"Шабыт"

Жыр арқауы – Тәуелсіздік

Written by Aray2005

Тараз «Парасат» колледжінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Тәуелсіздік тізгіні, тізіледі жыр болып!» атты қалалық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру және жас ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздері арқылы тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттау, мемлекеттік тілдің мерейін арттыру мақсатында Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен сайыс патриоттық рухта өрбіді.
Байқау 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңінде жас ақындар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдерін оқыса, екінші айналымда еркін тақырыптағы жырларымен тәнті етті. Мүшәйраға Тараз қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен орта мектептерден 24 үміткер қатысып, бақ сынады.
Жалпы, жас ақындар аз ғана уақыт аралығында әлемдік саясат аренасында атой салған Қазақ елінің асқақ рухы мен өршілдігін жырға қосты. Жиырма жеті жыл ішінде қарыштап дамыған Қазақстанның қалыптасуы, беріктігіміздің бел бастауы тәуелсіздігіміздің қымбаттығы мен осы жолдағы қыршын кеткен Қайраттай боздақтардың қаһармандығы да өршіл жастардың сұңғыла санасынан қара өлең болып, ақ параққа құйылған екен.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ернұр Бейсенов жеңіп алды. Бірінші орын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенті Серік Спанәліге бұйырса, екінші орынды Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің тағы бір студенті Ғалия Абылай қанжығалады. Ал №10 орта мектебінің оқушысы, ең жас қатысушы Аружан Айтбек үшінші орынға қол жеткізді. Жарыс соңында сөз алған қазылар алқасының мүшелері, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ақпараттық-мониторинг секторының меңгерушісі Гүлім Еркебекова мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Айбек Қадырәлі аталмыш шараның жеңімпаздарын құттықтай отырып, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Елдар БОРАНБЕК

ПІКІР