Елбасы Жолдауы

Жылқы мінездес халықпыз…

Written by Aray2005

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ежелгі көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағының жеті кереметін атап көрсетті. Жеті қырдың алғашқысының атқа міну мәдениетіне арналуы да заңдылық.

Иә, қазақтың арғы-бергі тарихын саралап қарасаңыз, тұрмысы жылқысыз өтпегенін көруге болады. Тарихын ат тұяғының ізімен жазған қазақ даласында қолға үйретілген жылқы жануары әлемдік өркениетті алға сүйрегені де хақ. Әсіресе ауыздық пен үзеңгіні ойлап тапқан бабаларымыз әлемнің тізгінін қолына ұстады десек те болады. Бұл туралы тарихтың атасы атанған әйгілі Геродот: «Олар ат үстінде де, жаяу да соғыса береді, соғыстың екі тәсілін де жетік меңгерген. Садақпен және найзамен қаруланған, қарапайым қару мен айбалтаны да қолданады. Сондай-ақ олар аттарының алқымын сауытпен қаптайды, ал жүгендерін, ауыздықтарын және құйысқандарын алтынмен зерлейді» деп жазады.
Ал әлем сахнасына атпен шыққан көшпенділер өркениетінен нәр алған бүгінгі еуропалықтар жылқы денелі кентаврлардан сескенген. Себебі ат үстіне қонған көшпенділер ең алғаш жылқы денелі адам – кентавр үрейін туғызған. Бабаларымыз жылқы жануарының арқасында тізеліні бүктіріп, мойындыны иілткен. Адамзат әлі күнге дейін автокөліктің қуатын да аттың күшімен есептеп келеді.
Дана халқымыздың барлық сөздік қоры, тіршілік-тынысы, тіпті әні мен күйі де жылқыдан бір елі ажыраған емес. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қырындағы» атқа міну мәдениетін кейінгі ұрпаққа түсіндіріп, насихаттау ортақ парызымыз.

Айман Ембердиева,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы

ПІКІР