Зорлық-зомбылықтың зардабын тартқан әйелдер

0 8

Отбасы сыйластықтан тұрады. Әйелдер қауымы қашанда жұбайының қолдауына мұқтаж болса, ер азаматтың міндеті – жарын қадірлеп, аялау. Бірақ бүгінгі таңда елімізде ғана емес дүниежүзінде нәзікжандылардың құқығын таптап, зорлық-зомбылық көрсету фактісінің өсуі өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Яғни зорлық-зомбылыққа ұшырайтындардың басым бөлігі жақындарынан, әсіресе жарынан теперіш көретін әйелдер екен. Әйел қанша қырық шырақты болғанымен, зорлыққа төзіп, қызғалдақ ғұмырын құрбан етпеуі керек. Осыған орай елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу мақсатында 2009 жылдың 4 желтоқсанында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қабылданған болатын.

2016 жылдан бастап Бас прокуратураның ұсынысымен «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы жүзеге асып, республикамыздың барлық аймақтарында түрлі жұмыстар атқарылды. Сонымен бірге 1999 жылдың 19 ақпанында полиция органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері құрылды. Оның негізгі міндеті – әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, әйелдерге қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, қылмыстық қолсұғушылықтарды болдырмау, олардың жолын кесу. Бірақ қабылданған заңның күшіне енгеніне 10 жылдан асса да, әйелдерді қорғау бөлімшелері ашылса да жапа шеккен нәзікжандылар саны азаймай тұр.
Облыстық полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Ақмарал Жанисова бүгінгі таңда бұл мәселенің қоғамы­мыз­да өзекті болып отырғанын айтады.
– Мен 25 жыл полиция органында қызметте жүрмін, оның ішінде 18 жыл бойы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесін басқарып келемін. Жұмыс барысында күнделікті тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған көптеген әйелдің проблемаларымен бетпе-бет келемін. Егер біз бұл туралы ойлансақ, жәбірленуші әйел – бұл біреудің анасы, қызы, қарындасы. Бірақ ең сүйекке өтетіні, отбасындағы зорлық-зомбылық жасайтын агрессордың әрекеті үйдегі балаларға моральдық, психологиялық тұрғыдан да өте ауыр тиеді. 102 шұғыл желісіне түсетін қоңыраулардың басым бөлігі балалар үйде жүрген уақытта, яғни кешкі және түнгі уақытта болады. Қазіргі таңда карантин жағдайында балалар тәулік бойы үйде болып, отбасылық жанжалдардың еріксіз куәгерлеріне айналуда. Бұл балалардың психологиялық жарақаттары болашақта неге апарып соғатынын елестету қиын емес, – дейді А.Женисова.
Маманның айтуынша, зорлық-зомбылықтың көбеюі қазақы менталитетке де байланысты екен.
– Әйел заты қарапайым ғой. Қазақ әйелі ерінің беделін бәрінен биік қояды. Қазақтың әйелдері ұратын күйеуінің ел алдындағы абыройына нұқсан келтірмеу, туыстарының алдында жолдасының беделін түсірмес үшін көрген қорлығы туралы ашып айтпайды. Әсіресе ауылдық жерде тұратын әйелдер көбіне жасырын ұстап, тіс жармай жүреді. Себебі 102 номеріне шағымданса, арнайы форма киген полиция қызметкерлері көлігімен келіп, ақпарат үшін көршілерінен сұрақ алады. Одан қалса үйіне келіп, отбасы мүшелерімен жолығады. Мұның бәрі қарапайым әйелдер үшін ұят болып есептеледі. Ертең татуласа қалса көрші-қолаңға күлкі болып қаламын, отбасының басқа мүшелеріне жексұрын болып қаламын деп уайымдап, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып жатады, – дейді ол.
Жалпы облыс бойынша әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың көрсеткіші артқан. Мәселен өткен жылы 700-ге жуық тұлға әкімшілік тәртіпке тартылып, оның 200-і соттың шешімімен әкімшілік қамаққа алынған. Әсіресе облыс орталығы Тараз қаласында және аудандар арасынан Қордайда әйелдерге күш көрсету оқиғасы көбейген. Көмекке жүгінетін әйелдердің көбеюіне насихаттық жұмыстардың жолға қойылып, ақпаратқа қолжетімділіктің және әйелдердің құқықтық сауатының арта бастағандығы ықпал етіп отыр екен.
– Тараз қаласы бойынша осы жылы облыс орталығында орналасқан дағдарыс орталығында қиын жағдайға тап болған 7 әйел 20 баласымен қажетті көмек алды. Дағдарыс орталығына басым көпшілігінде күйеуі ұрып-соққан, психикалық, экономикалық, сексуалдық зорлық-зомбылық көрген әйелдер орналастырылады. Жалпы сараптама көрсеткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа негізінен 25 пен 40 жас аралы­ғын­дағы әйелдер ұшырайды, –
дейді Тараз қалалық полиция басқар­масының Жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Анар Мусаева.

Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.