Жыр алыбын ұлықтады

0 8

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай облыстық мемлекеттік архивтің ұйымдастыруымен «Жаһанға мәшһүр жауһар жыры» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Басқосуға облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков пен облыстық мемлекеттік архив директоры Көсемәлі Сәттібаев қатысты. Жиынды алғы сөзіме ашқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева өңірде жыр алыбының мерейтойына арналған шаралар басталып кеткенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, алдағы күндері ақынның шөбересі Мұхтархан Жанболатпен кездесу өткізіледі. Сондай-ақ «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы кең көлемде ұйымдастырылмақ. Айта кетерлігі, аймақта ғасыр жасаған ақынның мерейтойына арналған шаралар жыл соңына дейін жалғаса бермек.

Дөңгелек үстелде сонымен қатар филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ қазіргі қоғамда ақынға байланысты түрлі пікірлер айтылғанымен оны ешкім халықтан бөліп ала алмайтынын жеткізді. Жыр алыбын қазақ әдебиетіндегі үлкен құбылыс деген ол оның ақындық құдыреттілігі мен поэзиялық күш-қуатын ерекше айтып өтті. Жамбыл Жабаевтың ашылмаған қырлары көп екенін алға тартып, оны зерттеуге тың көзқараспен келу қажет екенін жеткізді. Себебі, ақынның айтыскерлік қабылетінен бөлек төкпе, сатиралық жырлары көп. Осындай мәселелерді көтерген С.Құлбарақ ХХ ғасырда өмір сүрген ақын-жазушылардың пікірлерінен үзінділер келтірді. Ал А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков қандай бір тұлғаның халыққа жетуі – театр актерларының шеберлігі мен жазылған пьесаларға байланысты екенін сөз етіп, театрда ақынның мерейтойына орай «Жыр алыбы – 175» атты қысқа видеороликтер түсірілгенін, бұл дүние жақын арада әлеуметтік желілерді таралатынынан хабардар етті. Сондай-ақ жаз айларында театрда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысы» атты пьесасына қойылым қойылатынын жеткізді. Бұдан өзге ол ақынның 175 жылдық мерейтойына орай пьесалар жинағын кітап қылып шығару туралы ұсынысын білдірді.

Шарада облыстық мемлекеттік архив директоры Көсемәлі Сәттібаев ақынның неліктен «Жолбарыс» атанып кеткендігіне тоқталды. Сонымен қатар мемлекеттік архивтің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлы мұрағатта сақталған ақынның 100,130,150 жылдық мерейтойларына орай шығарылған мақалалар, ескерткіштері мен суреттерін таныстырды. Мұнан соң Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының оқушылары ақынның «Мұғалімдерге сәлем», «Бесік жыры», «Жамбылдың халық үшін қалған жасы» атты өлеңдерін мәнерлеп оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.