Жылыжайы жайқалған «Greenwill»

0 9

Қордайлықтар аквапоника әдісін қолданбақ

Кезінде тоқыраудың салдарынан азық-түліктің өзін талонмен алып жүрген кезде аграрлық сектордағы жаңа технологияларды, тың идеяларды жүзеге асыру туралы ойлаудың өзі ертегідей көрінетін. Халқымыз ісі жүрмей жатқан жанды «Әрекет түбі – берекет» деген сөзбен жігерлендіретін. Бұл даналық сөз қолды қусырып қарап отыра бермей әрекеттенсең, түбінде сол тірлігіңнің берекетін көретініңе ынталандырады. Қазақстан экономикасы да азаттықтың алғашқы жылдарында қарқынын жоғалтқанымен құрдымға кеткен жоқ. Табанды әрекеттің арқасында жылдар өте келе өз қолы өз аузына жетіп, даму динамикасы қалыптасқан ұлттық экономикамыздың қай саласында болсын ілгерілеу үрдісі басталды. Бұл әрине, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да экономиканың еңсесін тіктеуге бағытталған қадау-қадау міндеттерді алға тартты.
Ілгерілеуге көптеп мысал келтіруге болады. Солардың бірі әрі бірегейі – еліміздің ғылым саласы мен ауыл өндірісіне енді келіп жатқан аквапоника әдісі.

Аквапоникаға анықтама берер болсақ, мұнда күрмеуі қиын ешқандай күрделі процеспен бас қатырудың қажеті жоқ. Аквапоника – бұл балық шаруашылығында суды тиімді пайдалануға бағытталған технологиялардың бірі, балықтарды тұйық жүйелерде өсіру әдісі. Бұл әдіс шағын бассейндегі суды бірнеше мәрте тазартып, қайта қолдануға негізделген. Былайша айтқанда, балықтардың зат алмасуынан қалған қалдықтар су ағынымен шығарылып, бассейндегі су қоры механикалық және биологиялық сүзгілерден өтіп тазартылып отырады. Тазартылып қана қоймай, ол қайтадан пайдалануға жіберіледі. Яғни, су да үнемделеді. Ал буланған су орны ғана толықтырып тұрады. Мұндай тың технологиямен бүгінде Қапшағайда, Түлкібаста және Созақта кәсіпорындар балық өсіруде.
Жалпы, ғалымдардың айтуынша, балықтар табиғи жағдайда демалып жатса, аквапоникалық бассейнде суы, азығы, температурасының жағдайы толық жасалғандықтан мұндағы балықтар тез өсіп, уылдырықты да тез береді. Мәселен, 4 жасар балық шамамен 7 жасар балық сияқты жылдам жетіліп, өнімін уақытынан бұрын әрі молынан береді.
Аквапоникалық бассейнде қалдықсыз жүйе жолға қойылған. Балықтан шыққан органикалық қалдықтары бар су өсімдіктер бассейніне құйылады. Ал балықтарға осы өсімдіктердің көмегімен тазартылған су қайта беріліп, тұйық жүйені қалыптастырады. Өсімдік тамырлары балықтардан шыққан қалдықтарды өзіне қорек қылып сіңіріп алады. Яғни, аквапоника – аквамәдениет пен гидропониканы біріктірген технология. Топырақсыз ортада өскен өсімдіктердің тамыры суға малынып тұрады. Осы технологияның арқасында балықтар үшін таза су алынса, ал өсімдіктер үшін органикалық қалдықтар жинауға мол мүмкіндік бар. Өсімдіктер лабораториялық жағынан да, санитарлық жағынан да таза жағдайда өсіп, дамиды.
Аквапониканың артықшылығы мұндағы ортада арамшөп шықпайды екен. Осындай аквапонды жүйелер арқылы адам табиғи биологиялық теңдікті қолдан жасап, кез келген өсімдік, көкөністі өсіруге болады. Әлем ғалымдары бүгінде осы әдіспен көкөніс пен жемістің 150 түрін өсіруге болатынын дәлелдеген.
Дегенмен, елімізде бұл бағыт әлі терең зерттеле қойған жоқ. Ғылымға да, өндіріске де енді ғана аяқ басты. Ендігі мақсат бұл әлеуетті саланы дамыту үшін білікті мамандарды дайындап, оқу-тәжірибе алаңын жетілдіру жағы өзекті болып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, мұндай аквапоникалық кешен сиреп бара жатқан өсімдік я балық түрлерінің популяциясын өсіріп, көбейтуге таптырмас орталық екен. Отандық ғалымдар осы мәселеге де баса назар аударуды көздеп отыр.
Әзірге біздің облыста аквапоника әдісіне ден қойып отырған жалғыз-ақ шаруашылық бар. Ол – мемлекеттің қолдауымен жылыжай кәсіпорнын ашып, бүгінде қанатын кеңге жайып келе жатқан Қордай ауданындағы «GREENWILL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Ауданда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатан «GREENWILL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы жаңа технологиялар мен сапасы жоғары өнімдерге негізделгені әуелден белгілі. Заманауи жылыжай өндірісін мықтап қолға алған серіктестік осыған дейін тек қызанақ пен қияр өсірумен айналысса, енді биылдан бастап аквапоника әдісін қолға алып отыр. Демек, жоғары технологиялы жылыжай кешенінде бірден балық пен өсімдік өсіруге мүмкіндік туды. Айта кетсек, мұндай озық технология елімізде балық шаруашылығында кәдеге жарап жатқанымен, бірде-бір жылыжай кешенінде әлі күнге қолданылмапты.
Жылыжайда кәдімгі табиғи экожүйе қалыптастырылған. Мұнда сусалат, ақжелкен, аскөк және тағы да басқа тамақтың дәмін келтіретін хош иісті өсімдіктер өсірілу көзделуде. Жүйе балық пен өсімдіктердің табиғатта өсіп-өнуінің табиғи кезеңіне толығымен сай келгендіктен, химиялық тыңайтқыштар мен басқа да бейорганикалық қоспалар қолданылмайды. Жалпы, мұнда көкөністі өсірудің аталмыш әдісі жоғары өнім алуға көп септігін тигізбек. Әзірге құрылысы аяқталуға жақын аквапоника кешені келесі жылы ашылып, жұмысын бастағалы отыр. Құны 923 миллион теңгені құрайтын жобаны Оңтүстік Кореяның инвесторлары қаржыландырыпты. Сондай-ақ еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясындағы ауданның кәсіпкерлікті дамыту картасына енген жылыжай кешенін жандандыру үшін серіктестік «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы да несие алып, мемлекеттің қолдауын көріп отыр. Ал жергілікті әкімдіктің көмегімен жылыжай кешеніне қажетті инфрақұрылым жүргізіледі.
Мұндағы жұмыстың барлығына дерлігі автоматтандырылған. Монтаждау жұмыстарын кореялық мамандар басқаруда. Кешенде жылына 300 тонна «Айсберг», «Руккола», «Листовой», «Роблен» сынды жоғары сұрыпты салат көкөністері және 41 тонна балық өсіру жоспарланған. Айта кетсек, қазіргі таңда бұл салаттардың 80 пайызы елімізге Орталық Азия, Қытай, Израиль және Польша елдерінен жеткізіліп жүр.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қайрат Мәметовтың айтуынша, жобаның сәтті жүзеге асуы үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп отыр екен.
– Серіктестік иелері жылыжай кешенінің маңынан балықты бастапқы өңдеу цехының құрылысын жоспарлап отыр. Жылыжай екі жылдан кейін толық көлемде іске қосылмақ. Жоба облыстың кәсіпкерлікті дамыту картасына енгізіліп, алдағы уақытта бұл маңға газ құбыры, электр желісі сынды инфрақұрылым жүргізілмек, – дейді бөлім басшысы.
Сонымен қатар мұнда 20 жұмыс орны ашылып, өндірілген өнім базардағыдан төмен бағамен саудаланбақ. Осының нәтижесінде аталған жобадан жергілікті бюджетке жылына шамамен 1,2 миллион теңге кіріс кіріп, аудан қазынасының толыға түсуіне септігін тигізері сөзсіз.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ,

Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.