қостөбе мектебінің ғимаратын жөндеуге 52 миллион теңге бөлінді. 35 мектептің ішкі әжетханасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы 128 миллион теңге қарастырылып, бүгінгі таңда жұмыс басталып кетті. Оның 54 миллион теңгесі «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» арқылы, 74 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді.
Білім ошақтарын табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тауып келеді. 2018 жылы Жамбыл, М.Мәметова атындағы және №2 орта мектептері, «Нұр-ай» шағын орталығы көгілдір отынмен қамтылды. Өткен жылы А.Пушкин, Аққия мектептері мен «Саялы», «Ерасыл» бөбекжай-бақшаларының қазандықтары газға көшіріліп, Абай орта мектебіне модульдік қазандық орнатылды. Биыл Ақбозов, №5 орта, Сарыбарақ негізгі мектептеріне және «Балдырған» бөбекжай бақшасына модульдік қазандық орнатуға 95,4 миллион теңге қарастырылып, жылу қазандықтары қауіпсіз аймаққа шығарылатын болады.
Қазіргі уақытта компьютерлік және ақпараттық сауаттылықты арттыру білім беруді дамытудың басым бағыттарының бірі саналады. Осы орайда, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 2018 жылы 46 миллион теңгеге 14 робототехника кабинеті, ал 2019 жылы 24,6 миллион теңгеге 8 кабинет сатып алынды. Биылғы жылы 9 кабинетке 32,1 миллион теңге қарастырылып отыр. Кеңжолақты интернетті қамтамасыз етуге жергілікті қазынадан 65 миллион 521 мың теңге бөлінді.
2019 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназия мен С.Абланов, Ғ.Байтасов, Ә.Жанқұлиев атындағы орта мектептер жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталған еді. Үстіміздегі жылы 2 физика, 2 химия, 2 биология кабинеттеріне құрал-жабдық, 100 дана оқушы компьютері, 200 дана планшет сатып алуға 68,9 миллион теңге қаралды. Білім ошақтарын спорттық құрал-жабдықтармен жарақтандыруға 2019 жылы 3 миллион теңге, 2020 жылы 17 миллион теңге бөлінді. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті коммуналдық-мемлекеттік мекемесіне мүгедек балаларды тасымалдауға арнайы автокөлік сатып алуға 6 миллион теңге қарастырылды.
Жыл өткен сайын оқушылар саны да артып келеді. Мысалы 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы оқушы саны 889-ға артса, 2020 жылы білімгерлер саны 900-ды құрайды деп күтілуде. Сондықтан мектеп желісін ұлғайту бағытында 2018 жылы 300 орындық №4 мектеп-лицей, 2019 жылы Ақшолақ елді мекенінде 120 орындық заманауи білім ордасы пайдалануға берілді.
Ауданда халық санының өсуі мектеп санын арттыруды қажет етуде. Осыған орай 2021 жылы Бурыл ауылында 300 орындық мектеп құрылысы аяқталып, оқушыларға есігін ашатын болады. 2022 жылы Шахан және Сеңкібай ауылдарынан – 100 орындық, Көктал ауылында – 600 орындық және 2023 жылы Сарыкемер ауылынан 600 орындық мектептерді салу жоспарлануда.

Дәуір ДӘУЛЕТОВ,
аудан әкімінің орынбасары,
Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.