Мәдениет

Жырсыз өмір – мен үшін өмір емес!

Ел жадында ақпанның тоғызы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, елінің махаббатын, рухын, алапат сезімін, қайсарлығы мен құдіретін, достығы мен парасатын қасиетті қара өлеңге кестелеген ақиық ақын Мұқағали (Мұхаметқали) Мақатаевтың туған күні болып жатталған. Ел жадында ақпанның тоғызы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, елінің махаббатын, рухын, алапат сезімін, қайсарлығы мен құдіретін, достығы мен парасатын қасиетті қара өлеңге кестелеген ақиық ақын Мұқағали (Мұхаметқали) Мақатаевтың туған күні болып жатталған.  

Өмірге өлең боп келіп, халық, Отан, тіл, дәстүр шығармашылығының шынарына айналған ақиық ақын тірі болса биыл 87 жасқа толар еді.
Күні бүгінге дейін ақынның туған күні жөнінде бізге жеткен екі түрлі ақпарат бар. Алғашқы дерек бойынша ақынның туған күні ақпанның тоғызында тойланады. Ал, екіншісінде ақынның анасы Нағиман апа «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі, балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз» деген екен. Қалай дегенмен де табиғаттың тылсым жұмбағындай поэзия перісі халқының құшағында, өз Отанында дүниеге келіп, қазақ елін қайталанбас мәңгілік музаның шыңына жеткізіп кеткені нақты ақиқат. Азан шақырып қойған аты Мұхаметқали болғанмен, халқының мұзбалақ Мұқағалиы қасиетті елдің санасынан қас қағым сәтке де ұмытылған емес. Абайдың сөзімен айтқанда «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!».

Бір сәттік сәуледей ағып өткен ғазал ғұмырында ақиқаттың ауылын іздеп шарқ ұрған шыншыл ақынның халқындай қарапайым, табиғаттай тылсым, сәбидей пәк, махаббаттың өзіндей мөлдір туындылары егемен еліміздің еркін аспаны, асқақ һәм азат даласы мен асқар тауларында қырандай қалықтап, рухани керуеніміздің көш басында келеді. Ақын шығармашылығы – қазақ поэзиясының қазынасы. Бүгінде әдебиеттің ауылында шыр етіп дүниеге келген әр перзенттің тілі Мұқағалидың жан дүниесімен үндесуде. Халықтың жүрегін жаулаған жанартау ақынның бұл да бір құдіретінің қыры ғана.
Жастар шығармашылығы ақынның поэзиясымен сырласа сабақтасып жатса, көп жағдайда олар Мұқағали жырларын өз туындыларына эпиграф ретінде қолдануды әдеби әдетке айналдырған. Себебі, «Болашағым, сен тұрсаң мен өлмеспін» деп өзі айтқандай, Мұқағали жырларының басты оқырманы, ол – болашақ. Қашанда солай еді, солай бола береді де.

Табиғат, жанымды алсаң, алшы менің,
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса, қайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім, қалсын елім! – деп жырлаған Мұқағали Мақатаев қазақтың поэзия әлеміне шетсіз-шексіз кеңістік пен көз жетпейтін биіктік әкелген, кәусар қуат пен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағыныш сыйлаған сұрапыл сезім иесі.
Мұқағали Сүлейменұлы өз заманында лайық бағасын ала алмаса да, өзінен кейінгілер үшін мәртебесі әрдайым биік.

Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден, – деп жырлап өткен ақынның жыл керуені алға жылжыған сайын артында қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздардың қараңғы түн қойнауынан сәулесін шашқандай жарқырай түсуде.
Отаным – достықтың Отаны!
Мен саған ерікті мүшемін.
…Ей, қазақ,
Аттан түс, қонақта!
Жақының, жат емес басқа бұл.
Қасиетті жерімде, елімде,
Халықтар мәңгілік дос-бауыр, – деп еңселі елдігіміздің, ғұмырлы мемлекетіміздің алтын діңгегі болған ұлттар арасындағы ұлы достықты жырға қосса, «Өзгереді» өлеңінде болашақты:
Шөлдер, құмдар өзгерсе бақша болып,
Жұлдыздарға адамдар жатса қонып.
Адыра қап айла, күш, тұрар сонда,
Ақыл менен парасат патша болып, – деп суреттейді. «Мықты болсаң ақын боп жаралып көр, Қолқасынан гүлдердің нәр алып бер» немесе «Жырым менің – өзімнің асау жаным» деп өзі айтқандай, ақындық алапат амбиция иесі өзінің әрбір жырында туған жердің тұғырына арқа сүйейді.
Мәселен:
Тауға шығып ентігіп,
Етегіңді жел түріп.
Енжарлықты өлтіріп,
Тұрсаң-ау бір желпініп!
Қарағайлар қапталда,
Қыран ұшып шатқалда.
Сәби – өзен шырылдап,
Жер тепкілеп жатқанда.
Пай, пай, шіркін, не жетсін,
Сол бір сұлу шақтарға!
Омырауыңды ағытып,
Аунай кетсең мақпалға,
Одан артық бақ бар ма?! – деп перзент жүрегінде булыққан ыстық ықылас пен сұрапыл сезімді әсерлі әспеттейді. Ақынның жырынан сең бұзар сезімді де, парасатты пәлсапаны да, психологияны да, келелі кеңесті де кезіктіруге болады. Себебі, оның жанартау жырларының өзегі шынайы өмірден нәр алып, жан-жақтылыққа негізделгені ақиқат.
Соқ, соқ жүрек!
Соқ, жүрек, қозғал, миым,
Ми қозғалмай, ойды да қозғау қиын.
Жырсыз өмір – мен үшін өмір емес,
Жырсыз өмір – мен үшін тозған бұйым, – деп, өз автопортретін өлеңмен бедерлеген мұзбалақ:
Зәр ұсынған кісіге нан ұсынған,
Алысудан аулақпын, табысудан.
Ей, қазақтың баласы, есіңде ұста,
Өлсем, өлем, сірә, мен намысымнан! – деп серт етеді. Оның себебін де 1976 жылы жазған «Жарайсыңдар, жігіттер» жырында:
Тек өлмейік намысты қолдан беріп,
Қолдасайық, жасайық қорған берік.
Ата қазақ анасы деседі ғой,
Арыстанның өтіне болған жерік, – деп түсіндіреді.

Қалай айтсақ та мәңгілікке маздаған марғасқа ақын Мұқағали ұлттық рухтың текті перзенті, поэзиядағы патриоттық пен нәзіктіктің қайнар бұлағы. Оған дархан далада көсіле тасыған дария жырлары дәлел. Сондықтан да, Ұлы Дала ұрпағы оны «нұр жауып тұрған көктемде де», «күз келген күрең шақтарда да», «ақ қырау тұрған ақпанда да» еске алатыны сөзсіз.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР