Зубаржат әкім халықты неге зар илетеді?

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында Мыңарал ауылдық округінде болып, ақсақалдар және жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады.

Кездесу барысында ауыл тұрғыны Гүлзағира Ешмағамбетова ауыл әкімі Зубаржат Қамиеваның жұмысын сынға алып, шенеуніктің сөзі мен ісі арасында алшақтық көп екенін ашына жеткізді.
Оның айтуынша, тұрғындар әкімнің өз орнын босағанын қалайды. Өйткені ол мәселені шешпек түгілі, ауылдастарының сөзіне құлақ асқысы да келмейді екен. Ауыл тұрғыны Гүлдария Ақбасованың сөзіне сенсек, ауыл әкімі азаматтар арасындағы алауыздыққа ықпал ететін көрінеді.
– Соңғы кездері әкімімізбен арамыздағы қарым-қатынастарда көптеген келіспеушіліктер туындап жүр. Оның жалғыз мақсаты ауыл әкімінің орнынан айырылмау болып отыр. Ауылдық мәдениет үйі ұзақ уақыттан бері жұмыс істемейді. Алайда әкімнің туыстары сол жерден жалақы алады. Бұл аз десеңіз, ол ауыл тұрғындарының жартысын қорқытып ұстап отыр. Бірақ шыдамының да шегі бар, біз енді барлық жаққа баруға дайынбыз, – дейді тұрғын.
Мыңарал ауылдық округі жанындағы Мыңарал стансасының тұрғыны Нағима Ақжолова соңғы 35 жылда ауылда ешқандай өзгеріс болмағанын алға тартады. Оның айтуынша, әкім өзекті мәселелерді шешуде ешқандай бастама көтермейді екен.
– Ол мектеп дәретханасын ғимарат ішіне орналастыру бойынша ешқандай жұмыс жүргізбеді. Зубаржат Қамиеваның әкесі 20 жыл бойы ауылдық округті басқарды. Енді қызы жеті жылдан бері әкім болып отыр, – дейді тұрғын.
Ал Ерлан Байжомартов шенеуніктің және Мыңарал ауылындағы қоғамдық кеңес төрағасының заңсыз әрекеттеріне наразы.
– Ауыл тұрғындары бірнеше рет әкімнің есеп беру кездесулерінде қанағаттанарлықсыз деген баға берді. Зубаржат Талғатқызы қаншалықты заң аясында жұмыс істеп отырғандығын тексерулеріңізді сұранамыз. Ауылда наразылық басталса болды, әкім кезекті демалысына немесе декретке шығып кетеді, – дейді Ерлан Байжомартов.
Жергілікті шенеуніктердің іс-әрекетін мұқият қадағалап отыратын ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базарбай Бөкенов ауыл әкімінің басқару қабілетінің төмендігін және өз жауапкершілігін сезіне алмайтынын жасырмады.
Тұрғындарды толғандырған барлық мәселелерді мұқият тыңдаған облыс басшысы жақын арада ауыл әкіміне қатысты мәселе өз шешімін табатынын айтты.
– Әкімнің креслосы мұрагерлікке берілмейді. 7 жыл ауылды абаттандыру, тұрғындарға тиісті жағдай жасау үшін жеткілікті мерзім. 2013 жылдан бастап әкім тек төрт ескі электр бағанасын ауыстырды. Сонда ауылдағы 96 бағанды ауыстыру үшін қанша уақыт қажет? Зубаржат Талғатқызы, сіз Президентке шағым жаздыңыз. Алайда сіздің барлық әрекеттеріңіз заңға қайшы. Мұнда барлық шағымдарды тексеретін арнайы комиссия жібереміз. Егер заңсыз әрекеттер расталса, шенеунік заң аясында жауапкершілікке тартылады. Біз шағын ауыл тұрғындарының бір-бірімен араздасуына жол бермейміз, – деді аймақ басшысы.
Кездесуді қорытындылай келе облыс әкімі ауыл тұрғындары көтерген мәселелердің барлығы мемлекеттік бағдарламалар аясында шешілетіндігін тілге тиек етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.