Экономика

«Жыр» болған жолдар жөнделуде

Written by Aray2005

Биыл Тараз қаласында 100 көше жөнделетін болады. Бүгінде бұл жұмыстардың дені басталып та кетті. Бір айта кетерлігі, қыс қайтып, көктемнің шуақты күні жеткенде бұрын жөнделген көшелердің өзі жыл өтпей шұрық тесік болып жатыр. Еріген қар немесе жауған жаңбырдан пайда болған су астында жасырынып жататын әлгі шұқырларға тап болған жүргізушілердің талай мәрте бармақ тістегенін көз көрген.

Бүгінде Тараз қаласы тұрғындарының назарында тұрған құрылыс нысандарының бірі – Абай және Қолбасшы Қойгелді көшелері. Мұнда қазір жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жалпы 2018-2019 жылдары осы Қолбасшы Қойгелді көшесіндегі жылу құбырлары ауыстырылып, сол уақыттан бері қазылған жолға ешқандай жабынды төселмеген еді. Бұған жауапты мердігер компанияның өз міндетіне атүсті қарап, жол төсеніштерін төсемей кеткені себеп. Бүгінде осы көшеге жол жабындысын төсеу сол олқылықтың орнын толтырудан шыққан мәселенің шешімі деп білеміз. Алайда тиісті орындар тарапынан дер кезінде бақылау болмаса, кейінірек бұқараның бармақ шайнап қалуы әбден мүмкін. Осыны ескерген «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері аталған құрылыс нысандарына кезекті мәрте рейд жасап, жағдаймен танысты. Жөндеу жұмыстарының баяу жүруінің себебіне үңілді. «КорпорацияЖилСтрой – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Риналь Абдулиннің айтуынша, жол маусым айында толық жөнделеді.
Абай көшесінде де жөндеу жұмыстары қызу қолға алыныпты. Бұл орталық көшенің жолын жөндеуге жылу құбырларының ауыстырылуы себеп болып отыр. Мердігер компания өкілінің айтуынша, жақын арада көшеге асфальт төселеді. Бұл ретте «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері тиісті тарапқа жол сапасының жіті бақылауда болатындығын ескертуде.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің бас маманы Айбек Әжібаевтың бұған дейін аталған көшелердің жол жабындысын төсейтін мекемелердің жұмыстарына «Жамбыл адалдық алаңы» жобасының «Сапалы жол» жобасы аясында бірнеше рет зерделеу жұмыстары жүргізілгенін айтады. Тараз қаласы тұрғындарының тарапынан түскен арыз-шағымдардың ақпараты тиісті органға жолданып, жұмысты аяқтауда межелі уақыттан кешіккен мердігерлерге айыппұл да салынған екен. Осындай келеңсіздіктер қайта туындамас үшін аталған мердігерлер өз ісіне жауапкершілікпен қараса игі.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР