"Шабыт"

Жыр айнасы – Ғайни Әлімбекқызы

Written by Aray2005

Кеше Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызының «Ақша бұлттар арасында арман бар» атты әдеби-сазды шығармашылық кеші өтті.  Университет қабырғасындағы «Жасын» әдеби бірлестігі шығармашыл жастары мен «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен шараға аймақтан шыққан бірқатар ақын-жзуышылар мен оқырман қауым қатысты.

Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері бұқаралық ақпарат құралдары саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан ақын, Байзақ ауданы Жаңасаз ауылында дүниеге келіп, Жамбыл медициналық училищесінің «фельдшерлік», Жамбыл педагогикалық институтының «филология» факультетін тәмамдаған. 2009 жылы «Жылдың үздік радиотілшісі» атанып, 2010 жылы «Қазақстан Ұлттық арнасы» 50 жылда тұңғыш өткізген республикалық журналистер байқауында «Қилы тағдырлар» радиобағдарламасы үшін бас жүлдені иеленді.   Қазіргі таңға дейін ақынның «Қарлығаш», «Жүрегімдесіңдер менің», «Ақша бұлттар арасында арман бар», «Көңілімде боздап тұрды бозінген» атты  жыр кітаптары оқырман жүрегіне жол тапқан.

Көңіліндегі кіршіксіз тазалық пен кең пейілдікті, мейірім мен мәрттікті бүтін болмысына жарата білген ару ақынның Тәңіріне тапсырған соқпақ жолды тағдыры туралы мәліметтерді көрермен жыр тілінде жастардың жатқа оқыған өлеңдерінен қанық болды. Аталмыш шараға жазушы-драматург Елен Әлімжан, ақын Шырын Мамасерікова мен Айша Көпжасарова, облыстық «AQJOL» газеті директор – бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы және оның орынбасары Алпамыс Қазыбаев, аймақтық «Jambyl» телеарнасының  директоры Жасұлан Әбдіманап қатысып, сахна төрінде лебіздерін  білдірді. Бұдан кейін  университет қабырғасындағы бір топ студент жас ақындар  нәзіктікпен, тазалықпен астасып жатқан ақын жүрегінің болмысы жайында қалам тербеп, кеш иесіне жыр шумақтарын жолдады. Сөз арасында көрермен залында отырған қонақтардан ақынға сұрақ қойылып, әрегідік жыр иесінің өлеңдерін оқығандар да табылып жатты. Ал К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері Оңал Азаматова, Ринат Нұрақбаев сынды өңірге белгілі әншілер Ғани Әлімбекқызының сөзіне жазылған «Келерсің өзің», «Аманат» тақылеттес қазақ эстрадасында кеңінен танылып жүрген әндерді шырқады.

Кеш соңында аталмыш білім ордасының ректоры Ержан Әмірбекұлы сөз алып, ақынды бүгінгі әсерлі әдеби кештің өтуімен құттықтай келе «Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің – 50 жылдығы» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ  құрылғанына жарты ғасыр болған оқу орнының тарихы мен тағылымы жазылған кітап пен Ғани Әлімбекқызының суреті салынған тоқыма кілемді тарту етті.

Елдар БОРАНБЕК

ПІКІР