«Жылдар мен жолдардың» жастарға берері мол

0 7

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жастар арасында насихаттай отырып, кейінгі келешекке кемел елдің жарқын болашағын айқын түсіндіру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жылдар мен жолдар» жобасы бастау алды.
Аталған жоба аясында 2021 жылдың 10 ақпанында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде зиялы қауым өкілдерінің жастармен кездесуі өткізілді.
Кездесуге «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының штаттан тыс қызметкері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі – Б.Момынқұл, Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық және Тараз қалалық филиалының төрағасы – С.Қонарбаев, М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінің профессоры, Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесі тарихын зерттеу орталығының жетекшісі – С.Бақторазов «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты – У.Болатбек, жас айтыскер ақын – М.Мырзатай және волонтер жастар қатысты.
Кездесу барысында Сейдахан Уалиұлы – бабалар аңсаған азаттыққа қалай қол жеткендігін, Тәуелсіздік алған жылдардағы қиындықтар мен тарихтарын, Елбасының сын сағатта қандай маңызды шешімдер қабылдағанын тілге тиек етті. Сөзді ары қарай жалғаған Бекет Момынқұл – қазіргі жастарды білімді болуға шақырып, қоғамда белең алып тұрған жемқорлықты жоюға және сол індеттен құтылып, жеңіп шығатын жастарға сенім білдірді.
Сондай-ақ, Санат Бақтықұлұлы 1986 жылы өткен Желтоқсан оқиғасының көріністерін еске ала отырып, намысшыл, батырлар ұрпағының бүгінгі толқыны жастарды патриот болуға шақырса, Уалихан Болатбекұлы – ұлттық құндылықтарға жақын болуға және шет елдерде қазақ елінің абыройын асқақтатып, болмысын биік ұстау үшін салт-дәстүр мен төл тарихты жаттап алуды ұсынды. Сонымен қатар жастар қонақтарға деген ұсыныс тілектерін айтып, сұрақтарын қойды.
Кездесу соңы облыстық, республикалық ақындар айтысының жүлдегері – Медеу Мырзатайдың жастарға арналған арнау өлеңі айтылып, Бекет Момынқұлдың колледж кітапханасына естелік ретінде кітаптарын сыйлыққа тартумен аяқталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.