Жыр алыбы жыл бойы жырланса…

0 109

Биыл ұлт ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын тойлағалы отырмыз. Жыл сайын ақпанның соңғы күнінде елімізде ақынның туған күні аталып өтеді. Біз жыр алыбының атын алған облыс болғандықтан, бұл мерейлі датаны ерекше, кең ауқымда ұйымдастыруымыз керек-ақ. Интернетке иек артқан жастарға Жамбыл ескі заманның жыршысы болып көрінуі әбден мүмкін. Егер де біз Жамбыл ақынды жастарға жете таныта алмасақ, оларға «Сендер неге ақынның жырын жатқа білмейсіңдер?» деп өкпе арта алмаймыз. Жастар түгілі аға буын өкілдері де ақынды тани алды ма? «Жамбыл кім?» десе, бәрі ескі телефильм мен суреттегі қарт ақынды көрсетеді. Ал оның жас кезі ше, төңкеріс уақытына тап келген жігіт шағы ше, оны кім айтып бере алады?

Балалық кезі жаугершілік заманда өтіп, одан ақтар мен қызылдар тартысы, ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс сынды біраз тауқыметті кезеңнің куәсі болған ақынды ел «Дәуір тұлғасы» деп атады.
Осындай алып тұлғаның биылғы мерейтойын жастарға тәлім-тәрбие, білім-өнегені молынан беретіндей етіп ұйымдастырған жөн. Кезінде Кеңес үкіметі ақынның коммунистік идеяға жарайтын шығармаларын ғана алды. Бай-манаптарды ұнатпайтын революционер етіп те көрсетті. Сталин, Калининдерге айтқан арнауларын ғана жариялады. Оларға сол Жамбыл керек болды. Қатты керек болған соң, қасына бес бірдей хатшы бекітіп берді.
Қазіргі әлем жаңалықтарын сәт сайын бақылап отырған, жаһандық өзгерістерді қалт жібермейтін жаңа заман жастарына Жамбыл үлгі-өнеге бола алмайтыны өкінішті-ақ. Сондықтан біз өз Жамбылымызды іздеп табуымыз керек. Ақынның төңкеріске дейінгі өмірін қайта зерттеп, кітаптарға енбей қалған ауызекі әңгімелерін, басқа да жыр-аңыздарын жинауымыз қажет. Бір ғана Құлманбетпен айтысына қарасаңыз, сол кездегі екі ел арасындағы байлық, мал саны, әлеуметтік жағдай, ел ішіндегі даулар, яғни бәрі айтылған. Осы дүниелерге жаңаша көзқараспен келіп, тәуелсіз Қазақстанның көзімен қарауымыз керек. Ақынның қырғыз халқының айтыскерлерімен біраз жерде өнер жарыстырғанын білеміз. Көрші ел әдебиет зерттеушілерінің Жамбыл мен өз ақындарының айтыстарына біраз талдау жасаған еңбектері жарық көрген. Және сол айырқалпақты ағайынның ақындарымен айтыстары біздікінен мүлде бөлек. Биыл ақынның мерейтойында осы мәселелерге мән берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Яғни Қырғызстанға экспедицияға шығып, сол елдегі Жамбылға қатысты дүниелер зерттеліп, қазақ тілінде кітап болып шықса, үлкен іс тынған болар еді.
Бұрынырақта Жамбыл ақынға арналып ұйымдастырған айтыстарға Қырғыз елінен де ақындар келіп қатысатын. Биыл да жерлестеріміздің сондай бір жыр додасын күтері анық.
– Жыл сайын еліміздің әр аймағында айтыс ақындары «Биыл Жамбыл бабаның туған күніне орай айтыс бола ма?» деп сұрап жатады. Әр жылдың ақпанының соңғы күндерінде «Баласағұн» орталық концерт залында республикалық айтыс өткізу дәстүрлі түрде жалғасып келген. Өткен жылы пандемияға байланысты ол айтыс болмай қалды. Бізде өтпегенімен, басқа облыстар көрерменсіз жыр бәйгелерін ұйымдастырды. Тіпті жылда дәстүрлі түрде болатын «Алтын домбыра» айтысы өтті. Оны теледидардан да көрдік. Ал биыл «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтысымыз болмай қалмаса екен, – дейді Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының кіші ғылыми қызметкері, айтыскер ақын Дидар Апбасов.
Жас айтыскер ақын Нұржан Манатбектің де айтысқа қатысты бірнеше ұсынысы бар екен.
– Жамбылдың ізбасары ретінде бірнеше ұсынысым бар. Ұйымдастырушылар Жамбыл ақынның туған күніне орай айтыстарды өткізе береді. Ол қандай айтыс болуы керек? Кімдер қатысады? Тақырыбы не? Тіпті айтысқа қатысы жоқ адамдар қазы болып отырып алады. Әр аудан өзінше тартпақтайды. Басқалар өз алдына. Сондықтан осы айтыстарды жүйелендіріп алған абзал. Яғни айтыстың арасын белгілеп, келісіп, жыл соңында көлемді іс-шаралармен мәреге жетсе, – дейді Нұржан ақын.
Бұдан бөлек жоғарыда айтылғандай, ақын жырлаған «Көрұғлы», «Сұраншы», «Саурық» батыр жырларын жатқа айтудан оқушылар арасында жарыстар ұйымдастырылса. Театрда жаңа қойылым көрсетіліп, жыр алыбының шығармашылық тұлғасы жан-жақты ашылса дейміз. Жырауға арнайы ұйымдастырылған шаралардың бәрі ұлт руханиятын оятатын дүниелер болатыны ақиқат. Түсіне білген адамға қысқаметражды фильмдердің де берері көп. Сондай-ақ бізде дәстүрлі орындаушылардың да қатары аз. Жыршылар арасында «Жамбыл мақамдары» аясында байқаулар жасаса, ел қолдайтын іс болары анық.

А.Орынбасарқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.