Sport

Зілтеміршілер білгенінен жаңылуда

Баршаға белгілі, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының атқарушы комитеті Қазақстан ауыр атлетика федерациясын бір жылға дейін жарыстардан шеттеткен болатын. Осылайша допинг дауына іліккен зілтеміршілеріміз АҚШ-та өткен Әлем чемпионаты мен өзге де халықаралық турнирлерге қатыса алған жоқ. Ал, үстіміздегі жылдың 19 қазанында Қазақстан ауыр атлетика федерациясының жаза мерзімі аяқталды. Бір жылға созылған үзілістен кейін қазақстандық спортшылар Түркменстан елінің астанасы Ашхабатта ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында бақ сынауда. Дегенмен, отандастарымыздың көрсеткіші әзірге көңіл көншітпей тұр.

Төрткүл дүниенің кіл мықтылары жиналған байрақты бәсекеде қоржынымызға алғашқы медальді 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Арли Чонтей алды. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 258 келі салмақты көтеріп, күміспен күптелді. Бұл салмақ дәрежесінде бақ сынаған Зульфия Чиншанло жүлдеге іліге алмады. Жұлқа және серпе көтеру сындарында 213 келілік нәтиже көрсеткен ол бесінші орынды қанағат тұтты. 59 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Сәуле Сәдуақасоваға да сәттілік серік болмады. Ол бар болғаны он бірінші сатыдан көрінді. Жанкүйерлер жүлде алады деп сенім артқан Олимпиада ойындарының чемпионы Нижат Рахимов сегізінші орынға бірақ сырғыды. Ал, 64 келі салмақ дәрежесіндегі Карина Горичева В тобында сынға түсіп, жұлқа көтеруде қола жүлдеге қол жеткізді. Ол бәсеке барысында 107 келіні бағындырды.
Сондай-ақ, тағы бір үкілеген үмітіміз Надежда Лихачева күміс медальға қол жеткізді. 71 келі салмақ дәрежесінің А тобында бақ сынаған отандасымыз жұлқа көтеруде 112 келіні бағындырды. Надежда 115 келі көтерген Қытай спортшысына ғана есе жіберді. Ал, үздік үштікті мысырлық ауыр атлет түйіндеді. Оның нәтижесі 111 келі. Алайда, Надежда серпе көтеру жаттығуын сәтсіз бастады. Алғашқы мүмкіндігінде 130 келіге тапсырыс берген ол мүлт кетті. Сөйтіп, бұл салмақты екінші мүмкіндігінде ғана бағындыра алды. Бірақ, үшінші мүмкіндігінде 136 келіге әлі жетпеді. Қос жаттығудың қорытындысы бойынша Лихачева 242 келіні бағындырды. Бұл нәтиже оған Әлем чемпионатының қола жүлдегері атануға мүмкіндік берді. Бас жүлдені 267 келі (әлемдік рекорд) көтерген Қытай спортшысы, күміс медальді Египет спортшысы (252) жеңіп алды.
Чемпионаттың 10 қарашаға дейін жалғасатынын ескерсек, атлеттеріміздің жеңіске жететіндігіне сенім әлі де мол.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР