"Сырғалым"

Жыртық киім түбі болар тыйым

Дана қазақта «Ағаш көркі-жапырақ, адам көркі-шүберек» деген аталы сөз бар. Расында да, келісті киімнің көрікке көрік қосатындығы сөзсіз. Алайда, кейінгі кездері жыртық шалбарлардың сәнге айналғаны қанша жерден сыналғанымен, оған көз де, етіміз де үйрене бастағандай. Бүгінде тіпті тілім-тілімі шыққан, түсі оңған шалбармен өтіп бара жатқан адамды көрсек, бұрынғыдай таңғалмайтын болдық. Ал, соңғы кезде жыртық шалбарға арналған жыртық жейделердің пайда болуы еріксіз ойға қалдырады.

Қаны таза қазақы қылықты қыз,
Желігіп жел тигендей былықтыңыз.
Түзу жігіт қарамас жыртылғанға,
Неге соны, қарындас, ұмыттыңыз? – деген өлең жолдарында айтылған алба-жұлба киімдер қайдан шықты?

Ғаламторды ақтара отырып, бірқатар ақпараттарға қанықтық. Жалпы, жыртық шалбардың шығу тарихы жайлы мәліметтер әртүрлі. Мәселен, бірінде әбден тозығы жеткен шалбар киген бір кезбе қыстың өте суық күнінде қымбат дүкендердің біріне кіріaп жылынбақшы болады. Оны қандай брэнд ойлап табарын білмей жүрген атақты дизайнер байқап қалып, ойға батады. Сөйте келе ол шалбарды жыртып кию әдемі көрінеді екен деген идеяға тоқталып, аталған киім үлгісін сәнге шығарған екен.

Алғашқы жыртық шалбарды алтын қазушылар, теңізшілер, шахтерлер киген деген де дерек бар. Қалай дейсіз ғой? Шетелде бұрынырақта қарапайым жұмысшылар үшін джинсы маталы киімдер кию ыңғайлы болған. Әрі олар бір киімді тоз-тозы шыққанша тастамайды екен. Содан келе-келе сәнге айналыпты-мыс. Одан кейін жыртық шалбарлар 1960 жылдардың аяғы мен 1970 жылдардың басында пайда болған панктардың киім қорына қосылыпты. Ал, оны алғаш сахнаға киіп шыққан да осы панк-рокерлер. Қарап отырсаңыз, ит талағандай алба-жұлбасы шыққан бұл киімдердің шығу тарихы да жетісіп тұрған жоқ.

Әрине, қандай киім сәнге айналса, оған деген сұраныстың да арта түсетіндігі даусыз. Мәселен, қазір сауда орындарына бара қалсаңыз, сөрелерде жыртық шалбарлардың түр-түрін кездестіре аласыз. Олардың бағасы да қалтаңызға ауырлық түсірмейді. «Рванка» атаулы жыртылған киімдерді 3500-8500 теңге аралығында табуға болады. «Ауыл-Береке» базарында көршілес Қырғыз Республикасынан тауар тасып, саудалап жүрген Қараша Есқалиева есімді саудагер мұндай киімдердің жақсы өтетінін айтады.
– Мен өзім біраз жылдан бері қыз-келіншектердің шалбарларын сатумен айналысамын. Жыл сайын сән үлгілері өзгеріп тұрады ғой. Мәселен, өткен жылдардан бері жыртық шалбарларға сұраныс артып отыр. Сондықтан, мұндай тауарларды көптеп сатамын. Кейде жас қыздар жыртық шалбарға жармасып жатса, ата-аналары қарсы болады. Бірақ, соңында бәрібір балаларының айтқанына көніп, ақшасын төлейді, – дейді сатушы.

Ал, көп балалы ана Жамал Сәдубаева мұндай киім үлгісін таңдау азып-тозудың белгісі деп есептейді. «Киімнің негізгі міндеті адамның дене мүшесін қымтау емес пе? Өкінішке қарай, бүгінгі сәнқойларға қарап қарның ашады. Алба-жұлбасы шыққан киім киюді ар санамайтын болдық. Бұл үрдіс ұрпақтарымыздың батысқа еліктеп, ұсақталып бара жатқандығын аңғартады. Сондықтан да, тәрбие жұмыстарын жүргізіп, тоқтау салуымыз керек», – дейді Жамал апа.

Жалпы, киім таңдап киюдің де өз мәдениеті бар. Осыған байланысты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с): «Кім бір қауымға ұқсаса (еліктесе) ол – солардан» дейді. Яғни, әрбір адам ұлтының мәдениетіне жақын, өзіне жарасымды киіне білгені дұрыс.

Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР