Sport

Жыл соңына дейін спорт нысандары 100 пайыз қолжетімді болады

Written by Aray2005

Жамбыл спортының жұлдызы әркез биік. Оны жампоздарымыз әлемдік ареналарда талай мәрте дәлелдеп, көк байрағымызды жеңіс тұғырында желбіретіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында спорт саласына қатысты нақты тапсырмаларын берді. Міне, осы міндеттелген меженің орындалу барысын облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков бұқаралық ақпарат құралдарына берген баспасөз мәслихатында баян етті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты қолдауының арқасында бүгінгі таңда елімізде спорт, оның ішінде бұқаралық спорт түрлері кеңінен дамып келеді.
Бұқаралық спорт ел ертеңі – жастардың бойында ұлттық патриотизм қасиеттерін сіңіру­ге және жергілікті тұрғындарды Президент­тің жүргізіп отырған сындарлы сая­сат маңына топтастыруда айрықша орынға ие болып отыр. Сондықтан да облыс аумағында ұйымдастырылып жатқан спорттық шаралар ұлт бірлігі мен мемлекет тұтастығына, өңірдегі татулық пен бірлікке, ынтымақ пен достықтың қалыпты орнығуының темірқазығына айналып отырғаны уақыт ақиқаты.
Бүгінгі күнге облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 333,9 мыңнан астам адамға немесе 29,6 пайызға жетті. Соның ішінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастар саны 147,4 мың адамды құрап отыр. Сонымен қатар спортпен тұрақты шұғылданатын дене мүмкіндігі шектеулі адамдар қатары 2 746 адам немесе 7,9 пайызды межелеуде.
Қазіргі кезде өңірде облыстың бай спорттық дәстүрін табысты жолға қоюға барын­ша ықпал етіп отырған 48 спорт меке­месі бар. Олардың қатарында спорт түрлері бойынша 6 спорт клубы, «Бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы», «Жоғары спорт шеберлігі мектебі», «Олимпиада жеткін­­шек­терін даярлау орталығы», «Тараз-Арена» спорт сарайы, «Облыстық маман­дан­дырылған дарынды балалар мектеп-интернаты»,Талас ауданындағы «Дене шынық­тыру-сауықтыру кешені», Қордай ауданын­дағы «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы» және балалар мен жасөспірім­дердің 35 спорт мектебі тұр. Олардың 30-ы аудан әкімдіктерінің құзырында.
Жалпы, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 43 түрі қамтылған. Оның ішінде 24 олимпиадалық, 12 олимпиадалық емес және 7 ұлттық спорт түрлері бар.
Облыстағы спорт мекемелерінде 25 068 спортшы тұрақты түрде спортпен шұғыл­­данады. Спорт мекемелерінде 925 оқыту­шы-жаттықтырушы жұмыс атқарады, бұл ал­дыңғы жылға қарағанда 25 оқытушы-жат­тық­тырушыға артық, – деген басқарма басшысы одан әрі елге есігін айқара ашқан спорттық кешендер жайлы сөз қозғады.
– Қазіргі таңда Тараз қаласы мен аудан­дарда барлығы 25 аула клубы ашылған. Оның ішінде 17 аула клубында спорттық секция­лар спортпен айналысушыларға өз сеп­тігін тигізіп отыр. Аталған спорт үйір­ме­ле­рін­де 41 жаттықтырушы 3000-нан астам спортшы – футбол, волейбол, баскетбол, асық ату, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сынды спорт түрлерімен жаттығады.
Бүгінгі күнге облыста спорт нысан­да­ры­ның жалпы саны 2 364-ке жетсе, оның ішінде аудандарда 1 856 спорт нысаны орналасқан. Спорт нысандарының 98 пайызы халыққа қолжетімді. Жыл соңына дейін қолжетімділікті 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Алдағы уақытта сабақтан тыс бос уақытта орта мектептердің спорт залдарын пайдалану үшін облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт, білім басқармалары, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері арасында үшжақты мерзімсіз меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 14 мамырдағы №178 бұйрығына сәйкес бекітілген прейскурантпен «Тараз-Арена» спорт сарайы, №4 облыстық маман­дан­дырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теннис корты және «Дельфин» жүзу бассейнінде 7 жасқа дейінгі балалар, көпбалалы отбасының мектеп жасындағы балалары, балалар үйінің тәрбиелену­ші­лері­нің спортпен тегін шұғылдануына және студент­тер мен мектеп оқушылары тиісті құжаттарды көрсеткен жағдайда барлық тарифтер 50 пайызға жеңілдетіледі.
Жергілікті тұрғындардың дене шынық­тыру және спортпен шұғылдануы үшін аула­ларда, парктерде және саябақтарда 2019-2020 жылдар аралығында Тараз қаласы мен аудандарда 266 спорт алаң­ша­сын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 2019 жылы 174 спорт алаңшасы, 2020 жылы 92 спорт алаңшасы ел игілігіне беріледі, – деді Нұрбол Әбдімажитұлы.
Басқарма басшысы баяндамасында облыс бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жыл басынан барлығы 2 065 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 371,7 мың адам тартылғанын тілге тиек етті. Соның ішінде соңғы төрт жылда спорт және білім басқармалары бірлесіп өткізіп келе жатқан облыстық «Мектеп лигасы» спорттық (кіші футбол, волейбол, баскетбол спорт түрлерінен) ойындарына 130 мыңнан астам оқушы қатысқан. Сондай-ақ «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің іріктеу жарысы, «Әкем, анам және мен – біздің спорттық жанұя!» ойындары, «Еңбек жастары», «Этномәдени бірлестіктері» қызметкерлерінің арасында спартакиада, жоғары және арнайы орта білім беретін оқу орындарының студенттері арасындағы спартакиада, құқық қорғау органдарының мемлекеттік қызметшілері арасындағы кіші футболдан облыстық турнир және мем­лекет­тік қызметшілер арасындағы спартакиада да облыста дәстүрлі түрде өткізілуде.
Тағы бір айта кетерлігі, спорт басқар­масы облыста ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында бірқатар жаңа жобаларды қолға алып отыр.
Мысалы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасөспірімдер арасында коман­далық «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынынан облыстық чемпионаты мен «Аула ойындары фестивалі» өткізілуде. Сонымен қатар «Көше ойындары» фестивалі Тараз қаласы мен аудандарда дамып келеді. Аталған жобалар республика көлемінде тұңғыш рет Жамбыл жерінде қолға алын­ға­нын айта кеткен жөн.
Ал жекелей көрсеткіштерге келсек, облыс спортшылары жыл басынан бері халықара­лық және республикалық жарыс­тар­да барлығы 696 медаль иеленсе, оның 267-сі алтын, 196-сы күміс және 233-і қола жүлде. Осындай жоғары нәтижелерінің арқа­сында 893 жамбылдық өрен ұлттық құрама сапына алынып отыр. Әрине, мұндай жоғарғы спорттық табыстарға қол жеткізу басқар­ма­ның облыстағы спорт мектептері мен спорт федера­ция­ларымен қоян-қолтық жүргізген жоспарлы жұмысының жемісі екені даусыз.
Ендігі меже, әрине, Токио Олимпиадасы. Олимпиадалық ойындарға үміткерлерді дайындау мақсатында аса талантты деген спорт­шыларды түрлі халықаралық жарыс­тар­да сынақтан өткізу және спорттық тәжірибе жинақтау жұмыстары да кешенді түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстардың нәтижесі келер жылы толықтай көрініс таппақ.
Ендеше, Жамбыл спортының жұлдызы жарық болсын деп тілейміз! Жерлес­те­рі­міз­дің жеңісті жорығы жалғаса бергей.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР