Мәдениет

Жыр алыбының жүлдесі Жуалының жүйрігінде

Written by Aray2005

Жамбыл облысында кейінгі жылдары сөз маржаны, ой тұнығы молынан ақтарылатын айтыс өнері ерекше сипат алды. Шүкір, бет түзелді. Осыдан-ақ көп дүниенің басшылыққа байланысты екенін аңғаруға болады. Сөзіміздің бір ғана айқын дәлелі – Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы биыл өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Дәстүрлі түрде жалғасын тапқалы отырған республикалық айтыс өтерден бір күн бұрын Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман сөз басын төл өнеріміздің көкжиегін кеңейту мақсатында өңірде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға ризашылығын білдіруден бастады.
Сонымен, қатар брифингке ҚР Халық артисі, сазгер Алтынбек Қоразбаев, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина қатысып, Алатау мен Арқадағы арқалы ақындардың басын қосқан аламан айтыс жайлы кеңінен әңгіме қозғады.
Ал сәрсенбі күні облыс тұрғындары «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық айтысты тамашалауға «Баласағұн» орталық концерт залына қарай ағылды. Жыр сайысын құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жыр алыбы атанған Жамбыл бабамыздың туған күніне орай алдағы уақытта да республикалық айтыс жыл сайын өтетінін тілге тиек етіп, сайысқа түсер саңлақтарға сәттілік тіледі. Ақындардың өнеріне айтыскер ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев (қазылар алқасының төрағасы), Алтынбек Қоразбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайырбек Асанов, ақын Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақындар Бекарыс Шойбеков, Бауыржан Халиолла, Ахметжан Өзбеков төрелік жасады.
Сонымен көрермен тағатсыздана күткен ақындар айтысын Дархан Әбдіманат (Жамбыл облысы) пен Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы) бастады. Шын жүйрік екенін әлдеқашан дәлелдеген Аспанбек ә дегеннен жалын атқан отты жырларымен, ұтқыр шумақтарымен, өткір ойларының өрнегімен көрерменді баурап алды.
Жамбылға жиналды,
Жиырма ақын, бір Жүрсін.
Қасымызға жайғасты,
Дархан деген бүлдіршін, – деп қарсыласын елемей сөйлеген Аспанбек үшін Дархан да оңай қарсылас емес еді. Дархан жас екенмін деп жалтақтамады.
Руымызға жиылсақ жоқ боламыз,
Туымызға жиылсақ көп боламыз, – деп елдің бірлігінен артық бақыттың жоқ екенін, сондай-ақ бүгінде көпшілікті алаңдатып отырған елдік мәселелерді түйдек-түйдегімен айтып, жұртшылықты желпіндіріп тастады.
Мұнан кейін Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы) мен Шұғайып Сезімхан да (Алматы қаласы) ауыздығымен алысқан арғымақтар секілді сөз додасында қос қарсылас кең көсіліп сала берді. Ой жүйріктігі мен көркем тілге шешендіктерін байқатты.
Таразым ұлың көп қой менен басқа,
Ал менде туған жер жоқ сенен басқа, – деп елге, жерге деген құрметінің алабөтен екенін білдірген Қанат баяғы шешен бабаларымыз секілді тебірене көсілді.
Шетелден желаяқтарды әкелгенше,
Алаяқтарды ап келсін қашып кеткен, – деп толғанған Шұғайып халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, кейбір кемшіліктерді тілге тиек етті.
Келесі кезекте сахнаға Нұрлыбек Құрманов (Жамбыл облысы) пен Нұрлыбек Мейірманов (Шымкент қаласы) көтеріліп, екеуі де жып-жылы шумақтарымен халықтың көңілінен шыға білді.
Сонымен қатар Асхат Қылышбек (Жамбыл облысы) пен Ержеңіс Әбді (Қызылорда облысы) де бірін-бірі әзіл-қалжыңмен қағытып, суырыпсалмалық қабілеттерін сынап, елдің жетістігін айшықтай жеткізді. Қарсыласының ұстаздық қызмет атқаратынын жырға қосқан Асхат білім саласындағы қордаланған көптеген мәселелерді көтеріп, қоғамдағы жағымсыз көріністерді өткір тілмен түйреді.
Аңшы атады екен деп,
Аш жатпайды бөлтірік,–деп қарсыласынан қаймықпай, тастүйін дайындықпен шыққан Шапағат Әбдір де (Жамбыл облысы) Түркістан облысының үкілеген үміті Нұрлан Есенқұловқа лайықты қарсылас бола білді. Талай жылдан бері атамұра өнеріміздің бағын жандырып, халықтың ардақтысына айналған Нұрлан жыр тізгінін қолына алып, дарынды інісінің өнерін дәріптеп, көтермелеп отырды.
Тайлақ түгіл «Тойота» берседағы,
Ешқашан қазақ қызы шешінбесін, – деген Нұрлан ақын қыздарымыздың ибалы, ұлдарымыздың рухты, аналарымыздың ғазиз, ақсақалдарымыздың абыз болғанын тілеп, өнегелі өлең айтты.
Сол секілді Қайнар Алагөзов пен Бауыржан Шимерденұлы да айтыстың көрігін қыздырды.
Тараздың жігіттерінің,
Жұдырығынан қорқады,
Жарты дүние әлемі, – деген Жайықтың жағасынан, Еділдің сағасынан келген Бауыржан ақын Жамбылдың қазақ спортының құт-берекесі тасыған өлкесі екендігін жырға қосып, көрерменнің көңілін көкке көтерді.
«Айтыстың ақтаңгері» атанған Дидар Қамиев (Қарағанды облысы) пен Қажымұқан Абзалов (Түркістан облысы) жұбының айтысы көрермен есінде ұзаққа сақталатыны сөзсіз. Қос ақын сөзді әріден қозғап, тереңнен ой толғады. Қоғамдағы жағымсыз көріністерді сөзбен түйреді. Замандастарының ұлттық болмыстан ажырап бара жатқандығына қынжылды. Қалжыңның көрігін қыздырды.
Сондай-ақ Қостанай облысынан келген Айбек Қалиев пен Ербол Елшат та (Жамбыл облысы) ел жадында сақталардай шырайлы айтыс жасады. Жастығына қарамастан Ербол айтыстың асау арғымағындай болған Айбектің ығында қалмай, ол да өзінше үн қосып, түйткілді мәселелерді төтесінен қойып, қынаптан суырылған қылыштай жарқылдап отырды. Айтыстың көрігін қыздырған екі ақынға қазылар алқасы жоғары баға берді.
Жезде мен қайнының айтысын жасаған Олжас Отар (Нұр-Сұлтан қаласы) мен Мұхтар Ниязовтың (Қызылорда облысы) айтысында ақмешіттік ақынның басымдығы бірден байқалды. Ал жыр бәйгесінің алғашқы айналымын қорытындылаған Медеу Мырзатай (Жамбыл облысы) мен Талғат Мықи (Батыс Қазақстан облысы) бір-бірімен үзеңгі қағыстырып жүрген жүйріктер екендіктерін танытты.
Қазылар алқасының ұйғарымымен ақтық айналымға сегіз ақын жолдама алып, нағыз шаппа-шап айтыстың үлгісін көрсетті. Асхат Қылышбек – Қажымұқан Абзалов, Айбек Қалиев – Дидар Қамиев, Бауыржан Шимерденұлы – Шұғайып Сезімхан, Қанат Мырзахан – Мұхтар Ниязов жұптарының қай-қайсысы болмасын жанартаудай атқылаған жалынды жырларымен жұртшылықтың жүрегіне жол таба білді.
Сегіз сағат бойы зал толы көрермен қыбыр етпей тамашалаған жыр бәйгесінде ақындар бірінен-бірі оза шауып, бастысы, ұлан-ғайыр жері, егеменді елі бар халқымыздың дінін, тілін, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпы мен төл мәдениетін сақтап, берекелі бірлігіне дақ түсірмеу баса дәріптелді. Ұлттық мәселелердің де өзегін таба білді.
Айтысты қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтаев Күреңбай сыншыдай көреген көздерімен ақындардың өнерін сарапқа салып, жанашыр болып отырған көрерменге, айтыстың өтуіне ұйытқы болған облыс басшылығына риясыз алғысын білдірді.
Көптен күткен сәт те жетіп, ақындарды марапаттау да басталды. Сонымен, қара қылды қақ жарып, жүйріктерді жазбай тани білген қазылар алқасының шешімімен үшінші орынға Асхат Қылышбек, Қажымұқан Абзалов, Нұрлан Есенқұлов, Мұхтар Ниязов лайық деп танылып, әр ақынға 300 мың теңге қаржылай сыйлық табыс етілді. Ал екінші орынға Шұғайып Сезімхан, Айбек Қалиев, Бауыржан Шимерденұлы ие болып, жүлдегерлерге 500 мың теңге ұсынылды. Бірінші орынды қанжығалаған Дидар Қамиев 1 миллион теңгені еншіледі. Жан-жақтан жиылған жиырма ақынның ішінен суырылып шығып, алдаспандай жарқыраған Қанат Мырзаханға бас жүлдеге тігілген автокөліктің кілтін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков тапсырды. Осылайша жуалылық жас өрен Жамбыл айтысының жұлдызы жоғарыдан жарқырайтын сәт әлі алда екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР