«Жылы жақ құстардың бағыты, Жылылық менің де аңсарым»

0 0

Шырын МАМАСЕРІКОВА

Жастық шағым

Күннің парқын түсінеді түнсіз кім,
Сұлулықты сезінеді гүлсіз кім?!
Сан сүрініп, сан жығылған жан едім,
Дей алмаймын періштемін, мінсізбін.

Жүрегімнің жабырқатып жарасын,
Жылдар, жылдар, қайда зытып барасың.
Албырттықпен қаншама рет от бастым,
Ажыратпай ақ-қараның арасын.

Жай тасындай жарқылдайтын кезімде,
Жылы шырай таныта алмай сезімге.
Жанталасып, желке жүнім үрпиіп,
Жалаң аяқ жар кешкенім есімде.

Сор маңдайым тартқызғанмен азап шын,
Жастық шағым, сонда да сен ғажапсың.
Жұлдыздарын жарқыратып арманның,
Ақын қызы атандырдың қазақтың.

Жастық шағым, албырт шағым, аяулым,
Жол көрсетіп бағын аштың жаяудың.
Жампоз жырдың жасағына ерген соң,
Желге ұшты кеудемдегі қаяу мұң.

Білем бүгін жастық шақтың өткенін,
Қателіктер санама нұр төккенін.
Сондықтан да маған қымбат қар төсеп,
Шарболаттай шынықтырған көктемім!

Ботакөз БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Үндемей қалудан кендеміз…

Біз өмір сүрмейді екенбіз,
Бәлкім, білмейміз.
О, тоба, біз тіпті күлмейміз,
Бәлкім, күлеміз, білмейміз.

Күндейміз, тілдейміз, мінейміз,
Өмір сүреміз, осылай, міне біз.
Өзгені сөз етіп, өзімді жөн дейміз,
Біз өмір сүруді білмейміз…

Жоқ деңіз сіз мейлі, менікі теріс ой,
Сөкпедім деңізші өмірде ешкімді.
Арыңның алдында ақталу зор іс қой,
Күнәден арылтпас жалғаның бес күнгі.

Өзіңнен өзіңді ақтап ал, пәк болсаң,
Әй, қайдам, ішіңде өртеніп кетерсің.
Расында, Өзіңнің сотыңда ақталсаң,
Бас ұрам, Жұмақтың тұрғыны екенсің!

Тіліне кісен сап көрмеген пендеміз,
Ойымен он күнә арқалар.
Үндемей қалудан кендеміз,
Үн қосып тұрған соң басқалар,
… Ендеше, күнәсіз емеспін демеңіз…

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Құсжандылық

Бақиға кетті ме бағымның,
Әдемі гүл кейпі, әрі нұр.
Ақ қанат құстарды сағындым,
Олар ше…
Оларға бәрібір!

Жылылық аңсаған ғаламнан,
Құс сынды жетімек күй кештім.
Санамда әлі де бала арман,
Маңдайды соры мың сүймес күн.

Жаураған жүректің лүпілін,
Жылытар құстардың қанаты.
Жел ессе желпінер үмітім,
Таусылған көңілдің тағаты.

Күз болмай жылы жақ асатын,
Құстар да ақымақ емес-ті.
Күз болса суықтан қашатын,
Құстар ғой мақұлық ең есті…

Жылы жақ құстардың бағыты,
Жылылық менің де аңсарым.
Құс жанды жүректің бағыты –
Ұшу ғой. Тік жүріп шаршадым.

Күз күлкі сыйламас, сыйқы-мұң,
Құстардың қанаты – мекенім.
Табиғат қиса бір сиқырын,
Құс болып ұшам да кетемін…

Ұлжан ШОРАЕВА

Тыңдамашы жүректі

Жанарыңа жас алма,
Қадамыңды бас алға.
Сендей жанды жүректе,
Сақтап өтем қашанда.

Сенің мөлдір көзіңнен,
Ғашық дертін сезіп ем.
Мұң боп батты жаныма,
Әттең ем жоқ сөзімнен.

Өтінемін,
Тыңдамашы жүректі.
Ол жүрегің
Сені онсыз да жүдетті.

Өтінемін,
Орындалмас тілекті.
Күте берме
Күтіп бекер күн өтті.

Өмір солай, біл сен де,
Сүймегенді сүйсең де.
Тамшы үмітке алданба,
Жалын отқа күйсең де.

Ойламашы өткенді,
Жаза алмайды өкпеңді.
Бақыт әлі-ақ шарлатар,
Сен көрмеген көп белді.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

Қауырсындар

Қанаттардың қиығы – қауырсындар,
Жеңілсіңдер, сондай-ақ, ауырсыңдар.
Жел қозғаса, ұшқанмен қалбалақтап,
Әр қылыңда батпандай ауыр мұң бар.

Көштен қалған жұттай боп айдалада,
Қайыры жоқ наз айтып қайманаға,
Қанатынан үзіліп аққу құстың,
Айдын кешіп жеттің бе сай-салаға?!

Қалам болып бекініп шайырларға,
Жазмышынан жалғанның жай ұғарға,
Ойды кезіп, шартарап, бойды кезіп,
Ақ қағазға төгілер жайың бар ма,
Қауырсындар…

***
Көктем неге жылайды екен дамылсыз?
Жанарынан дөңгелетіп тамшысын.
Қасат қар да еріп кетті тағы үнсіз,
Қара жердің қуырып ап апшысын.

Көңіл-көздің жасы неге тым ащы?
Баз кешкенде баяны жоқ тірліктен.
Ақ шыныда мөлтілдейді мың тамшы,
Тамшылардың сүрлеуіне сүрліккен.

Боз сәулені бетке алғандай, күнгейді,
Жүрек неге жырақтайды тым әрі?
Ешкім және ештеңені білмейді, –
Бітпейді екен дүниенің сұрағы…

Марал ХАНТӨРЕҚЫЗЫ

Қазақ қызы

Пәк жүзінен күннің нұры төгіліп,
Қос бұрымға күміс шашбау тең іліп,
Келе жатыр сұлу қызы қазақтың
Түнге біткен аппақ Айдай көрініп.

Қарлығаштай қара қасы қиылып,
Ұзын көйлек, әсем бешпет киініп.
Сәлем беріп, кіші-үлкенге ізетпен
Жылы жүзбен, күлкі езуге жиылып.

Белгісі ол – сұлулық пен сымбаттың,
Ар-намысы, бәрінен де қымбат тым,
Тал бойынан иман лебі есетін
Қазақ қызы – шешілмеген жұмбақ мұң.

Гүлге теңеп бар қазақтың ақыны,
Лайық келген мінезіне ақылы,
Босаға аттап, келін болған қазақ қыз
Береке мен басқа біткен бақ Ұлы.

Әдепсіздік қазақ қызға жат анық,
Көне көзден алғыс алып, бата алып,
Бір қолымен тербер әлем, бесікті
Отбасына абзал ана атанып.

Одан асқан қамқор ана болмаған,
Шыбынның да ызыңынан қорғаған,
Тәлім менен тәрбиенің бұлағы
Қазақ – ана, биік әркез, зор маған.

Ұл-қызына сілтер жолдың дұрысын
Абзал ана, әже атану – ұлы сын.
Сөйлегенде иіріп-ап ұршығын,
Ертегіге қанар құлақ құрышың.

Қазақ әже – ой ойлайтын тереңнен,
Ұрпағының алғысына бөленген.
Аппақ жүзін басса-дағы сан әжім,
Сол – баяғы қазақ қызын көрем мен.

Қазақ қызы, инабатты, көркем де,
Жол бастаған келешекке, ертеңге.
Салт-дәстүрді ұмыттырмай, жаңғыртып,
Қазақ қызы жаса, жайна, өркенде!

Салтанат Әбдіғали

Жүрегімнің иесі

Сені Ешкімге ұқсатпаймын,
Дарасың,
Сезімімді тұсап қойдың,
Иесі өзің ғанасың.

Пайымың мол парасатың –
Кемелім.
Жарқыным сол тамашасың –
Сені жақсы көремін.

Күндіз-түні бұл ойымнан,
Кетпейсің,
Көңілдің көк айдынынан –
Желіп, жүзіп өткейсің.

Менің аққу жырларымды,
Аяла,
Нәзік-нәркес сырларымды,
Жарқыным-ау бағала.

***
Мен – әйелмін,
Мен – анамын, биікпін.
Ғұмырым да, қылығым да сүйікті,
Мен – Әлемді, Тәңір мені сүйіп тұр.

 

Назерке БИДАЙБЕКОВА

Аналарға

Ана деген әр адамның баға жетпес бақыты,
Ар-намысы, серт, сенімі, үміті мен жақұты.
Бұл жалғанда ана мұңы – қайғысы да әлемнің,
Аналардың қуанышы деп түсінем шаттықты.
Жұмыр жерде жеті миллиард жүрек содан жаралған,
Мейірімімен аналардың сусындаған, нәр алған.
Дүниеде қастерлейтін құндылықтар көп, бірақ,
Жан бар ма екен, қасиетті анадан?
Әрбір ана өз баласын Ай мен Күнге балайды,
Қолқанаты қорған болып ер жеткенін қалайды.
Бұл дүниеге алып келген әл-Фараби, Абайды,
Аспанда да жарық жұлдыз жоқ анадай арайлы!

Leave A Reply

Your email address will not be published.