"Тарих. Таным. Тағылым."

«Жырым бар жараланған жаныңды емдер»

Written by Aray2005

«Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас» деп Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев жырлағандай, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Болашақтың баяны үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың есімі де елге елеулі. Керісінше Отан үшін кеудесін оққа тосып, жанын пида еткен батырлардың, ортамызда жүрген ерлеріміздің ерлігін ұлықтап, сол арқылы өскелең ұрпаққа бейбітшіліктің қадірін ұқтырып, ұлтжанды азамат тәрбиелеу – баршамыздың азаматтық борышымыз.

Ер қадірін назардан тасалаудан,
Қай ел опа тауыпты?
Ия, ерлікті жасамаудан,
Бағаламау әлдеқайда қауіпті, –
деп Мұхтар Шаханов жырлағандай
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлдың батыр досы Әзімбек Жанқұлиев жайлы естелігін көппен бөлісуді жөн көрдім. Белгілі айтыскер ақын, Ауған соғысының ардагері Әзімбектің мұрасын жинақтап жүргенімде көп көмегін тигізген азаматтың бірі де осы Бақытбек Смағұл.
…1985 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журна­листи­ка факультетіне сырттай оқуға түсіп, айтыста аты шығып жүрген Әзімбек пен Бақытбек қатар жүріпті.
2007 жылы Алматыға жолым түсіп, Бақытбекке жолыққаным бар. Әзімбекпен қатар жүрген үзеңгілес досы болғандықтан, ол туралы көп білетін шығар деген оймен Бақытбекті үйге шақырдым. Қасында ақын Маралтай Райымбек бар. Екеуі үйде қонақ болып, өткен-кеткенді әңгіме еттік. Кейін Бақытбекке телефон арқылы хабарласып: «Сіңірген еңбегіне қарай, Байзақ ауданының орталығынан Әзімбекке көше сұрап жүргенім бар еді» деп едім, «Алтеке, маған келіңіз, генерал Бақытжан Ертаев және өзімнің атымнан облыс, аудан әкімдеріне қатынас қағаздарын түсіртейік», – деп қоштай кетті. Көп ұзамай қатынас қағазы дайын болып, түпнұсқасын облыс, аудан әкімдеріне апарып тапсырдым. Заң бойынша қайтыс болғанына бес жыл, не он жыл толуы керек екен. Кейіннен ауданның тізгінін әдебиетке жақын, өнерге жанашыр азамат Батырбек Құлекеев ұстады. Сол 2010 жылы Әзімбекке арналған облыстық ақындар айтысы өткізіліп, көше де берілді.
Бақытбек шақырған соң бір күні кіші ұлым Саттарды ертіп, үйіне арнайы бардық. Амандық-саулық сұрасып, талай әңгіменің басын қайырған соң «Әзімбектей Ауған соғысын, ондағы қайтпай қалған бауырларды үлкен сахнада ешкім жырлаған жоқ», – деп әдеміше келген бес жұлдызды медальді алып, «Өзі аз ғана данамен шығарылды. Қымбат металдан жасалған. Бұл медаль Ауған соғысының ардагерлері мен еліне еңбегі сіңген қоғам қайраткерлеріне арналған. Медальдің біріншісі Елбасына берілді. Әзімбекке де беріп отырмыз. Көзіңіздей сақтаңыз» деп «Әзімбек Жанқұлиевке» деген жазуы бар куәлікті ұсынды. Үйінің бір бөлмесін арнайы кабинет етіп жасақтапты. Оның бір қабырғасын толықтай кітаптар мен алғыс хаттар алып жатыр. Ұлым Саттар сөрелердегі кітаптарды тамашалап жүрген. Батыр өзінің «Ауғанның от жалыны» деген кітабын қолына алып, ұлым Саттарды қасына шақырып, алғашқы бетіне:
«Айналайын Саттар!
Өмір жолы қатпар.
Еңбек етсең, ел үшін,
Жақсы деген ат бар.
Отан деп соқсын жүрегің,
Ержігіт арын сатпар!
Бағаласаң бақытты,
Басыңа қонар бақ бар.
Адалдық, иман бар болса,
Бір Алла өзі сақтар! – деп өлең жазып қолтаңба қалдырды. Сөйтіп, «Алтеке, үйден құр шықпаңыз» деп, арнайы үстелдің үстінде тұрған үш қылышты ұсынып тұрып, «Үш ұлыңыз бар екен, ұлдарыңыз осы қылыштай өткір болсын!» деген тілек айтты.
Сәл өткенге шегінсек, 2007 жылы Әзімбектің сыныптас әрі ауылдас досы Досжан Әміров және оның кәсіпкер бауырлары өздері оқыған мектепте Әзімбекті еске алу мақсатында жас ақындардың жыр мүшайрасын, аудандық ақындар айтысын өткізді. 1972 жылы салынған мектеп осы кезге дейін Чапаев атында болып келіп еді. 2012 жылдан бастап атының өзгертілуі туралы пікірлер айтыла бастаған. Ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы Мұхаммеджан Садықұлов, ауыл тұрғыны Аманғазы Халықов, мектеп директоры Елемес Есімов және ұжымның өтініш хаттары облыстық, республикалық газеттерде жарияланды. Алайда, мораторий жарияланып, іс тоқтап қалды. Тағы да күтуге тура келді.
2017 жылы ақпан айында мектептерге белгілі бір тұлғаларға ғана есімдері берілетіндігі жөнінде Үкіметтің қаулысы шықты. Қайтадан құжаттар даярланып, облыстық ономастикалық комиссияға өткізілді. Мәслихатта қаралды. Астанаға жіберілген тізімде Әзімбек жөнінде мағұлматтар аз болғандықтан қалып қойған. Сол кездегі Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаеваға кіріп, барлық жағдайды түсіндіргеннен кейін жетіспейтін құжаттары даярланып, республикаға жөнелтілді.
Жамбыл облысының білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 28 сәуірдегі №236 қаулысына сәйкес, «Байзақ ауданы әкімдігінің білім бөлімінің Чапаев атындағы орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталсын» деген Байзақ ауданының әкімі Р.Рахманбердиевтің қол қойған бұйрығы шықты.
Сонымен 2017 жылы 2 қыркүйекте, жаңа оқу жылы қарсаңында Чапаев атындағы мектеп Әзімбек Жанқұлиев атындағы мектеп болып салтанатты түрде ашылды.
«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген ғой халқымыз. Әзімбек бауырымның өмірден өткеніне де 16 жыл толды. Қыркүйекте дүниеге келіп, дәл сол қыркүйекте дәм-тұзы таусылған азамат жөніндегі естелік кітаптың жарыққа шығуына тілекші болып, қол ұшын созған аға-бауырлардың барлығына алғыстан басқа айтарым жоқ.
Ұзатылған жылдың қыркүйек айында Әзімбектің өмірден өткеніне 15 жыл толуына байланысты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагерлері қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлға хабарласып, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке еске алу кешін өткізу жөнінде хат түсірілген еді. Ұсынысымыз облыс әкімінен қолдау тауып, «Өнердің аққан жұлдызы» деген атпен еске алу кеші ұйымдастырылды. Тараз қаласындағы Қарахан мешітінде ас беріліп, Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде ақындар айтысы өтті. Әзімбек жөнінде естеліктер айтылып, өлеңдер оқылды.
«Оқпен бірге дұшпанға
атылды өлең»
немесе
Жауған оқтың менікі екен қайсысы,
Айқыш-ұйқыш жарқ-жұрқ еткен алдымнан.
Әрбір оқта ата-анаңның қайғысы,
Тілеп жүрген тілеуіңді тағдырдан, – деп батырлық пен ақындықты табиғатына терең әрі ұтқыр ұштастырып, ұшқындап өткен Әзімбектің мәңгілік өмірі мәуелі мәнге ие болғандай.
Осы орайда сөзімнің соңын Бақытбек Смағұлдың «Ауған соғысы» атты жалынды жырымен түйіндегенді жөн көрдім.
Армысыңдар, ауғандық жауынгерлер?
Жырым бар жараланған жаныңды емдер.
Өлгендердің жәннатта болсын жаны,
Тірілерің мың жаса, дәуірлеңдер.

Армысың, қаны қазақ қаһармандар,
Одақтың солдаты боп атанғандар.
Кеңестің өкіметі кездерінде,
Досы мен жауы бір боп маталғандар.

Советтің саясаты өз алдына,
Ау, жұртым, бөлек сөзге апармаңдар.
Бұйрықтың бұлжығанын сатқын деген,
Ол кезде КСРО-да қатал заң бар.

Мұсылманның жерінде амалсыздан,
От кешті ерің солдат қып апарғаннан.
Он сегіздегі сарбаздар сол кездегі,
Бүгін таяп елуге сақалданған.

Содан бері 30 жыл да өтті.
Жас сарбазға егделік тақалды алдан.
Өмірге тәлім берер ардагерге,
Көзді жұмып жөн болмас мақауланған.

Қолға тірі түспес үшін соңғы оқпен,
Солдатқа өзін-өзі атар заң бар.
Жанын қиып опат боп кеткендер бар,
Тірісі үміт күткен атар таңнан.

Кейбірі аяқ- қолсыз боп оралды,
Соғыстың зардабынан қаһарланған.
Арысынан айырылып арамызда,
Көзіне көлдей қылып жас алған бар.

Тағы да айта кетер азаматың,
Генерал Ертаевтай атаңдар бар.
Өмірден кешегі өткен Әзімбек те,
Артынан отты өлеңмен мақам қалған.

Соншалық құрметке де бөленген жоқ,
Арман боп киілмеген шапан қалған.
Тірісін жарылқасаң жаман емес,
Өлгені мәңгі тасқа қашалғандар.

Алтынбек ЖАНҚҰЛИЕВ,
Алматы қаласы

ПІКІР