Мәдениет

Жыр да, нұр да төгілді «Төрткүл» жақта

Екі мың жылдық тағдырлы тарихы бар Тараз шаһары марғасқа ақындардың алтын бесігі екенін тағы да дәлелдеді. Шығыстың ғазиз ақындары ондаған ғасыр бойы жырлап өткен көне шаһардағы «Төрткүл» кешенінде жас ақындардың «Жамбылдың жыр қағаны – 2018» поэтикалық дуэлі ұйымдастырылды.

Тарт қолыңды!
Ақынға тиме, надан!
Ақымақтық — ақынды сыйламаған,
Ақын деген Аққуы адамзаттың,
Адалдықты қайта сен үйрен одан,
Ал, Аққуға оңбайды тиген адам, – деп ақын Серік Томанов жырлаған ақынның жаны – көк пен жердің, сезім мен серттің, қайғы мен бақыттың, махаб­бат пен мұңның, тарих пен болашақтың арасын жалғап тұрған руханияттың алтын көпірі іспетті.
Жалпы, поэтикалық дуэль жобасы Қазақстан Жазушылар одағының мұрындық болуымен Алатау мен ақындардың сырласы Алматы қаласында бастау алып, жыр эстафетасы өндірістің ғана емес, өлеңнің де кеніне айналған Қарағандыға берілген еді. Ал, қарағандылық жас қаламгерлер эстафетаны Тараз шаһарының шайырларына табыстаған болатын. Осылайша, сонау Есенин мен Маяковский бастаған жыр дуэлі Ұлы Дала төрінде, Тараз шаһарында жалғасын тауып, әулиеаталық әдеби жастар қасиетті жұмада қастерлі қара өлеңнің һәм сүбелі сөз құдіретінің күшімен өз жыр қағандарын анықтады. Оған он ақын бес жұп болып қатысып, бақ сынады. Таланттыларды топқа салған дуэльдің талабы бойынша әр үміткер қарсыласымен ортаға шығып, азаматтық лирика, махаббат һәм еркін тақырыпта үш үздік өлеңін оқыды. Шығарманың көркемдік шеберлігіне образды ойына, таланты мен қабілетіне қарай қазылар алқасы лайықты бағасын берді.
Айта кетсек, игі шараның іске асуына басты демеушілік көрсеткен өңірлік өндірістің ғана емес, шығармашыл жастардың да жанашыры, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров. Бұған дейінгі басқа дуэль додаларынан ерекшелігі Әулиеатада өткен шарада төрт арнайы сыйлық тағайындалды. Оның екеуін, атап айтқанда Серік Томанов пен Бауыржан Үсенов атындағы сыйлықтарды Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тағайындаса, Артығали Ыбыраев атындағы сыйлықты жастар саясаты мәселелері басқармасы, ал Өрнек Құлекеев атындағы сыйлықты облыстық кәсіподақтар бірлестігі қаржыландырды.
Ал, Мәңгілік елдің мазмұнды һәм мағыналы әдебиетін қалыптастыру жолында қалам көтеріп жүрген жамбылдық жастардың жыр додасына Алматының жыр қағаны атанған Қазақстан Жазушылар одағының аға әдеби кеңесшісі, Халықаралық «Рух» әдеби байқауының жеңімпазы, XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Әмірхан Балқыбек атындағы арнайы сыйлығының иегері Бекзат Смадияр, шараның жоғары деңгейде өтуіне жетекшілік еткен облыс әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, ақын Нұрболат Сатымқұлов және облыстық «Руханият» орталығының меңгерушісі, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков қазылық етті.
Дуэльді әріптесіміз, облыстық «ARAI» жастар газетінің бөлім редакторы, республикалық Серік Томанов, Жұматай Жақыпбаев атындағы мүшәйралардың бас жүлдегері, XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Төлеужан Ысмайылов атындағы арнайы сыйлығының иегері Нұржан Қадірәлі жүргізді. Бұрын-соңды біздің өңірде болмаған шығармашыл жастарға арналған ерекше шараның шымылдығын мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева мен жастардың жанашыры, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің директоры Мейрамбек Төлепберген құттықтау сөзімен ашып берді.
Бұдан кейін жыр дуэліне арнайы алыстан ат сабылтып келген белгілі ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының төрағасы Бақытжан Алдияр мен одақтың Алматы облыстық филиалының төрағасы, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Әдебиет» аталымы бойынша Гран-При және Президент Кубогының иегері Ерлан Жүніс сөз тізгіндеп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында жамбылдық жырсүйер жастардың насихатталуына ерекше басымдық беріп, тай-құлындай тебіскен талантты өрендерге табыс тіледі.
Мұнан соң әр жұп рет-ретімен ортаға шығып, қарсыласымен жыр дуэліне түсті. Бірінші болып сахнаға Арайлы Жақсылық пен Ернар Әбдіразақ көтерілді. Одан кейін Әлімжан Шөңгербай мен Назерке Оңғар, сонау Қытай Халық Республикасында дүниеге келсе де, атажұртқа ат басын бұрып, жалынды жастық ғұмырын Тараз қаласымен байланыстырған Шапағат Әбдіұлы мен Жұматай Көксубайұлы, Нұрболат Жолдасбек пен Бексұлтан Қоштаев және ең соңында Мөлдір Райымбекова мен Құрбанәлі Шахабай сынға түсті. Бұлардың әрқайсысы да әртүрлі облыстық, республикалық жыр сайыстарының жеңімпазы. Бір сөзбен айтқанда, өздерінің қолтаңбасы қалыптасып қалған жастар. Жыр дуэлінде де өздерінің теңіздей терең ойлары мен табиғи ерекше болмыстарына тән жырларын көпшілікпен бөлісті. Барлығы уысқа түсіп, көзге көрінбейтін сезімнен құралған жалынды жырларын жатқа оқыды. Ешқайсысы мүдірген жоқ.
Дегенмен, қандай сайыс болмасын, сайыпқыран саңлақтардың суырылып алға шығатыны белгілі. Бұл сында қазылар алқасының шешімімен талантты жырларымен топ жарып, талайды тәнті еткен Нұрболат Жолдасбек жыр қағаны атанды.

МАХАББАТ
Нұрболат Жолдасбек
Сіз көркемсіз көктемдей кеше келген,
Һәм көркем есіміңіз.
Сіз ешқашан өшпейтін көшелерде,
күтіппін кешіріңіз.
Сіз – сәулесіз сезімдей түнектегі өр,
Һәм аппақ мүсініңіз.
Сіз ешқашан көрмеген жүрекпенен,
сүйіппін түсініңіз.
Сіз – өлеңсіз, өлімдей өмірге тең,
Һәм нұрсыз қарашықта.
Сіз… сіз барсыз, сосын мен көңілденем,
мұңаям адасып қап.
Сіз – қиялсыз, сіз – пәксіз, сіз ұнайсыз,
қиялда мүсініңіз.
Мен пендемін… жердемін, сіз – Құдайсыз,
…құлайсыз түсініңіз.

Оған ұйымдастырушы тараптан 400 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Ал, артына өлеңмен өрнектеп өлмейтін сөз қалдырған қазақтың талантты ақындары Артығали Ыбыраев, Бауыржан Үсенов, Серік Томанов, Өрнек Құлекеев атындағы сыйлықтарды ізбасар іні-қарындастары Әлімжан Шөңгербай, Шапағат Әбдір, Ернар Әбдіразақ, Арайлы Жақсылық иеленді. Қалған үміткерлерге ынталандыру негізінде ақшалай сыйлықтар табысталды.
«Жыр қағаны» поэтикалық дуэлі ауыспалы болғандықтан, Жамбыл облысынан эстафета Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласына алып кету үшін арнайы келген жас ақын Сүндет Сейітовке табысталды.
Ықылымнан сөз емген халық едік,
Қызыл тілді сан шоққа қарып едік.
Шүкір, ертегі, аңызым әлі тірі,
Құйысқаны өлеңнің әлі берік, – деп Бауыржан Үсенов ақын жырлағандай, таудың биіктігі, құстың қанаты жетпейтін қияға қиялмен самғап, жұмыр ойларын жырға айналдырған жас ақындар көпшіліктің көңілін марқайтты. Кеш соңына таман бұйра бұлттардан бұршақ аралас ақ нөсер жауып, талантты ұландар мен табиғат-ананың тілдескені байқалды. Жауын шелектеп жауса да, көпшілік жас ақындардың жыр желкенін жамылып, кештің соңына дейін өлеңмен сусындады. Бұл әсерді ақын Серік Томановша айтсақ:
Тиын санап жолына, көлеміне,
Қаламақы алмаймын өлеңіме.
Жазғандарым жүрекке жетсе болды,
Басқа маған байлықтың керегі не?
Қош, шынында бұл нағыз рухани жаңғыруға жетелеген рәуішті шара болғандығы даусыз. Ал, жыл соңында Қазақстан Жазушылар одағында республика­лық «Жыр қағаны» поэтикалық дуэлі өтеді. Нұр жауған күні жеңімпаз атанған Нұрболат Жолдасбек әр өңірдің үздіктерімен топқа түсіп, республикалық додада өңір намысын қорғайтын болады.

Айсана НҰРБАП

ПІКІР